Қаржы • 26 Қаңтар, 2024

«Ұлттық қор - балаларға»: Биыл 18 жасқа толғандарға ақша аударыла ма?

2560 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған еді. Заң аясында биылғы 1 қаңтардан бастап, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнайы жинақтау шотына аударылып отырады, деп жазады Egemen.kz.

«Ұлттық қор - балаларға»: Биыл 18 жасқа толғандарға ақша аударыла ма?

Фото: egemen.kz

Заңда 18 жасқа дейінгі балаларға ұлттық қордың табысы тең бөлінетіні айтылған. Осы орайда биыл кәмелет жасына толған азаматтар қордың қаржысына қол жеткізе ала ма деген сауал туындайды. 

Бастапқы межеге сай 2024 жылы 18 жасқа толған жеткіншектер қаржыдан құр қалмайды. Ал былтыр бұл жасқа жеткен азаматтардың есепшотына Ұлттық қордан ақша аударылмайды. 

Ресми санға сүйенсек қор табысының 50 пайызы елдегі 7 миллион балаға үлестіріледі. Оның ішінде биыл шекті жасқа толатын 300 баланың есепшоты қор қаржысы есебінен бір рет қана толығады.

Балаларға берілетін қаржы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинақталады. Осы мекеме мамандары бала қайғылы жағдайға душар болғанда оның есепшотындағы ақша кімге берілетінін айтты. 

«Бала қайтыс болған жағдайда заңмен анықталған мұрагерлер БЖЗҚ-ға тиісті құжаттармен жүгінеді, қағаздар қаралған соң мұрагерлер бұл мақсатты жинақтарды өздерінің банктік шоттарына ала алады, оларға ақшаны белгілі мақсатта ғана пайдалану керек деген шектеу қойылмайды», деді «БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов.

Ал жылдар бойы есепшотында Ұлттық қордан бөлінген қаржы жиналған бала ақшасын екі мақсатта пайдалана алады.

  1. Тұрғын үй жағдайын жақсарту;
  2. Оқу ақысын төлеу.

18 жасқа толғанда шоттағы қара­жат 5-10 жыл бойы сақталады. Осы уақыт аралығындағы пайдаланылмаған қаражатты зейнетақы шо­тына аудару ұсынылады. Сондай-ақ азаматтық заңнамаға сәй­кес іс жүзінде жинақталған қара­жат­ты мұрагерлік бойынша беру мүм­кіндігі де қарастырылған.

Айта кетейік, бағдарлама бойынша алғашқы төлемдер ақпан айының басында балалардың шотына аударыла бастайды. Қаржылық операцияларды азаматтарға арналған электрондық үкіметтің немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтында баланың ЖСН теру арқылы тексеруге болады.