
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Бүгін – мереке, білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы бір атаулы күнде сөз басындағы негізгі мәселеге ойысып, бар-жоқты түгендеп, басты сұраққа жауап іздеп көрелік. Алаш арысы мұғалімнің орны төрде екенін айтып кетті. Қазақ ең құрметті кісіге, ең бір мәртебелі мейманға төрден орын береді. Қазіргідей сананы тұрмыс билеген нарықтық қоғамда, құндылығы күн сайын құбылған заманда, өзіңді ұдайы дамытып отыруды талап ететін жаңару кезеңінде шынымен де педагог дейтін қауым төрден орын алып отыр ма? Бұл сұраққа жауап табу үшін осы уақытқа дейін мұғалімнің мәртебесін арттыруға, аталған сала қызметкерлерінің жұмысын жүйелеуге, жалпы білім беру саласын дамытуға бағытталған істерді бағамдап көрелік.
Мектепке дейінгі білім беру. Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сүйенсек, еліміздегі балабақшаларда 97 188 педагог жұмыс істейді. «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің жалақысына біліктілік санаты үшін 30-50% қосымша ақы белгіленді.
Жүргізетін міндетті құжаттарының тізбесі 3 құжатқа дейін (перспективалық жоспар, циклограмма және баланың жеке картасы) төмендетілді. Жыл сайын жалақысы 25%-ға артып, төрт жылда екі есе өсті. Сондай-ақ меншік нысанына қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативінің мөлшерін ұлғайту арқылы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап жалақысы 30%-ға көтерілді.
Осыншама жасалған жағдайға қарамастан, мектепке дейінгі білім беру саласында әлі де түйіні толық тарқатылмаған түйткілдер бар. Айталық, «Egemen Qazaqstan» газетінің 2021 жылы 20 қаңтардағы санында «Балабақшаға екі жастан барса...» деген тақырыппен проблемалық мақала жарияланды. Міне, осы материалымыз жарыққа шыққанына бір апта өткенде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке 2025 жылға қарай балаларды 2 жастан балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізуді тапсырды. Бұған дейін, анығы 2010 жылы қолға алынған «Балапан» бағдарламасы талай балабақшаның ашылуына себеп болып, 3-6 жастағы балалар балабақшамен 100 пайыз қамтылған еді. Бірақ нарықтық қоғамда балабақшаға сұраныс 2 жастан басталып тұр. Өйткені декреттегі аналар ертерек толыққанды жұмысқа шығуды қалайды, баласын балабақшаға ерте жастан бергісі келеді.
Жалпы, балабақша баланы уақытша қалдыра тұратын орын ғана емес, шын мәнінде, жан-жақты дамытатын орта болуға тиіс. Осы ойдың төңірегінде газетіміздің 2019 жылғы 12 шілдесіндегі нөміріне жарияланған «Мектепке дейінгі білім: міндет пе, әлде қажет пе?» атты материалымызда бүлдіршіндеріміз заманның талабына сай болуы үшін, әрі мектептің бағдарламасына толыққанды дайындау мақсатында ерте бастан дамытудың маңызды екенін жеткізуге тырыстық. 2021 жылы 9 қарашада Үкіметтің №796 қаулысымен «Балаларды ерте дамыту институты» құрылды. Бастысы, нақты міндет, Президенттің бастамасымен бекітілген мерзімі бар, енді жұмыстың сапалы орындалуын күтеміз. Шын мәнінде, мұндай мәселені шешу арқылы мектепке дейінгі білім беру саласында қызмет ететін және осы мамандықты бітіретін болашақ мамандарға жаңа жұмыс орны көбейеді.
