
Қаражар – облыс орталығынан 240 шақырым жерде, Мырзашоқы тау-шаңғы кешеніне жақын орын тепкен, 300-ден аса тұрғыны бар елді мекен. Республикалық жолдың бойында орналасқандықтан, ауылдың болашағы зор деп саналады. Мұнда кейінгі жылдары жергілікті ескі мектептің мәселесі жиі көтеріліп, ақыры ол «ERG» компаниялар тобы мен Павлодар облысы әкімдігі арасында жасалған әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырудағы өзара әріптестік туралы меморандум аясында шешімін тапты. Осылайша, демеушілер қаражатына ауылға 100 орындық заманауи мектеп салынды. Керегесі кеңейген білім беру ұйымының өзі енді негізгі мектептен орта білім беру жүйесіне ауыстырылады деп күтіліп отыр.
Жаңа нысанның ашылуына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, жергілікті ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысты.
«Қаражар ауылындағы бұған дейінгі ескі мектеп апаттық деп танылған соң, жаңа ғимарат салуға шешім қабылданды. Нәтижесінде, қысқа ғана мерзімде осындай білім шаңырағы бой көтеріп, оқушыларға есігін айқара ашты. Бала мінез-құлқының негізі мектепте қалыптасатыны белгілі. Сондықтан ұстаздар мен ата-аналарға еліміздің болашақ мәдениетті, білікті, еңбекқор патриоттарын тәрбиелеу жолында сәттілік тілеймін», деді А.Байханов.
Ғани Бейсембаев мемлекеттің педагог мәртебесін көтеру, инфрақұрылымды дамыту, жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау бойынша барлық міндеттемені орындап жатқанын атап өтті. «1 қазанға дейін елімізде 78 500 орындық 77 жаңа мектеп ашылды. Аталған көрсеткішті 132 мың орынға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектептің мәселесін, сондай-ақ 113 елді мекендегі оқушы орындарының тапшылығын шешуге мүмкіндік береді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 740 мың орындық 369 мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл мәселені шешуде бизнес өкілдерінің де шетте қалмағаны қуантады», деді ол.
Жаңа мектептің құрылысына 650 млн теңге жұмсалды. Мұнда оқу кабинеттері, шеберханалар, спортзал, мәжіліс залы, шағын орталық, асхана, IT-сыныптар, ашық ойын алаңы қарастырылған. Қазіргі күні Қаражар мектебінде 72 бала білім алып жатыр. Тұрғындар заманауи ғимарат алдағы уақытта елді мекеннің зияткерлік және мәдени орталығына айналады деп мәз. Бұған дейін осындай жаңа мектептің бірі Железин ауданына қарасты Моисеевка ауылында да ашылған. Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың есімін иеленген білім шаңырағы бұрынғы апатты мектептің орнына тұрғызылды.
Биыл Павлодар облысындағы 54 мектепті жаңарту үшін бюджеттен 6 млрд 465,4 млн теңге қарастырылған. Бұған ағымдағы жөндеу, мектеп жиһаздарын, асханаларды, кітапханаларды жаңарту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары кіреді. Ғимараттарды жаңғырту жұмыстары толық аяқталды.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Қаражар ауылы