
Павлодар қаласында мемлекеттік тілді еркін меңгерген этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форум өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйытқы болған маңызы зор іс-шараға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, ҚХА республикалық, өңірлік және қалалық этномәдени бірлестіктерінің мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері, филология ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, қоғам қайраткері, «Ситуативті қазақ тілі» кітабының авторы Қанат Тасыбеков, қазақ тілін үйрететін мектептің негізін қалаушы Сергей Хван, блогер, «Алға Петербург» You Tube каналының негізін салушы Иван Червинский, мемлекеттік тілді дамытуға атсалысып жүрген өзге де белгілі азаматтар қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ алқалы отырысында: «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет. Осы ретте асырасілтеушілік пен даңғазалыққа жол бермей, парасатты әрі дәйекті түрде әрекет еткен жөн» дегені мәлім. Яғни, тілсіз қоғам болуы мүмкін емес. Ал еліміздегі ұлттық тұтастықтың сақталуы үшін мемлекеттік тілді үйрену аса маңызды екеніне өзге ұлт өкілдері байыппен қарай бастағаны да өмір шындығы. Алмағайып заманда қазақ тілін кеңінен танымал етіп, оның өмірдің әр саласындағы қолданыс өрісін арттыруға Ассамблея мүшелері белсене кірісіп отырғаны да байқалады. Тілдік орта қалыптастыру, мемлекеттік тілді игерген өзге ұлттың жастарын замандастарына үлгі ету, тіл үйретудегі заманауи озық тәсілдерді қоғамға насихаттап, креативті идеяларды өміршең ету – бүгінгі тіл үйретушілер мен зиялы қауымның алдындағы үлкен мақсаттар осы.
«Қоғамдық келісім» РММ басшысы Элина Масагутова форумның тағы бір мақсаты мемлекеттік тіл жанашырларын қолдау екенін атап өтті.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері арасында көптеген жас пен ересек қазақ тілін жетік меңгерген. Мен өзім Павлодар қаласында орыс мектебін бітіргенмін, 9-сыныптан бастап түрлі іс-шараларға, оқушылар арасындағы олимпиадаларға қатыстым. Әрине, қазақ тіліне деген қызығушылық әуелі отбасымнан басталды. Әкем үнемі: «Қызым, сен қазақ тілін оқы, мемлекеттің тілін біл, ол саған болашақта көмектеседі» деп айтатын. Екіншіден, менің жақсы мұғалімдерім болды. Мемлекеттік тілді меңгеруде қорқудың қажеті жоқ. Күніне 15-30 минут бөлсеңіз жетіп жатыр. Мемлекеттік тілде кітаптар оқып, радио тыңдау керек немесе фильмдер көрген дұрыс. Отбасымда түрлі этнос өкілдері бар. Шешем – татар, әкем – орыс. Белорустар мен украиндар да бар. Яғни, кіші ассамблея деп айтуға болады. Елімізге сырттан келіп жатқан азаматтардың да қазақ тілін меңгеруге деген ниеттері зор және түрлі әдістерді қолдану арқылы олардың алға жылжып келе жатқаны байқалады. Олардың бірі – блогер Иван Червинский. Бүгінде қазақтың салт-дәстүрі мен бірегейлігін, еліміздегі танымал тұғаларды ТМД елдеріндегі орыс тілді көрерменге You Tube арқылы үнемі насихаттап жүр. Бұл – керемет үлгі, – дейді Элина Масагутова.
Азаматтық жауапкершілік тұрғысынан қарайтын болсақ, өзге этностардың мемлекеттік тілді қажетсінуіне бүгінге қоғамдағы өзгерістердің өзі себеп болып отыр. Жер бетіндегі саяси өзгерістердің елімізге әсері, іштегі кейбір қарама-қайшылықтар ұлттардың ұйысуына негізгі бастар жол – қазақ тілі екенін ұғындырғандай. Халқымыздың дарқан көңілінен сусындап өскен ұлттар мен ұлыстар өз ұрпағының қазақ тілін толық меңгеруге үлкен көңіл бөліп отыр. Бұл – факті. Мысалы, Ертіс-Баян өңіріндегі қазақ тілін үйрететін тегін курстарда жыл басынан бері 1357 адам оқыған. Қазіргі күні тілді дамыту бағытында қызмет көрсету саласындағы стартаптар, тіл керуендері, қазақ тілі бойынша онлайн курстар жалғасып келеді. Бұл қатарда жеке тіл үйретушілердің де белсенді жұмысы байқалады. Ендігі мәселе жұрттың тілді үйренуге деген ынтасына байланысты.
ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлының пікірінше, ана тілімізді Ұлы даланың тіліне айналдыру үшін жастарға қазақ мемлекетінің құндылықтарын ұғындыру аса маңызды. Осы далада туып, осы елде өмір сүргеннен кейін мемлекеттік тілді үйрену үрдісі ешкімнің ұлтына қарамастан жүргізілгені абзал. Президентіміздің Ассамблея сессиясында сөйлеген сөздері қоғамға ой салып, оны іске асыруға санасында сәулесі бар азаматтар жұмыла кірісуі керек.
