Сұхбат • 19 Қыркүйек, 2023

Жақып АСАНОВ: Өнім мен өндіріске де заңдық қолдау мен бақылау қажет

296 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауы негізінен экономиканы өркендетуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналды. Соның ішінде, ауыл шаруашылығын дамыту жолында шикізатты өңдеп сату міндетін алға қойып: «Біздің стратегиялық мақсатымыз – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет», деді. Бұл тапсырманы орындау үшін елімізде қандай мүмкіндіктер бар, қандай өзекті мәселелер алдымызда тұр? Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында осы мәселеге кеңінен тоқталды.

Жақып АСАНОВ: Өнім мен өндіріске де заңдық қолдау мен бақылау қажет

–  Жақып Қажманұлы, Мемлекет басшысы Жолдауда ел экономикасының дамуы, халықтың әл-ауқатын көтеруге қатысты маңызды ұсыныстар айтып, нақты тапсырмаларды белгілеп берді. Соның бірі – ауыл шаруашылығы өнім­дерін терең өңдеуге басымдық  беру қажеттігі туралы бастама. Елі­міз­де бұл саланың әлеуеті қандай?

– Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу расында да аса маңызды, тіп­ті біз үшін стратегиялық бағыт дер едім. Неге? Біріншіден, ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өңдеу – ең алдымен, елімізді асырайтын сала. Күнделікті жеп отырған тамағымыз бен тұтынатын тауарымыз. Ол – халқымыздың саламат-саулығы, өмір сапасы. Тек азық-түлік емес, жалпы ұлтымыздың қауіп­сіздігі. Екіншіден, бұл сала – өңір­лер­ді дамытатын негізгі қозғаушы күш. Хал­қы­мыздың 40 пайызы ауылдық жер­де тұрады. Әр үшінші отандасымыз ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Егер қолда бар осы әлеуетімізді дұрыс және ұтымды пайдалансақ, біз бұл сала­ның жаңа қырларын аша түсеміз. Ол үшін елі­міз­де қажетті барлық ресурс жет­кі­лік­ті.

– Өнімдерді қайта өңдеу бүкіл ауыл шаруа­шылығы саласы үшін драйвер бола алады деген пікір бар. Сіз қалай ой­лайсыз?

– Жақында іссапармен Израильде бол­дық. Халық саны бізден екі есе, аума­ғы – 122 есе аз. Біздің бір орташа аудан­дай ғана. Бар болғаны 22 мың шар­шы ша­қы­рым. Ақмола облысын­да­ғы Ерейментау ауданымен бірдей. Жері негізінен құмды, шөл дала. Құнарсыз. Оның үстіне соғыс жағдайында өмір сү­ріп жатыр. Соған қарамастан, тек өзін емес, біраз елді ауыл шаруашылығы өнім­де­рімен қамтамасыз етіп отыр. Диқан­дар жаңа технологияларды пайдаланып, егіс­те­рін тамшылатып суарады. Сөй­тіп, мол өнім алады. Соның арқасында кішкентай ғана мемлекет бүкіл дүние жүзіне жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін сатып келеді. Бізге үлгі болатын мұндай елдер аз емес. Біз де азық-түлікті сырттан тасымай, өз-өзі­­міз қамтамасыз етуге әлеуетімізді то­лық пай­далануымыз керек.

Ішкі нарықты қамтуға да, экспортты арттыруға да отандық өндірушілердің шамасы жеткілікті. Ол үшін аграрлық сек­тордың алға жылжуына барынша жағдай жасауға міндеттіміз. Тер төгіп, жұр­тымызды етпен, сүтпен қамтамасыз етіп жүрген фермерлер үшін мемлекеттік қол­даудың түрлері үнемі дамып отыруы керек. Бұл қадамдардың бәрін ауыл еңбек­керлерімен талқылап, солардың ұсыныс-пікірлерін ескерген дұрыс. Қай­та өңдеу өндірісін дамытып, импортты өзі­міз­дің өнімдермен ауыстырудың маңызы өте зор.

Мемлекет басшысы «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарық­тар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы» деген болатын. Көрші­лес елдер тарапынан біздің өнімдерге сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Осы сұра­ныс­ты сауатты пайдалана біл­сек, ұтарымыз көп.

– Өңдеу саласын дамыту үшін ке­дер­гі болып тұрған негізгі мәселелер қан­дай?

