
Газдың көлемі – шамамен 5,5 мың тоннадай. Қазіргі қолда бар қор шамамен бір аптадай уақытқа жетеді. Дегенмен Павлодар мұнай-химия зауыты көгілдір отынды таратуда жергілікті нарыққа басымдық беретінін ескерсек, өңірдегі бекеттерге газ жеткізуде күрделі мәселе жоқ. Тек өткен айда зауыттан тиеуде біраз қиындықтар туындады. Бұған Атыраудағы мұнай өңдеу зауытының жөндеуге тоқтауы себеп болған. Осыған орай кейбір газ бекеттеріне отын түрі уақытынан кеш түсті.
– Сұйытылған газды өткен айда өзге облыстар біздің аймақтан көбірек сатып ала бастағанына орай өнімді тиеуде кезек қалыптасып қалды. Осы себептен кейбір жергілікті шағын бекеттерде іркілістер болуы мүмкін. Дейтұрғанмен, қазіргі уақытта облыста газ қоры жеткілікті, 1200 тонна сұйытылған газ бар. Газ бағасы бекеттерде 74-79 теңге көлемінде ұсталып тұр. Бекеттер қаласа, нарықтағы газ биржасына қатысып, импорт отынды әкеле алады, – дейді өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Әлішер Теміртас.
Қазіргі уақытта газ тек «Монолит» бекеттерінде ғана талонмен сатылып жатыр. Өзгесінде ашық сатылымда. Өңір бойынша 14 компания автогаз сатумен айналысса, оларға жалпы саны 86 бекет тиесілі.