
Қазіргі Қазақ бейнелеу өнеріндегі өрнегі ерек, бедері анық, айтулы кескіндемешілердің бірі Жұмақын Қайрамбаевтың ұлттық нақышқа бай туындылары сюжетінің қарапайымдылығымен, сыршылдығымен, шынайылығымен бірден баурап әкетеді. Ол асқақ тауларды, сайын даланы немесе ғажайып құбылысқа толы табиғатты бейнелесе де өз бойындағы адалдығы, тазалығы шығармаларынан көрініп тұрады.
Көрмеге суретшінің жұмыстары ғана емес, сонымен бірге оның шәкірттерінің шығармалары да қойылды. Әр туынды – терең философиялық мазмұнымен, бояуларының қанықтығымен, ақ кенепке төгіліп түскен көркемдігімен жұртшылықтың қызығушылығын туғызды. Әсіресе көрмеде қазақ үшін киелі саналған жылқы бейнесі кең қамтылған. Жұмақын ағамыз көп жылдан бері Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры. Оның тәлім-тәрбиесін алып, дәрісін тыңдаған шәкірттерінің алды әлемге танылды. Сондықтан бұл көрме – суретшінің шәкірттерімен бірге қолға алған төртінші жобасы. «Періште ізі» деген атауының өзі ерекше мәнге ие.
Мәдени іс-шараның ашылуында Еуразиялық дизайнерлер одағының төрағасы, профессор Ермек Асылханов Астана халықаралық университеті дизайн факультетінің деканы Саят Ыбырай сөз алып, қылқалам шеберінің шығармашылығы туралы мағыналы сөз қозғап, мерейтой иесіне ізгі лебіздерін білдірді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан қылқалам шеберінің ұлттық бейнелеу өнерінде орны бөлек екеніне тоқталды.
«Алатаудың етегіндегі алақандай ауылда туып, қазақ бейнелеу өнерінің биігіне көтерілген тұлғаны осы өнердің классигі деп айтуға болады. Оның картиналарының барлығы жақсыдан өнеге алуға бағытталған пәлсапалық эсселерден тұрады. Жұмақын аға дәстүрлі өнер мұраларын бүгінгі кескіндеме мүмкіндіктерімен қатар меңгерген шебер. Туындыларының басым көпшілігі патриоттық сезімді оятатын тылсым күшке ие» деп, інілік ілтипатын жеткізді.
Жұмақын Қайрамбаев – Санкт-Петербургтегі И.Е.Репин атындағы мемлекеттік академиялық кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітірген. Осында оқып жүргенде атақты Эрмитаж музейіндегі Рембрандттың атақты «Даная» туындысының көшірмесін жасаған. Бұл көшірме сурет институт қорында қалып, кейін Эрмитажда тұрған түпнұсқа «Данаяға» біреу сілті шашып зақым келтіргенде, кәсіби қайта жаңғыртушылар ұлы туындыны қалпына келтіру үшін институттың қорында сақтаулы тұрған қазақ суретшісінің көшірме еңбегін пайдаланған. Бұл жағдайдан оқырмандардың көпшілігі таныс болмауы мүмкін. Осыдан-ақ Қайрамбаевтың ешкімге ұқсамайтын бөлек қолтаңбасы бар екенін танисыз.
Іс-шара соңында көрнекті суретші шығармашылығы туралы аз-кем сөз қозғап, көрмеге келген қауымға ризашылығын білдірді.