Саясат • 31 Қаңтар, 2024

Жаңа құжат: Судың сұрауы үлкен болады

164 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қабылданды. Сондай-ақ отырыста шағын және орта бизнесті одан әрі қолдау мәселелері де қызу талқыланды.

Жаңа құжат: Судың сұрауы үлкен болады

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Елде су үнемдеу жабдықтары шығарылады

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, құжат саладағы қазіргі ахуалды және үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленген. Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 20 жаңа су қоймасын салу және  жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту көзделіп отыр.

Тасымалдау кезіндегі судың өнімсіз шығынын 50-ден 25%-ға дейін төмендету, ал қолда бар су ресурстарын 2,4 текше км-ге ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы, жоспарланған тәсілдерді іске асыру 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын 2,5 млн га-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Фермерлерді су үнемдеу техноло­гияларын қолдануға ынталандыру үшін суару жүйелерін құруға, оған қоса тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығындарды субсидиялау үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылатын болады. Осының арқасында су үнемдеу технологиялары қолданылатын суар­малы жерлердің ауданы 1,3 млн га-ға дейін өседі, шамамен 2,1 текше км су үнемделеді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігі айтарлықтай артады деп күтілуде.

Бүгінгі таңда hydro.gov.kz цифрлық платформасын құру жұмыстары аяқталып келеді, онда су объектілері, гид­ротехникалық құрылыстар, су ша­руашылығы бассейндері мен учас­келері, гидропосттар және т.б. жи­­нақ­­талған бірыңғай Су кадастры қалып­тастырылатын болады. Оны биылғы 3-тоқсанда өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар министр Тұжырымдамада 3,5 мың шақырымнан астам су арналарын цифрландыру және суару жүйелерінің есебін автоматтандыру көзделгенін айтты. Ал Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірлерде жаңа су қоймаларын салуға дайындық және су үнемдеу технология­ларын енгізу туралы баяндама жасады.

Премьер-министрдің айтуынша, суды тиімді пайдалану – аса маңызды міндеттердің бірі, сол үшін ұсынылып отырған Тұжырымдама осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады. «Оны іске асыру су ресурстарына мониторинг жүргізу мен болжаудың нақты жүйесін жолға қоюға ықпал етеді. Бұл жүйе су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өте қажет. Тұжырымдаманың маңызды бағыты – су шаруашылығына қажетті инфрақұрылымды салу және реконструкциялау. Көп жылдар бойы оларды күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келді», деді Ә.Смайылов.

Мұнымен қатар ол Орталық Қазақстан мен Астананың басты су арнасы – Қаныш Сәтбаев атындағы каналда сорғы стансалары жұмысының тиімділігі небәрі 30% екеніне тоқталды. Үлкен Алматы каналы пайдалануға берілген кезден бас­тап 40 жыл бойы жөндеу жүргізілмеген. Одан бөлек Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында магистральдық және шаруашылық аралық арналардың көпшілігі тозған – нәтижесінде 40% су ысырап болып жатыр.

Үкімет басшысының сөзінше, тұжырымдаманың тағы бір маңызды бағыты – су үнемдеуді ынталандыру. «Су тапшылығында және суды тұтынудың артуы кезінде, ең алдымен, су шығынын азайту мен оны ұқыпты пайдалану өте маңызды. Біз қазір фермерлерге су беру құнын субсидиялап отырмыз. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға жұмсалған шығынның 50%-ын өтейміз. Биыл бұл межені 80%-ға дейін көтеру жоспарланып жатыр», деді ол.

Сонымен қатар Премьер-министр елімізде су үнемдеу жүйелерін енгізу қарқыны төмен деңгейде қа­лып отырғанына назар аудартты. «Тех­но­логиялар құны қымбат. Оған диқандардың көпшілігінің шамасы жетпейді. Сондықтан оларды өзімізде шығаруды қолға алу керек. Мұндай жобалар қазірдің өзінде талқылануда. Оларды іске асыруымыз қажет», деп түйіндеді бұл ойын. Сөйтіп, су ресурстарын пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер жүйесін жолға қою керектігіне арнайы тоқталды. Атап айтқанда, Ертіс өзенінің ресурсын аумақтар арасында қайта бөлуді қарастырудың маңызы зор.

Келесі кезекте – трансшекаралық суды пайдалану мәселелерін шешу. Үкімет басшысы көрші мемлекеттермен осындай келісімдерді әзірлеу аясында келіссөздер үдерістерін күшейту үшін маңызды аргументтер қалыптастыру жағына мән берілуі тиіс екенін атап өтті. «Жалпы, Тұжырымдамада жоспарланған барлық іс-шараны сапалы іске асырып, оған жауапкершілікпен қарау еліміздегі су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірге оны тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі қажет», деген ол өңір әкімдіктеріне 1 айлық мерзімде коммуналдық суару мен жеке суару жүйелерін қалпына келтіру және оларды цифрландыру бойынша жол карталарын қабылдауды, коммуналдық гидротехникалық құрылыстарды жан-жақты тексеруді тапсырды.

Үкімет басшысы Тұжырымдаманы тиімді іске асыру үшін Су саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдау қарастырылғанын айтып, еске салды. «Бұл жоспар Тұжырымдаманы модернизациялау мен салуды қарастыратын су инфрақұрылымы нысандарының нақты тізбесімен толықтырады. Су ресурстары және ирригация министрлігі 2 апталық мерзімде Кешенді жоспардың жобасын Үкімет Аппаратына енгізуді қамтамасыз етсін», деген Ә.Смайылов 1 ай мерзімде отандық су үнемдеу жабдықтарының өндірісін ұйымдастыру жөнінде нақты ұсыныстар беруді тапсырды.

 

60 мыңға жуық бизнес жоба қолдау алады

Үкімет отырысында шағын және орта бизнесті одан әрі қолдау мәсе­лелері талқыланды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бүгінгі таңда мемлекет бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту және әкімшілік жүктемені азайту жөніндегі жүйелі шараларды, сондай-ақ кәсіпкерлік секторды мемлекеттік ынталандырудың тікелей шараларын іске асырып жатыр.

Бизнесті мемлекеттік қолдаудың сұра­нысқа ие шараларының бірі «Бизнес­тің жол картасы» және «Қара­пайым заттар экономикасы» бағдарла­маларының құралдары болып отыр. Атап айтқанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша несие сомасы шамамен 1 трлн теңгені құрайтын 12 мыңнан астам бизнес жобасы кредиттерді субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен қамтылды. 340 млрд теңге сомасына 8 мың жоба бойынша кепілдік берілді.

Қаржылық емес қолдау аясында 10 мыңға жуық кәсіпкер оқытылды. Ал кәсіпкерліктің түрлі мәселелері бо­йынша 166 мыңнан астам кеңес берілді. Биыл бюджетте шағын және орта бизнестің жалғасып жатқан 40 мың және 20 мың жаңа жобасын қолдауға қаражат көзделген.

Министр бүгінде «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіруді көздейтін Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну жөніндегі бағдарламаның әзірленгенін айтты. Бағдарламада бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған салаларды дамытуға баса назар аударылды. Жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар үшін жүзеге асырылады.

Сонымен қатар Бағдарлама субсидия­лаудан кепілдік беру құралдарына және қолдаудың өзге шараларына біртіндеп көшуді көздейді. Кепілдік беру құралы ең тиімді шара болып табылатынын және бизнестің басты мәселесі – банктер алдындағы кепілдердің жетіспеу проб­лемасын шешетінін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Осыған байланысты кепілдік беру бойынша несиелеу сомасы 3,5 млрд теңгеге (кепілдіктер 50%-ға) дейін өсті. Ал Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуші тізбесі кеңею жағына қарай қайта қаралды.

Ұлттық палата президиумының төрағасы Райымбек Баталов «Атамекен» ҰКП арқылы ШОБ-ты қолдау және дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Үкімет басшысы отандық кәсіп­керлерді қолдау мақсатында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өніміндегі үлесі 36,5%-ға дейін өсті. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 40%-ға дейін ұлғаюы керек. «Осы мақсатқа жету үшін қазірдің өзінде кәсіпкерлік қызметте жаңа реттеуші саясат енгізіліп жатыр. Жүргізіліп отырған «таза парақтан» реформасы бизнесті белсендіру жолында ынталандырушы шаралардың тиімділігін арттырады. Бүгінгі таңда 9 мың артық талап алып тасталды. Қалған 1 мыңға жуығы бизнесті жүргізу жөніндегі заң жобасы шеңберінде алып тасталады», деді Ә.Смайылов.

Ол биылдан бастап бақылау мен қадағалау салаларында тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылғанын еске салды. Оның нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру  мен кәсіпкерлерді жауапқа тарту жағдайлары біршама қысқарады. «Осы арқылы бизнес әкімшілік жүктеменің төмендегенін сезіну керек», деп ескертті.

Бұдан бөлек, салықтық ынталандыру аясында былтырдан бері 4% мөлшерлемемен бөлшек салық режімі енгізілді. Еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізілгеннен бас­тап микро және шағын бизнеске жалпы қаржылық жүктеме 34,5%-дан 20%-ға дейін төмендеді. Оның айтуынша, кейбір мәселелер әлі де шешілмеген күйінде қалып отыр. Олар өз кезегінде кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіруде. «Мысалы, әкімдіктер бизнестің базалық инфрақұрылымға қосылу бойынша өсіп келе жатқан қажеттілігін игере алмай отыр. Өңірлер  жоспарланған жобаларды уақтылы пай­далануға беру үшін инженерлік желі­лер мен коммуникацияларды жедел­детіп жүргізулері қажет», деп тапсырды Премьер-министр.

Сонымен қатар ШОБ-тың әрі қарай дамуы үшін салық салудың сервистік моделіне көшуді қамтамасыз ету қажет екенін қадап айтты. Онда бизнеске қолдау көрсетуге көбірек назар аударылады. Ұлттық экономика министрлігіне қосылған құн салығын қайтару мерзімін қысқарту үшін оны әкімшілендіру тәсілдерін қайта қарау тапсырылды. «Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобаларға серпін беру үшін нормаларды пысықтауды жеделдетіп, кейбір салықтардан 3 жыл босата тұру қажет. Салықтардың санын 20%-ға, ал салық жөнінде есеп беру нысандарын 30%-ға қысқарту керек», деді Ә.Смайылов.

Оның сөзінше, жүйе құраушы ірі кәсіпорындардың айналасында отандық кәсіпкерліктің жұмыс істеуі үшін жағдай жасалуы тиіс. Жаңа өндірістерді локализациялауға және оларды ашуға ықпал ететін оффтейк-келісімшарттарды белсендірек пайдаланған жөн. Өз кезегінде, офсеттік шарттарды қолдану технологиялар трансфертіне және қосымша инвестиция тартуға ықпал етеді. «Өнеркәсіп министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге осындай ұзақмерзімді шарттар жасауға қолдау көрсету шараларын пысықтауы қажет», деді Үкімет басшысы.