– Алаш арысы, саяси көшбасшыларымыздың бірі Әлихан Бөкейхан: «Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін алмайды» деген. Бүгінгі келелі форумға жиналып отырған азаматтарға, әсіресе, жастарға айтарым, сіздер мыңдаған, миллиондаған адамдарға мотивация бересіздер. Сіздер тіл бәйгесінен олжалы келсеңіздер, бұл – ізіңізден ерген аудиторияның жеңісі. Ал бастаған өрелі істеріңіз жол ортада кілт үзілсе, қиындыққа апарады. Сондықтан істеріңізбен үлгі болыңыздар. Көп жағдай қоғам мәдениетінің алдында жүретін интеллигенция өкілдерінің іс-қимылына байланысты. Мемлекетіміздегі мәдениетті әр адам жан-жүрегімен сезіп, ұрпағына насихаттап отырса, оның нәтижесі зор болмақ. Мәселен, Еуропа елдері елдегі мәдениет деңгейін ұстап тұру үшін театр билеттерінің 7 пайызын үнемі субсидиялап, яғни халыққа тегін сатып алып беріп отырады. Мәдениетті елде соғыс оты тұтанбайды, мәдениетті қоғамда адамдар бір-біріне ғайбат сөз айтпайды, азаматтар кешірімді болуға ұмтылады. Мұндай елдерде ауызбіршілік пен бейбітшілік үстемдік салтанат құратыны да содан. Осындайда Ахмет Байтұрсынұлының мына бір асыл сөзі еске түседі: «Өткенді қозғағанды қойып, осы күйіңді түзе!». Үйлесім мен бауырластық игі үміттен құралады. Павлодардың Ямышев мекенінде 1835 жылы туған, Шоқанның досы Григорий Потанинның тағылымы да жадымызда жаңғырып тұр. Ол – патша өкіметі ала тайдай бүлінгенде Сібірде мемлекеттік жаңаруды бастаған, Алашқа тілеуқор тұлға. Г.Потанин 80-ге толғанда А.Байтұрсынұлы жыр арнаған. Сонда: «Жаз келер, жадыраған күндер туар, Жыр жырлап, ту түбіне шуақтайтын...» дейді. Жаратқан Ақаңның аузына салған екен. Қазір қос тұлға армандаған күнге жеттік. Потанин айтқан Қараөткелде университеттер де қалыптасып дамып келеді. Тағы бір ой намысты қайраткер Смағұл Сәдуақасұлы жазған дерек жөнінде. Ол Орыс Жағрапия қоғамының журналы мәліметіне сүйеніп, ХХ ғасыр басында кешегі «Ащы сызықтың» («Горькая линия») доғарысқа шыққан әскерилері бие байлап, қымыз ішіп, өз еркімен қыр қазағына айналғанын дәйектейді. Күрделі кезеңнің өзінде. Бүгінде тіл үйренудің, отаншылдықты арттырудың тарам-тарам жолы бар. Лев Толстой: «Олқылық – бір әдісті болу, шеберлік – көп әдісті болу» деген. Біз осы ұлылардан қалған жақсы сөздерді тіл меңгеру миссиясында бағыт етіп ұстануымыз керек, – дейді Дихан Қамзабекұлы.
Форумда Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева, «Қазақстан» ұлттық арнасының тележүргізушісі Алла Гаврина, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Астана қалалық филиалының төрағасы Әскер Пириев тілді үйрену мен меңгеру машықтарын жетілдіруге қатысты ой-тәжірибелерімен бөлісті.
Ә.Пириев өзге елдердің мемлекеттік тілге деген құрметіне байланысты мынадай бір қызық оқиға айтты. Бірде Алманиядан бір топ инвестор елімізге келіп, жергілікті бизнес өкілдерімен кездесулер өткізеді. Мүдделі ұйымдар республикамызда кәсібін өркендетіп отырған неміс ұлтының өкілдерін жинап, инвесторларды шақырады. Мақсат – шетел инвесторлары өз қандастарын көріп, елімізге инвестиция салу жағына келгенде тартынып қалмас деген ой болса керек. Сөйтсе, кездесу соңынан шетелдіктер еліміздегі неміс бауырларымызбен жұмыс істеуге еш ықыласты емеспіз деп жауап қайтарыпты. «Олар өз елінің тілін білмейді екен, ал мемлекеттік тілді меңгермеген, оған құрметпен қарамаған адамға біз өз ақшамызды сеніп тапсыра алмаймыз», депті. Міне, осындай жайттар бүгінде елімізде өссем, дамысам деген азаматтар үшін мемлекеттік тілді меңгерудің маңыздылығын аңғарта түсетіндей.
Оның бұл сөзін «Ситуативті қазақ тілі» кітабының авторы Қанат Тасыбеков те қуаттай түсті. Айтуынша, ол осыдан біраз уақыт бұрын Шығыс Қазақстанның Бородулиха ауданындағы өзге ұлт өкілдері арасында арнайы сауалнама жүргізіпті. Нәтижесінде, қазақ тілін үйренсем дейтіндер келешекте Ресейге барып білім алуды армандайтынын, ал тілді үйренуді мақсат санамайтындар қазақ жерінде қала береміз деп жауап қайтарыпты. «Бұдан шығатын қорытынды: мемлекеттік тілді қажетсініп отырғандар тұлға ретінде қалыптасып, өз ортасында өсуді қалаған жандар. Олар өз білімдерінің шекарасын әрдайым кеңейтуге ұмтылады. Сондықтан бұл мәселеде барлығы ынта мен мақсатқа байланысты», деп түйіндеді тіл үйретуші маман.
Ассамблея өкілдері мен тіл жанашырлары бұл күні «Мемлекеттік тілді меңгерудің үздік тәжірибелері» шеберлік сабағына қатысып, әдіскерлер мен тіл мамандарының, цифрлы форматтағы тілдік білім беру платформаларының өкілдерінен пайдалы ақпараттар алды.
Павлодар облысы