Саясат • 17 Қаңтар, 2024

Өзекті мәселелер шешімін табады

188 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында электр энергетикасы саласын одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Отырыста электрондық сауданы одан әрі дамыту мәселелері де күн тәртібіне қойылды.

Өзекті мәселелер шешімін табады

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Жаңа қуат көздері іске қосылады

Отырыста Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі штаттық режімде жұмыс істейтінін баяндады. Бүгінгі таңда елімізде 220 электр стансасы жұмыс істейді. Оның қатарында жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 144 ЖЭК объектісі бар. Осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалпы қолда бар қуаттың көлемі 20,4 ГВт, осы күзгі-қысқы кезеңде тұтыну максимумы 16,6 ГВт құраған. Өткен жылы электр энергиясын тұтыну көлемі 115 млрд кВт/сағ. (2022 жылы – 112,9 млрд кВт/сағ.) болды. Электр энергиясын өндіру 112,8 млрд кВт/сағ. көршілес елдерден электр энергиясын импорттау 3,4 млрд кВт/сағ. экспорт 1,4 млрд кВт/сағ. жеткен.

Ел экономикасы мен халқын тұрақты энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін таяу жылдары жаңа энергия қуаттарын кезең-кезеңмен енгізу және қолданыстағы электр стансаларын жаңғырту көзделіп отыр. Бұл ретте электр энергиясын тұтыну көлеміндегі көмір генерациясы үлесінің едәуір төмендеуі жаңартылатын энергия көздерін енгізу және газ генерациясы есебінен қамтамасыз етіледі. Жаңартылатын, баламалы энергияны және газ генерациясын іске қосу арқылы электр энергиясын тұтыну көлеміндегі көмір генерациясының үлесі едәуір төмендейтін болады.

Отырыста ұлттық энергетикалық желінің ағымдағы жай-күйі туралы KEGOС компаниясының басқарма төрағасы Нәби Айтжанов, жаңа ірі жобаларды іске асыру туралы «Самұрық-Энерго» басқармасының төрағасы Қайрат Мақсұтов әңгімелеп берді. Ал Маңғыстау атом энергетикалық ком­би­натындағы (МАЭК) жөндеу жұмыс­­тарының барысы, Қызылорда облы­сын­дағы бу-газ қондырғысы мен Жамбыл облысындағы жел электр стансасының құрылысы туралы өңірлер әкімдері Нұрлан Ноғаев, Нұрлыбек Нәлібаев, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров баяндама жасады.

Премьер-министр электр энергетикасы – ел экономикасының «тамырына қан жүгіртіп», тұрақты дамуға негіз болатын бірегей сала екенін айтты. «Мемлекет басшысы Жолдауында кемінде 14 ГВт көлемінде қосымша қуат көздерін іске қосуды тапсырды. Ішкі жалпы өнімді 2 есеге дейін өсіру үшін бізге осындай көлемде энергия қуаты қажет. Ол үшін энергетика саласы тез дамуға тиіс», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, нағыз аяз кезінде энергетикалық жүйенің дисбалансы ірі өнеркәсіп кәсіпорындары үшін электр энергиясының тапшылығы мен тоқтауына әкеп соқтырады. Болжам бо­йынша елімізде энергия тұтыну көлемі тұрақты өсе беретін болады. Сондықтан қазіргі кезде еліміздегі энергия балансын сақтау үшін батыс өңірлердің газ қуаттарын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Солтүстік және Оңтүстік аймақтар­да гене­рациялау көлемін ұлғайтуға басым­дық берілді. Атап айтқанда, биыл Екібастұз ГРЭС-1-де 1-энергия блогын қалпына келтіру жобасын аяқтау жос­парланып отыр. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңадан Жылу электр орталықтарын салу мәселесі пысықталуда. Оңтүстік өңірлерде газ генерациялау жобалары іске асырылып отыр», деді Үкімет басшысы.

Әрі қарай сөзін жалғаған ол, 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 15% үлесіне қол жет­кізу мақсатында «Total Energies», «Acwa Power» және «Masdar» сияқты стра­тегиялық инвесторлармен ірі жобалар іске асырылатынына кеңінен тоқталды. «Жалпы, 2035 жылға дейін Қазақстанның бірыңғай электр энер­гетикалық жүйесіне шамамен 26 ГВт базалық және маневр­лік генера­­ция­ны іске қосу жоспарланып отыр. Қабылданып жатқан шаралар электр энергиясының тапшылығын жоюға және 2030 жылға қарай оның резервін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деп түйіндеді сөзін.

Бұлармен бірге 2020 жылы Гидро­энер­гетиканы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданғанына назар аудартты. Алайда өткен жылдары экологиялық күн тәртібі өзгерді, су ресурстарының тапшылығы арта түсуде. Осыған байланысты Премьер-министр наурыз айының соңына дейін 2030 жылға дейінгі жаңа жоспарды қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ бұған дейін, бұрын басталған ірі жобаларды іске асыру созылып кеткенін ескертті. Солардың бірі – Екібастұз ГРЭС-2-нің 3-энергия блогын салу жұмыстары. «Бір ай мерзімде құрылыс жұмыстарын бас­тау қажет», деді Ә.Смайылов.

