Еліміздегі ауқымды іс-шараға қатысу үшін 25 елден делегаттар, бизнес өкілдері, министрліктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары келді. Атап айтқанда, Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Германия, Иран, Италия, Қытай, Қырғызстан, Литва, Латвия, Польша, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Финляндия, Эстония елдерінен келген делегаттар қатысып жатыр.
Жаңа жолдар – жаңа мүмкіндіктер
Форумның ресми ашылу рәсіміне Көлік министрі Марат Қарабаев қатысып, сөз сөйледі. «Ұйымдастырылып отырған көрме мен форум жұмысы Еуразия құрлығының көлік-коммуникациялық кешенін дамыту перспективаларына арналған. Аталған іс-шаралар өзекті мәселелерді талқылау және оларды шешудің практикалық жолдарын іздеу болып табылады. Сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдерінің диалогі үшін ең тиімді алаң болып саналды. Бұлармен бірге, көлік саласын өркендетудегі маңызды мәселелерді талқылауға және қазіргі экономикалық жағдайда одан әрі тиімді даму жолдарын белгілеуге мүмкіндік береді», деді ол.
Министр 2030 жылға дейін саланы дамыту бағытында іске асатын кешенді жобалар туралы да айтты. «Транскаспий халықаралық көлік маршрутының өткізу қабілетін 5 есе арттыратындай әлеует бар екенін атап өткім келеді. Бұл дәліз арқылы Қытайдан Еуропаға дейін жүк көліктері 18 күнде жетіп барады. Бұл – ҚХР мен Еуропа арасындағы ең қысқа жол», деді М.Қарабаев.
Сондай-ақ осы жол жобасына қатысушы өзге елдермен бірлесе атқарып жатқан жұмыстарға назар аударды. Айтуынша, аталған дәлізбен жүк тасымалдау құны алдағы 5 жылда өзгермейді. «Әзербайжан, Грузия және Қазақстанның теміржол компаниялары бірлескен кәсіпорын құрды. Ол кәсіпорын осы маршруттың өн бойында тасымал операторының қызметін атқарады. Алдағы бес жылға тасымал құнын бекітіп қойдық. Бұл – жүк тасымалдаушыларды қызықтыратын фактор. Яғни тасымал құны 5 жыл бойы өзгермейді», деді министр.
Расында, Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы жүк айналымынан мейлінше көбірек табыс көру үшін автожол инфрақұрылымына да біршама инвестиция тартуға мүдделі екен. «Транскаспий дәлізінен бөлек әуе жолындағы байланыстардан үлкен әлеует көріп отырмыз. Қазақстанның әуе тасымалын пайдалану көрсеткіші 90 пайызға артты. Бұл тұрғыдан алғанда, біздің министрлік алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – біздің әуежайлар базасында CargoHub-тар (халықаралық көлік-экспедиторлық холдинг) құру.
Ал автожол саласына жеке тоқталғым келеді. Бұйыртса, алдағы 6 жылдың ішінде жаңа 5 мың шақырым жол салып, реконструкциялауды жоспарлап отырмыз. Инвестицияның жиынтық қуаты 15 млрд доллар болады. Мұның бәрі Қазақстан ҚХР мен Ресей арасындағы, ҚХР мен Еуропа арасындағы толыққанды транзит хабына айналу үшін жасалып жатыр», деді министрлік басшысы. Сөз арасында Транскаспий халықаралық көлік маршруты арқылы Қытайдан Еуропаға тасымалданатын жүк көлемі биылғы 8 айда 84 пайызға өскенін атап өтті.
Ол Транскаспий дәлізінің маңызы өскендіктен, Қазақстан оның бойындағы өзіне қарасты нысандардың қуатын арттыруға көшкенін айтты. «Қазақстанның Ляньюньган портында өз орны бар. Осы кезде Сиань қаласында жаңа құрғақ порт салып жатырмыз. Жүк осы екі нүктеде жиналады. Одан әрі Қорғас құрғақ порты бар. Ол жерде Қытайдың да үлесі бар. Маршрут Қорғастан Ақтау бағытына кетеді. Ол жақта жалпы жиынтық қуаты 20 млн тонна жүк қабылдауға қауқарлы екі порт бар – Ақтау және Құрық порттары. Одан өткен жүк Каспий теңізіне түсіп, Әзербайжан мен Грузия арқылы Еуропаға барады. Транскаспий халықаралық көлік маршруты қазір маңызды дәлізге айналып келеді. Бұл дәліз арқылы өтетін жүктің көлеміне қарасаңыз бәрі түсінікті болады. 2021 жыл мен 2022 жылдың қорытындысын салыстырсақ, дәлізді пайдалану көрсеткіші екі есеге дейін артқан», деді ол.
Ведомство басшысының мәліметі бойынша, жыл басынан дәліз арқылы тасымалданған жүктің көрсеткіші 2022 жылдың көрсеткішінен 84 пайыз асып кеткен. «Сөз жоқ, бұл маршрутты дамытуда Әзербайжан мен Грузиядағы салалық министрліктермен үйлесімді жұмыс маңызды рөл атқарады. Сондықтан былтыр кедергілерді жоюға бағытталған тиісті жол картасына қол қойылды. Жалпы, Транскаспий дәлізін одан әрі дамытып, Қазақстанның мультимодальдық, яғни бір келісімшарт негізінде жүкті су, әуе, құрлық жолдары сияқты түрлі тәсілмен діттеген жерге жеткізуде, осылай тасымал қуатын кеңейту бағытында бірнеше инфрақұрылымдық жоба қолға алынды.
Бұлармен қатар, былтыр Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдың құрылысы басталды. Бұл жүк өткізу қабілетін 5 есе, тасымал жылдамдығын 1500 шақырымға дейін көбейтеді. Сондай-ақ Дарбаза – Мақтаарал айналма теміржол желісінің құрылысы басталып жатыр. Бақты – Аягөз бағытында бір жаңа жоба жүзеге асырыла бастады. Бізде қазір екі ірі теміржол өткізу бекеті бар. Жүк айналымының жиынтық қуаты 28 млн тоннаға шақталған. Биыл ондағы жүк айналымы 27 млн тоннаға жетеді деген үмітіміз жоқ емес. Яғни қазір Қытайдан келген жүкті қабылдайтын үшінші бекет ашу өте маңызды болып тұр. Осы тұрғыдан алғанда Бақты – Тачен бағытында салынып жатқан, жүк айналымы 20 млн тонналық жаңа теміржол бекеті ең өзекті нысан болып қалады. Сондай-ақ Құрық, Ақтау порттарының қуатын да арттыру қажет. Бақты – Тачен бағытындағы жаңа теміржол өткізу бекетінде жаңа құрғақ терминал салу керек. Оған қоса, қазір қолданыстағы теміржол өткізу бекеттерінің қуатын тағы да арттыруға мүдделіміз. Аталған халықаралық көлік маршрутын дамыту аясында осындай жобалар іске асып жатыр», деді М.Қарабаев.
Министр Қазақстан материктің маңызды көлік желілерінің торабында орналасып, Азия мен Еуропа арасындағы сенімді серіктес және транзиттік көпір екенін еске салды. Сонымен қатар «Көлік және логистика» көрмесі іс-шараға қатысушылар мен қонақтардың ұзақмерзімді және өзара тиімді серіктестік қатынастарын нығайту үшін пайдалы болатынына сенім білдірді.
Орта және Оңтүстік көлік дәліздері дамиды
Форумда «Автокөлік қызметтерінің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы панельдік сессия барысында Көлік комитеті төрағасының орынбасары Селим Қуанышұлы Қазақстан Орта және Оңтүстік көлік дәліздерін дамытуды жоспарлап отырғанын айтты. Негізі ол жасаған баяндамасында автокөлік саласының қазіргі жағдайы және оның даму перспективалары туралы ақпарат берді. Қазіргі уақытта алыс шетел бағытына 7,6 мың автокөлік құралымен қамтылған паркі бар 370 отандық тасымалдаушы жұмылдырылғанын назарға салды. Халықаралық тасымалдармен қамтамасыз ету үшін 42 елмен тиісті келісімдер жасалған.
Бұдан басқа, отандық автопаркті толықтыру мақсатында халықаралық тасымалдармен айналысатын ершікті тартқыштарды бастапқы тіркегені үшін кәдеге жарату алымдарын төлеу қажеттілігі жойылды. Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша халықаралық бағытта 6,4 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 8,7%-ға артық. Осы ретте отандық жүк тасымалдаушылардың үлесі бір жыл ішінде 31-ден 42 пайызға дейін өскен.
Спикердің сөзінше, алдағы уақытта уәкілетті мемлекеттік орган Орта және Оңтүстік дәліздердің баламалы бағыттарын дамытуды жоспарлап отыр. Бұл үшін Каспий және Қара теңіз порттары жұмылдырылатын болады.
Біздің елде өтіп жатқан көлік апталығы аясында алуан түрлі іскерлік бағдарлама жоспарланған. Бағдарлама барысында New Silk Way VI халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумы және «Қазақстандағы қойма логистикасы нарығы», «Каспий теңізіндегі порттарды, терминалдарды және кеме қатынасын дамыту», «Көлік және логистика нарығы» конференцияларын өткізу көзделіп отыр.
Бизнес-форумда сарапшылар мен қатысушылар көлік жүйелерінің ынтымақтастығы мен интеграциясы, орта дәліз бағытын дамыту, сондай-ақ мультимодальды тасымалдау саласындағы жаңа технологиялар мен инновациялар, жүктерді тасымалдау тиімділігін арттыру және жеткізу жағдайларын жақсарту мәселелерін талқылайды. Іскерлік бағдарламадан басқа салалық министрліктер, ведомстволар, қауымдастықтар мен халықаралық компаниялар басшылығының қатысуымен екіжақты кездесулер мен келіссөздер жоспарланғанын айта кетейік.