
Оқу-ағарту министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, білім беру нысандарының 6-ауы Алматы облысында, 3-еуі Астана қаласында, 2-еуі Қызылорда облысында және бір-бірден Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында орналасқан.
«Қызметін сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен жүргізетін Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры үш ауысымды, апатты мектептерді, оқушы орны тапшылығын жою мақсатында құрылды. Іріктеу 11 басымдық бойынша жүргізіледі. Ең алдымен, бұрын басталған мектептердің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Бүгінгі таңда қор 76 738 орынды 62 мектептің құрылысын қаржыландырды. Қаражат жергілікті атқарушы органдардың есепшотына аударылды», делінген министрліктің хабарламасында.
Мемлекет жыл сайын мектептерді салу мен жаңғыртуға қаржы бөліп келеді. Оқу жылының басынан бері елімізде 55 мың орындық 39 жаңа мектеп ашылды. 2023-2024 оқу жылында бас-аяғы 132 мың орындық 154 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектеп мәселесін шешеді.
Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. Оның аясында 740 мың орындық 369 мектеп салу жоспарланып отыр.