Оған қоса батыс энергетика ай­мағын Бірыңғай ұлттық жүйеге қосу мәселесі шешімін таппай отыр. Осы­ған байланысты «KEGOС» компаниясына биыл «Ақтөбе-Атырау» электр қуатын беру желісін салу жұмыс­тарын бастауды тапсырды. «Бүгінде Энергетика министрлігі жаңа газ генерациялау объектілерін салу орындарын айқындады. Олар – Қызылорда, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау және Ақтөбе қалалары. Осы жобаларды іске асыру үшін ақпан айының соңына дейін қажетті рәсімдерді бастау қажет», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы әкімдіктердің өңірлік электр желілерін дамыту жұмыстарынан шеттеп қалғанын да құлақ қағыс етті. «Өңірлік электр желі­лік компаниялары өздерінің инвес­тициялық бағдарламаларының жасалуы мен орындалуын бақылап отырған жоқ. Бұған желтоқсан айында еліміздің солтүстік өңірлерінде электр қуаты­ның жаппай өшіп қалуы дәлел. Жергілік­ті атқару­шы органдар өңірлік электр желілік компаниялардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етуге тиіс», деп түйіндеді ол.

Алдағы уақытта Қазақстан жаңа қуаттарды іске қосу есебінен өзін электр энергиясымен толық қамтамасыз етеді.

 

Елімізде электронды сауда ұлғаяды

Үкімет отырысында электрондық сауданы одан әрі дамыту мәселелері де көтерілді. Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев электрондық сауда жаһандық экономикалық өсудің жаңа драйверлеріне айналғанын атап өтті. Өткен жылғы қорытынды бойынша елімізде электрондық сауданың үлесі  12,5%-ды құраған. Бұл шамамен 2 трлн теңге екен. Осы ретте былтырғы жылдың 11 айында электрондық сауда көлемі шамамен 2,2 трлн теңгені құрап, бөлшек сау­да көлемінен 13%-ға дейін өсіпті.

Ел азаматтары негізінен интернет арқылы тұрмыстық заттар, киім-кешек пен аяқ киім, азық-түлік, косметика және дәрі-дәрмектер сатып алады. Сондықтан, министрліктің алдында электрондық сауданың үлесін 2030 жылға қарай 20%-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Аталған жұмыс шеңберінде танымал маркетплейстерде отандық өндіріс тауарларының ұсынылуын кеңейту, қойма және логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөнінде шаралар қабылданады.

Жиын барысында электрондық сау­да нарығы өкілдерінің пікірлері де т­ың­далды. Мәселен, «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова пошта операторының қызметі туралы баяндады. Ал отандық интернет-дүкеннің жұмыс тәжірибесі туралы Алуа Көрпебаева айтып берді.

Премьер-министр атап өткендей, қазіргі таңда әлем елдерінде электрондық сауда нарығы тоқтаусыз дамып келеді. 2025 жылға қарай әлемдегі интернет-сауданың үлесі бөлшек саудадан 25%-ға асып түседі деп күтілуде. Оның айтуынша, бұған онлайн және офлайн-дүкендердің бизнес-үдерістерінің өзгеруі, өнімді орналастыру мен жарна­малаудың жаңа форматтары ықпал етіп отыр. Мұның барлығы сатып алушыларды кеңінен тартуға мүмкіндік береді әрі олардың уақытын үнемдейді.

Елімізде 2023 жылы е-коммерция көлемі 2,2 трлн теңгеден асып, барлық бөлшек сауданың 13%-ын құрады. Біздегі нарықтың ауқымды бөлігі шетелдік интернет-алаңдарға тиесілі. «Осы мүмкіндікті өз өнімдерімізді әлемдік нарықта өткізудің қосымша арнасы ретінде пайдалануымыз керек. Сонымен қатар отандық онлайн-дүкендерді де дамыту қажет. Ол үшін төлем жүйелерінің, көлік-логистика инфрақұрылымының және курьерлік қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету керек», деді Ә.Смайылов. Осы орайда тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау да маңызды мәселе екенін атап өтті. Оны шешу үшін қажетті түзетулер әзірленіп, олар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасына енгізілді. Аталған заң қазір Парламент қарауында және жақын арада қабылданады деп күтеміз.

Үкімет басшысының пікірінше, ха­лықпен қатар, бизнестің де цифрлық сауа­тын арттыру қажет. «Бұған электрондық коммерцияға оқыту орта­лық­тары ішінара ықпал етеді», деген ол, бір ай мерзімде отандық онлайн-дүкендерді дамыту және отандық тауар өндірушілерді шетелдік интернет-алаңдарға шығару үшін тиімді шешімдер әзірлеуді тапсырды.

«Бізге өзіміздің бондтық қойма­лары­­мыз қажет. Олар тауарларды елі­міз­­дегі сатып алушыларға, сол сияқ­ты шет­елдіктерге жеткізу үдері­сін оңай­латуға мүмкіндік берер еді. Сон­дық­тан, Сауда министрлігі «Қазпош­тамен» бірлесіп, биыл Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бондтық қой­малардың құрылысын бастауды қамтамасыз етуге тиіс», деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы наурыз айының соңына дейін Ақтауда контейнерлік хабты және Құрық портында электрондық сауданың толыққанды логистика орталығын құруға кірісуі қажет екенін айтты. «Бұл Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту аясында да маңызды», деді Премьер-министр.

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше