Аймақтар • 15 Қараша, 2023

Таразда екі театр бір сахнаға таласып жүр

222 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тарихы терең Тараз шаһарда А.Тоқпанов атындағы об­лыстық қазақ драма театры мен Жамбыл облыстық орыс драма театры сынды екі театр ұжымы бар. Алайда екі театрға - бір сахна. Өнер мен мәдениетті өркендетуді жоспарлаған талай әкім аймақты тізгіндегенмен мәселе шешілмеді. Бұл туралы «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында Жамбыл облысындағы меншікті тілшіміз Табиғат Мұсылманқұл «Өңір мәдениетіне тың серпін керек» мақаласында тарқата жазды.

Таразда екі театр бір сахнаға таласып жүр

Тілші көрші Шымкент қаласында 7-8 театрдың жеке-дара отауы бар екенін айта келіп, Тараз театрларына мұндай бақ бұйырмағанына назар аудартады.

Аталған өңірдегі тілшіміз Тәуелсіздік алған 30 жыл ішін­де Батыс Қазақстан, Түр­кіс­тан, Қарағанды, Қостанай, Шы­ғыс Қазақстан, Жетісу облыстары мен Шым­кент қаласында жаңа театр­ ғимараттары салынды. Ендігі кезекте Тараз қаласында да заманауи театр ғимаратын салу уақыт талабы болып отырғанын алға тартады. 

Мақалада облыстық мәслихат депутаты Фарида Жүнісованың жастарды мәдениетке баулу, аға буынның уақытын қызықты үйлестіру ісінде қос театрдың жалғыз сахнаны кезектесе қолдануы кедергі келтіреді деген пікірі алынған.

«Біздің өңірде 1967 жы­лы пай­да­лануға берілгеннен бері қазақ және орыс театры ұжымдары бір ғимаратта 56 жыл бірге жұмыс істеп келеді. Екі театр­дың бір ғи­маратта отырып ең­бек етуі бірін­шіден, екі ұжымның да шы­ғар­ма­шылық жұмыстарының сандық және сапа­лық көрсеткіштерінің дамып, жақса­руына кері әсерін тигізеді. Өйткені жоспарланған қо­йылымдар мен мәдени іс-шаралар өткізу үшін театр сахнасы мен көрер­мендер залын қазақ және орыс драма театрлары бір-бір аптадан кезекпен пайдаланып отыр», дейді Фарида Жүнісова.

Автор саладағы өзге де күрмеулі мәселелерге тоқталған. Оның ішінде театрға кәсіби мамандардың келмеуі - өңірде жастарға әлеуметтік жағдайдың жасалмауымен байланысты деп түсіндіреді.

«Театр мамандарының тапшы­лығы­ның орын алуының бас­ты себебі – Тараз қала­сында жас ма­мандардың әлеуметтік мәселе­ле­рін жақсарту мәселесі шешімін тап­пай отырғандығында. Осы себепті ­театр қызметкерлерінің жа­лақысын кө­теру, жас әртістер­дің ай сайынғы пәтер ақы­ла­рын бюджет есебінен төлеуге мүм­кін­дік жасау және олардың арнайы жеңіл­детілген бағдарлама бойын­ша пәтер алуларына ықпал ету мә­селесі шешімін табуы қажет», дейді автор.

Жамбыл облысындағы өнер мен мәдениеттің ақсап тұрған тұстарын саралаған материалды газетіміздің бүгінгі санындағы «Өңір мәдениетіне тың серпін керек» мақаласынан толық оқи аласыздар.