
Жоғары оқу орны таратқан ақпаратқа сүйенсек, университет ұрпақтар сабақтастығын дамытып, түлектер мен студенттер арасындағы байланысты нығайту нәтижесінде бұрынғы түлектер қазіргі студенттерге белсенді түрде қолдау білдіріп, қамқорлық көрсетіп келеді. Сол бір сабақтастықтың бір көрінісі – Ақан Бақытжанның «ENU Endowment Fund» қорының мақсатты капиталын 10,5 млн теңгеге толықтыруы. Ол Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Құрылыс» мамандығы бойынша білім алған.
«ENU Endowment Fund» мұқтаж студенттерге көмектеседі. Бұл – қайырымдылық. Дер кезінде көмек алған азаматтар келешекте табысқа жетіп, ел дамуына үлес қосса, біз үшін ең жақсы марапат сол болмақ. Мен университет түлектерінің барлығын өзі білім алған жоғары оқу орнына көмектесуге шақырамын. Бүгінгі студенттерге айтарым, білімді адамдар жетістікке жетеді. Сондықтан өз білімдеріңізге инвестиция салыңыздар, елдің болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Студенттік өміріңізді жарқын әрі белсенді өткізуді ұмытпаңыз, өйткені арада жылдар өткен сайын дәл осы студенттік шақты есіңізге алып отырасыз», дейді университет түлегі, кәсіпкер А.Бақытжан.
Осылайша, ЕҰУ түлектері мен меценаттардың университет дамуына қосқан үлесіне арналған Даңқ ағашының жапырағына Ақан Бақытжанның есімі жазылды.
«ENU Endowment Fund» қорын 2022 жылдың сәуір айында дарынды және мұқтаж студенттерді қолдау мақсатында университет түлектері құрған болатын. Қордың мақсатты капиталына қол сұғылмайды, онда қаржы тек жинақталады. Одан түскен инвестициялық табыс есебінен ғана жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыру жоспарланған.