Орта білім. Еліміздегі мектептерде 340 958 педагог жұмыс істейді. Осыған дейін мұғалімдердің жалақысы мардымсыз екенін талай жаздық. Сірә, ең көп көтерілгені де осы мәселе болар. Себебі еңбектің еленбеуі дегеніңіз төрден орын бермегенмен бірдей. Нәтижесінде, «Педагог мәртебесі туралы» Заң күшіне енді, Президенттің тапсырмасымен кейінгі 4 жылда мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25 пайыздан екі есе артты. Бұған қоса педагогтердің біліктілік санаты мен жоғары оқу орнынан кейінгі біліміне қосымша ақы төленеді. Мұндай ілгерілеудің себебінен мұғалімдік талапкерлер таласып түсетін мамандыққа айналды. Өйткені педагогикалық мамандықта оқитын студенттер өзге мамандықта білім алатын ізденушілерге қарағанда 1,5 есе артық стипендия алады.
Бас басылымның 2019 жылғы 17 сәуірдегі нөміріне «Еңбек» елеусіз қалды» деген тақырыпта мектептегі еңбек сабағының жөнді өткізілмейтінін, мұның соңы жалқау ұрпақтың көбеюіне алып келетінін меңзеп мақала жазғанбыз. Осы мәселе шешімін таппағандықтан тағы оралып, 2022 жылғы 17 ақпанда «Еңбек» пәнінің ендігі сипаты қандай?» атты материал жарияладық. Мектепте еңбек сабағының қалай өтетінінен арнайы репортаж жасап, бейнелеу өнері (яғни сурет), сызу сабақтары алынып, оның мазмұны бұрынғы еңбекке баулу пәніне кіріктіріліп, көркем еңбекке айналғанын баяндадық. Бұдан пән мұғалімдерінің сағаты азайғаны айтпаса да түсінікті. «Egemen» көтерген осы мәселе оң шешімін тауып, былтырдан бері, 2022-2023 оқу жылынан бастап «Көркем еңбек» пәні екі пәнге бөлініп, бастауыш сыныптарға «Еңбекке баулу», 1-6-сыныптарға «Бейнелеу өнері» пәндері екі бөлек пән ретінде оқытылатын болды.
Көтерілген мәселенің бәрі осылай оң шешімін тапса, канеки. Өкінішке қарай, «Еститін Үкіметтің» кейбір жағдайларда естімей қалатын кезі бар. Соның бірі – «Күнделік». Мұғалімді төрге шығарған түріміз, оларды тауға, төбеге шығардық. Интернет іздеп жүр. «Күнделік» деп аталатын электронды журналды толтыру үшін. Мұғалімдердің қиналғанын жеткізсек, Оқу-ағарту министрлігі «құзыретімізге жатпайдымен» үнемі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтейді. Түйіні тарқатылмаған түйткіл екі ведомствоның ортасында «допша домалап» жүр.
Белсенді, өз құқығын өзі қорғай алатын мұғалімдер әрдайым өздерінің желідегі парақшаларында жеріне жеткізе жазып, түрлі мінберлерде ашық айтып жүргендей, педагог мәртебесі жалақының өскенінен, оған кабинет, оқулық, интернет, жабықтау арқылы жағдай жасағаннан түбегейлі көтеріліп кетпейді. Педагог шынымен де кәсіби тұрғыда білімді, білікті болғанда ғана мәртебелі, кез келген ортада сыйлы болады. Осыған орай, педагогтер бұрынғыдай 5 жылда 1 рет емес, әр үш жыл сайын біліктілігін арттыратын болды. Мұндай мәселеге қатысты да мақала жазып, салмақты сұраққа тұшымды жауап іздегенбіз. Алайда бұл әлі де басы ашық сұрақ болып тұр. Өйткені қайталағымыз келмейді. Десек те көп сауатты ата-ананың да, небір дарынды, ашық дереккөзден өзінше ізденіп оқып алатын оқушыға да, жалпы жазуынан-ақ сауатына баға бергіш қоғамда да біліксіз педагог сыйлы болмайтыны, оған төрден орын берілмейтіні бесенеден белгілі.
