
КСРО халық әртісі Шәкен Аймановтың есімін туған жерінің халқы әрдайым ардақтайды. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызының атында облыста кинотеатр, көшелер, мектеп бар. Осыдан біраз жыл бұрын Баянауылдың қақ ортасынан тұлғаға үлкен ескерткіш-композиция орнатылса, енді міне бюсті ашылып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Шәкен Айманов атындағы мектеп-интернаттың аумағында орнатылған бюст белгілі режиссердің келер жылы атап өтілетін 110 жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шаралардың бастауы. Зиялы қауым өкілдері мен жергілікті жұрт ашылу салтанатында мүсінге гүл шоқтарын қойды. Білім ордасының түлегі, айтыскер ақын Аспанбек Шұғатаев жырдан шашу шашып, арнау айтты.
Бюсті жасауға «Едіге Шоң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаржылай көмек көрсеткен. Биіктігі – 3,25 метр, тұғыры бүтін гранит тастан жасалған. Авторы – Асқар Нартов. Ол әйгілі жерлесіміздің бұған дейінгі ескерткішін де құйып шыққан еді.
Жерлестері Шәкен Аймановтың мерейтойына орай облыс орталығында ескерткіш ашылса деген тілек танытып отыр.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы