
Театрға барыңыз! Онда үлкен мәдениет бар. Сіз жоғалтқаныңызды сахнадан табасыз, пендәуи ойдан бір сәтке ада-күде арыласыз, жаныңыз тазарады, дертіңіз сейіледі. Біз бүгін сол миллениум мезеттен үзіліп түскен «Мұғалім» әлеуметтік-мультимедиялық драмасы хақында ой бөліспекпіз. Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының тағы бір туындысы жетісулық көрерменнің ішкі толғанысын үдете түскендей. Оқушы – Мұғалім – Ата-ана, осы үштаған арасында өрбитін өмір қайшылықтары қоюшы-режиссер Данияр Базарқұловтың идеясымен астасып, қою бір қойылымға айналған.
Драматург Қолғанат Мұраттың «Мұғалім» атты шығармасының желісіне негізделген эскиздер мен импровизациялар шамамен екі сағатқа созылады. Әйтсе де көрермен бірден уақыттың тұтқынына түседі. Әуелде сіз басты кейіпкер мұғалім деп ойлауыңыз мүмкін, орта тұста оқушы шығар деген ойға келесіз, аяқ жағында әке-шеше басты персонажға айналады, ал соңында сол трионың тұтасқан жанайқайын естисіз. Сондықтан драма не туралы деген стандартты сұраққа жауап табу қиын, себебі қойылым бәрі жайында...
Сахнадан шәкіртінің арманын әлдилеген мұғалім Айдана Айдарбекқызын, әжесінің қолында өскен тентек Нариманды, әкесінен ерте айырылған Іңкәрді, отбасындағы үлкендердің қатаң қағидасына байланған Ербол мен Бүркітті, қиялынан қол үзгісі келмейтін Зарина мен Қорланды көреді. Оның бәрі ескіні жаңартуға, көнерген көзқарастарды бұзып өтуге тырысады. Ал олардың ата-аналары үйдегі перзенттерімен «асыраушы» деңгейінде ғана қарым-қатынас жасап, балаларының өміріне дирижер, сеніміне диктатор болғысы келеді. Бұл деспотты бұзып-жаруға тырысқан жастардың жан толғанысы кейінгі толқынның бәріне тән аңсар секілді көрінеді.
Ары қарай не істеу керек? Тіршіліктің мәңгі қамытын киген әке-шешенің жылуына зар болған баланың болашағы қайда апарады? Ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін кім арқалайды? Ұлттық моральдің заманауи желісіне біздің қоғам дайын ба? Жамандық дегеніміз не? Тектілік кімге керек? Мұнда театр жастары актерлік шеберліктерін ғана емес, жас тұлғаның жетілуі мен қалыптасуының барлық қыр-сырын жеткізуге талпынады. Жастық максимализм, ережелерді жоққа шығару, әлі күнге дейін бұлыңғыр һәм тұрақсыз түсініктердің аражігін ажыратуға деген құштарлық бар.
Мектепке уақытша келген жас маман оқушылардың санасын оятуға, олардың бойында ізгілік, әділеттілік мұраттарын жетілдіруге, адамгершілік көзқарасты сіңіруге тырысады. Ол шынында басқа адамдардың жақсы өмір сүруі үшін жасаған риясыз еңбегіне өзін шексіз бақытты санайтын жан. Актриса өзінің кейіпкерімен эмоцияның барлық спектрінде өмір сүреді. Қуану, мұңаю, нәзіктік, ғашықтық, ирония, жек көру, үмітсіздік, қорқыныш сезімдері моральдық ұстанымдары қатаң ата-анаға жақпайды. Осы сәтте режиссер әр оқушыны өз қорқынышымен диалогке түсуге шақырады.
Тағы бір түстеп өтер дүние, қойылымда композитор Мархаба Сәби және театр актері Рауан Әбдуәлидің әндері қолданылады. Сахнаның қос бұрышынан Шәміл Айтмұханов пен Сымбат Оңалбаева дуэті сахна ішіндегі үдерісті дамыта отырып, кейбір диалогтерді музыка ырғағымен жеткізеді. Ән бір-біріне қарама-қайшы ұғымдардың бөгетін жарып өтеді. Алдамшы ойлардың ағынына оратылған кейіпкерлердің көңіл күйінің пернесін дөп басқан ноталар, көп ішіндегі жалғыздықтың көрінісі іспетті.
Спектакльдің атауы өзін толық ақтайды деуге келмес. Себебі мұнда үштіктің тартысқа толы оқиғалары бірінен соң бірі толқындай буырқанып, сахна жиегіне ақтарыла құлайды. Ең бастысы, сіз өмірде ұмытылып бара жатқан ең маңызды сезімдерді қайта бастан кешесіз. Содан кейін режиссердің мына бір терминдерді не себепті таған қылып алғанын ойлана залдан шығасыз.
«Екі күрделі заттың арасындағы алмасу реакциясы болуы мүмкін, нәтижесінде, олар өздерінің құрамдас бөліктерімен алмасады және екі жаңа күрделі зат түзеді; Еріксіз тербелістер сыртқы периодтық күштің әсерінен орындалады; Әрбір жасуша басқа жасушалардан тұрады; Дененің массасы мен үдеуінің көбейтіндісі денеге әсер ететін күштердің қосындысына тең; Тартылыс күші денелердің массаларының көбейтіндісіне тура пропорционал және олардың арасындағы қашықтықтың квадратына кері пропорционал».
Қойылымнан кейін менің ойыма мектептегі бала Мұхтардың, яғни өзімнің емлеге сүйенбей, ережеге бағынбай ғұмыр кешуге асыққан қияли сәттерім оралды. Пенде атаулы естігені мен көргенін өз құндылықтары мен пікірлерінің сүзгісінен өткізбей, неге нақты қабылдайды екен? Өкініштісі, үнемі құлағыңызды қолыңызбен тас қылып жауып тұру мүмкін емес.
«...Арманымның бәрін жазар болсам, дәптерге сыймас еді!.. Оған ешкім сене де қоймас. Сенсе, тек Рахманов ағай ғана сенер...»