
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ведомство студенттердің қаржылық сауатын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Осыған орай министр Саясат Нұрбектің төрағалығымен ел жастары арасында қаржылық сауатты арттыру бойынша кеңес өтті. Оған аталған ведомствоның, «Аmanat» партиясының, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Narxoz университетінің өкілдері және студенттік омбудсмендер қатысты. Жиында С.Нұрбек қаржы қызметтерінің қарқынды дамып жатқанын, түрлі өнімді онлайн форматта және жаңа цифрлық технологиялар арқылы сатып алатын қазіргідей уақытта халықтың, оның ішінде жастардың қаржылық сауаттылығы маңызды екенін айтты.
– Мемлекет басшысы азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын жүйелі түрде арттыруды жүктеді. Осы жылдың сәуір айынан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарының бәрінде «Қаржылық сауаттылық» курсы бойынша дәріс сабақтары өткізіліп келеді. Дәрістер барысында осы бастаманың өзектілігі, атап айтқанда, студенттердің кредит алуының көбеюі, жеке қаржыны басқару дағдыларының болмауы анықталды. Сондықтан біз бұл пәнді білім беру бағдарламасына енгізу туралы шешім қабылдадық, – деді С.Нұрбек.
Кеңеске қатысқан «Аmanat» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев студенттердің 80 пайызында кредит барын жеткізді.
– Қазір елімізде 1,5 млн адам қарыздар бойынша төлемдерді 90 және одан да көп күнге кешіктірді. Соның ішінде студенттердің 80 пайызында несиелер мен шағын несиелер бар. Бұл – өте өзекті мәселе. Студенттердің несие алуы, әсіресе өңірлерде көп байқалады. Біз Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, аталған жастарды анықтап, оларды қаржылық, құқықтық сауаттылыққа үйрету, сондай-ақ өз бизнесін ашуға көмектесуді мақсат етіп отырмыз. «Аmanat» партиясы борышкерлер санының көбеюіне жол бермеуге және болашақта ел тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартуға арналған «Қарызсыз қоғам» ауқымды әлеуметтік жобасын іске асырып жатыр. Жобаның нәтижесінде осы күні еліміздің сегіз өңірінің 40 мыңға жуық тұрғыны 5 күндік оқудан өтіп, өздерінің бизнес-жобаларын әзірледі, – деді Э.Жұмағазиев.