– Ашығын айту керек, елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесі төмен. Нақты салаларды алсақ, ұн өндірісі – 17, сүт өнімдері – 16, ет өнімдері – 16, өсімдік майы – 8, қант – 4, жарма 2 пайыз. Президент алдағы үш жылда агроөнеркәсіп кешенінде қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу туралы міндетті алға қойды. Мәселен, астық өн­­діру саласын алайық. Он бес жыл бұ­рын ұн өндіру жағынан еліміз әлемде көшбасшы болатын. Сол кезде елімізде ұн өндіретін 270 кәсіпорын жұмыс істеп тұр­ды. Қазір солардың үштен бірі ғана қалды. Оған себеп – нарықтағы бәсекенің артуы. Бұл жағдайда біз екі жолдың бірін таң­дауы­мыз қажет: не халықаралық на­рық­тағы орнымызды қайтару, не ұнды те­рең өңдеуге көшу.

Терең өңдеудің алғашқы өңдеуден айырмашылығы неде деп сұрауыңыз мүмкін. Астықты алғашқы өңдеуден жар­ма, ұн аламыз. Өңдеушілердің көбі осымен шұғылданады. Оның орнына біз өндірушілерді астықты терең өңдеу­ге ынта­ландыруымыз қажет. Сонда қосым­ша құны жоғары өнімдер, атап айт­қанда, глюкоза-фруктозалы сироп, амин қышқылдары, лизин, дәрумендер, тамақ қоспалары, биополимерлер, т.б. көптеген өнімді алатын боламыз. Цифрмен айтсақ, бағасы 102 мың теңге тұратын бір тонна астықтан өңдеу арқы­лы 146 мың теңге тұратын ұн аламыз. Ал сол бір тонна астықты терең өңдеп, жа­ңағы айтқан сироп, лизин, крахмал өндірсек, шамамен 585 мың теңгенің өніміне қол жеткіземіз. Қайта өңдеу сала­сы­ның әлеуетін осыдан-ақ көре беріңіз.

Қантқа келетін болсақ, елімізде отан­дық шикізаттан өндірілген қанттың көле­мі жалпы тұтынудың 10%-нан ас­пайды. Өкінішке қарай, мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­ларда қант қызылшасынан басқа балама өнімдерден қант алу туралы ештеңе қарастырылмаған. Тек қызыл­ша қантын өндіру арқылы Ресейдің тәжіри­бе­сін қай­талаудың қанша­лық­ты қажеті бар? Мы­салы, жүгері дақылдарынан крахмал шырынын алу технологиясын неге қарастырмасқа? Жүгері ұзақ жылдар бойы елімізде табысты өндіріліп келе жатқан, жерге де, ауа райына да бейім дақыл екені белгілі. Мамандар да жет­кі­лік­ті. Крахмал негізінде глюкоза-фруктоза шәрбаты шығарылады және оны сусын зауыттарында, кондитер фабрикаларында, кулинарлық цехтарда қант орнына пайдалануға болады. Ғалымдардың зерттеуінше, дәнді жүгерінің 1 гектарына кететін өндірістік шығын 400 мың теңгені құрайды. Ал қант қызылшасына кететін шығын – 850 мың теңге. Сондай-ақ дәндік жүгеріден шырынның шығымдылығы 75%-ды құрайды, ал қызылшадан 11% ғана. Яғни ел тұтынатын 650 мың тонна қанттың жартысына жуығын дәнді жүгеріден алуға болатын глюкоза-фруктоза шәрбатына ауыстыруға болады.

– Мемлекет басшысы барынша те­рең өңделген өнімдерді экспортқа жі­бе­ру­­ді қайта-қайта тапсырып келеді. Сол мін­детті қалай орындап жатырмыз?

– Біздегі жағдайға көшпес бұрын көршілес Өзбекстанды мысалға алайық. 2020 жылы Өзбекстан мақта шикізатын экспорттауға тыйым салды. Ондағы мақ­­сат – мақтаны қайта өңдеу өндірісін да­мы­­ту. Соның арқасында өзбек ағайын­дар иірімжіп пен мата өндірісін – 2, тігін-трикотаж бұйымдарын – 5,5, шұлық өнім­дерін 7 есе арттырған. Қазір Өзбек­станда ең жоғары сұранысқа ие тауар – ол иірім­жіп (пряжа). 2021 жылы оның экспорты тіпті алтын сату көле­мі­нен асып кеткен. Яғни алтын 1,3 млрд долларға экспортталса, иірімжіп 1,6 млрд-ға сатылды.

Енді өзіміздегі астықты алайық. Оны көбінесе шикізат түрінде экспортқа шы­ға­­рамыз. Оның біршама объективті, субъек­тивті себептері бар. Тек біреуіне тоқ­­­та­лайын. Астықты экспорттағаны үшін қосымша құн салығы (ҚҚС) қайта­ры­­лады. Бірақ шетелге не шығарсаң да солай. Бидай, ұн, макарон сияқты дайын өнім болсын қайтарылатын ҚҚС бәріне бірдей. Әрине, мұндай жағдай өнімді өңдеуге ынталандырмайды.

