
Бұған дейін жазғанымыздай, 1 қыркүйекте 55 мың орындық 39 мектеп пайдалануға берілген болатын. Бұл өз кезегінде 12 апаттық және 29 үш ауысымды мектептің мәселесін шешті. Ал мектеп мәселесінде күн тәртібіндегі міндет пен меже қандай? Министрліктің мәлімдеуінше, 2023-2024 оқу жылында, яғни осы қыркүйек айынан бастап 132 мың оқушыға арналған 154 мектептің құрылысы басталды. Қазір өңірлердегі 194 мектеп жөнделіп бітті, тағы 66 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. 2024 жылы тағы 300-ге жуық жаңа мектептің құрылысын бастау жоспарланған. Жаңа жылда құрылысы басталатын жаңа мектептер қайда, қай өңірлерде, нешеуден салынады? Осыған кеңінен тоқталайық.
Жаңа жылда бас-аяғы 296 мектеп салынбақ, оның ең көбі Түркістан облысында бой көтереді. Туу көрсеткіші жоғары өңірде 43 мектептің құрылысы басталады. 2024 жылы салынатын мектептер саны бойынша екінші орында 31 мектеппен Ақтөбе облысы тұр. Алғашқы үштікті Алматы облысы қорытындылап тұр, бұл облыста 28 оқу ошағы бой көтермек. Жаңа мектеп салу жөнінде санақтың соңын Абай облысы (5 мектеп), Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Жетісу облыстары (әрқайсысы 3 мектептен), Ұлытау облысы (2 мектеп) түйіндейді. Ал бетегеден биік, жусаннан аласа болып ортада жүрген өңірлердің ішінде үш мегаполис пен қалған 8 облыс бар. Ашып айтсақ, Алматы қаласында – 26, Астанада – 25, Шымкентте 12 мектеп салынады. Маңғыстау облысында – 19, Атырау облысында – 17, Жамбыл облысында – 15, Ақмола облысында – 14, Қарағанды облысында – 13, Қызылорда облысында – 12, Батыс Қазақстан облысында – 10, Шығыс Қазақстан облысында – 8, Қостанай облысында 7 оқу ошағының іргесі қаланады.