Кәсіптік-техникалық білім. Білім беру жүйесінің бұл сатысында 36 315 педагог еңбек етеді. Жалақы мәселесі осыншама педагог үшін де оң шешімін тапқан. Әрі өндірістен қабылданған техникалық және кәсіптік білім беру педагогтері жалақысына 35 пайызға дейін қосымша ақы алады. Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның шеңберінде алғаш рет кәсіптік білім туралы техникалық білімде «Педагогикалық шеберлік» үшін қосымша ақы енгізілді. Бүгінде 7 мыңнан аса колледж педагогі лауазымдық жалақысының 30%-дан 50%-на дейін үстемеақы алады. Сондай-ақ колледж басшылары мен олардың орынбасарларын басқарушылық шеберлігі үшін материалдық көтермелеу қарастырылған. Бүгінгі таңда 200-ден аса басшы лауазымдық жалақыдан 30% -дан 100% -ға дейін қосымша ақы алады.
Колледж педагогтеріне осыншама үстемеақы енгізіліп, жалақысы көтерілсе де, білікті маман тапшылығы күн тәртібінен түспейді. Өйткені кәсіптік-техникалық білім беруде практик маманның рөлі өте зор. Колледж түлектерінің еңбек нарығында сұраныста болуын қамтамасыз етуге қатысты сын көп айтылды. Нәтижесінде, оқытушылардың сапалық құрамын өндірістен тарту арқылы арттыру ісі қолға алынды. Сөйтіп, 2023 жылғы қаңтардан бастап арнайы пәндер бойынша педагогтер мен өндірістік оқыту шеберлеріне тиісті мамандық немесе сала бойынша 5 жылдан көп өндірісте жұмыс өтілі бар маман колледжге ауысқан кезде лауазымдық жалақысының 30%-дан 35%-ына дейінгі мөлшерде қосымша ақы төленеді. Өндірістен, нағыз қайнаған еңбек ортасынан келген маман қолда бар алтынмен тең. Бағасын білсек болғаны. Кәсіптік-техникалық білім беруде оқу орны мен өндірістің біте-қайнаса жұмыс істеуі өз кезегінде колледжде жүріп-ақ өндіріске өнімін сата алатын мамандарды қалыптастырады.
Жоғары білім. Бұл күнді жоғары білім беретін, кадр даярлайтын жоғары оқу орындарының оқытушылары, қызметкерлері де кәсіби мереке ретінде атап өтеді. Ұлттық статистика бюросының былтырғы қыркүйекте жариялаған дерегіне қарағанда, еліміздегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқытушылардың негізгі (штаттық) құрамының саны 36 378 адамды құрады. Ғалым да, шахтер де, дәрігер мен мұғалімнің өзі де осы университеттегі педагогтердің алдынан өтеді. Біздегі кез келген кәсіп иесі, жоғары білімді әрбір кадрдың білікті болуы да нақ сол жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың әлеуетіне байланысты. Бірнеше рет университеттің оқытушысы мектеп мұғалімі мен балабақша тәрбиешісінен де аз жалақы алатынын, мұндай жағдайда бедел туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз екенін жазғанбыз. 2021 жылы 11 мамырда жарияланған «Ғалымды кімдер даярлап жүр?» атты материалымызда 2019 жылы 20%, 2020 жылы Президент тапсырмасымен тағы 20%-ға көтерілгеннің өзінде ұлттық университеттегі оқытушылардың орташа жалақысы 100 мың теңгенің айналасында, тіпті кейбір өңірлік оқу орындарында 100 мың теңгеге де жетпейтінін жеткізгенбіз. Нәтижесінде, жауапты министрлік арнайы норма бекітіп, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап мемлекеттік ведомствоға қарасты жоғары оқу орындарында оқытушылық құрамның жалақысына шекті норма белгіленді. Яғни университеттер басшылығы оқытушылардың жалақысын шекті нормадан төмендетпеуге міндеттелді, оқытушылардың белгілі бір жетістіктері үшін басқа да ынталандыру төлемдерін белгілеп, төлеуіне тағы мүмкіндік берілді.
Түптеп келгенде, барлық қабылданған шара, енгізілген оң өзгеріс білім берудің қай сатысында еңбек етіп жүргеніне қарамастан, педагогтердің жан-жақты мәртебесін көтеруге бағытталған. Әрине, олардың жағдайын жақсартуға, беделін арттыруға қоғам болып, тіпті педагог қауымның өзі белсене күш салуын қажет етеді. Өйткені «Жұмыла көтерген жүк жеңіл».