Ет өнімдері бойынша да өзекті сұрақ­тар көп. Ең маңыздысы – ол ветери­нар­лық қауіпсіздік. Бұл жағдай үлкен алаң­дау­шылық тудырып отыр. Өткенде ғана Халықаралық эпизоотиялық бюро елдегі сиырларда аусыл ауруы бар деп мәлімдеді. Бұл – отандық ет өнімдерін экспорттауға үлкен тосқауыл. Сондықтан министрлік осы мәселені тез арада шешпесе, жағдай қиындайтыны сөзсіз.

Мәселенің тағы бір тобы – өндіруші­лер­­ге берілетін мемлекеттік қолдау. Ха­­­лық­­­аралық тәжірибені алсақ, мал мен өсім­­­­дік шаруашылығының дамуы 80%-ға дейін субсидия бөлуге байла­­­­нысты. Бұл ретте, субсидия алған субъек­тілердің өзі «осы қаржыны тиімді пайдала­на­мыз, өн­ді­рісті дамытамыз» деп нақты мін­дет­те­ме арқалауы керек. Бір жағынан, жағдай жасасақ, екінші жағынан, олардың да жауап­кершілігі күшеюге тиіс.

– Тағы қандай мысалдар келтіре аласыз?

– Малдың терісі мен жүніне қатысты үлкен мәселе бар. Елімізде былтыр 40 мың тонна жүн, 11 млн тері шықты. Бірақ сол жүннің тек 17 пайызы, ал терінің 14-ақ пайызы ғана өңдеуге жіберілген. Сонда қалғаны қайда? Қалғаны иттерге жем болған не қоқысқа тасталған екен. Ал министрліктің айтуынша, мемлекет қаншама қолдау ұсынса да сапалы шикізат өткізушілер аз. Мал шаруашылығы – ауыл халқының негізгі табыс көзі. Неге оларға осы жүн мен теріден пайда көруді үйретпейміз? Неге соған ынталандыратын жағдайды жасамаймыз? Жаппай атаулы әлеуметтік көмек көрсеткенше, одан да неге осыны біртіндеп бастамасқа? Мысалы, бірнеше ауылды жоба ретінде алып, адамдарды осы кәсіпке үйретуге болар еді. Сол тәжірибені кейін бүкіл рес­­пуб­ликаға таратсақ, пайдасын барлық ауыл тұрғындары көретіні сөзсіз.

– Осындай өзекті мәселеге Парла­мент тарапынан қандай қолдау көрсе­ті­ліп жатыр?

– Биыл маусым айында ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін қайта өңдеу мәселесіне қатысты Сенатта Үкімет сағатын өткіздік. Мақсат – салаға жауапты мемлекеттік органдарды сынап, кемшіліктерді бетке басу емес. Қай тұста олқылық бар? Неге осы саламыз ойдағыдай дамымай жатыр? Заң шығарушы билік ретінде қай жа­­ғынан өз үлесімізді қоса аламыз? Қа­зір­­гі аса көкейкесті өнім мен өндіріске де заңдық қолдау мен бақылау керек. Осы мәселелер төңірегінде нақты әңгіме жүргіздік. Жиын қорытындысын саралау арқылы алдағы уақытта жасайтын шараларымызды белгілеп алдық. Үкіметке 23 тармақтан тұратын ұсыным бердік. Әрине, қайта өңдеу – қиын да күрмеуі мол сала. Бағыттар өте көп: ет өнімдері, жеміс-жидек пен көкөніс, тері өңдеу, мақта тазалау, сүт, қант, өсімдік майын шығару, балалар тамағын өндіру, нан өнімдерін шығару, малдың жемін да­йындау, тағы басқасы.

Сенаттан заңнамалық және әдісте­мелік көмек болсын деп, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігімен келісімге кел­дік. Министрлік құрамында Ауыл шар­уа­шылығы өнімдерін қайта өңдеу де­пар­­та­менті бар. Онда жаңа айтқан әр бағыт бойынша мамандар нақты жұ­мыс істеп келеді. Біз әр саланың проб­лемаларын мамандармен жан-жақты талқылаймыз. Сөйтіп, мәселелерді бірге алға жылжытсақ деген жоспар бар. Бәрі­мізге керегі – Президенттің талап етіп отырған міндетін орындау, нақты нәти­же­ге жету.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

 Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»