Қоғам • 02 Сәуір, 2024

Иппотерапия – ат үстінде қонған ем

95 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде 1 сәуірден бастап иппотерапиямен емдеуге кезек алу онлайн платформада жүзеге асырыла бастады. Бұдан былай ата-аналар балаларын иппотерапия еміне әкелуде уақытын үнемдеп, цифрландыру бағдарламасының игілігін көрмек.

Иппотерапия – ат үстінде қонған ем

Коллаждарды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Иппотерапия емін алушылардың қатары жыл сайын артып келеді. Бас қаланың өзінде 7 мыңнан аса ерекше бала тіркеуде тұр. Олардың ішінде мыңға жуық баланың диагнозына сай иппотерапиямен емдеу қажет. Цифрландыру бағдарламасын іске қосу арқылы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені мамандары иппотерапия емін алатын жандарға көрсетілер қызметті нығайтпақ. Азаматтар алды­мен арнайы платформаға ерекше бала­ның жеке дерегін енгізіп, өтінішін жолдайды. Орталық қызметкерлері үш күн ішінде жауап қайтарады.

Кешенде жуас, мініске бейімделген 20-ға жуық ат бар. Әр келген баланы 20 минут сейілге шығарып иппотерапевт-реабилитолог мамандар тікелей қадағалап, жаттығу жүргізеді. Иппотерапиялық ем ат үстінде жүзеге асатындықтан алдымен сақтық талаптары қатаң сақталады. Церебралды сал ауруы, аутизм, тірек-қимыл аппараты зақымданған, бас-ми жарақатын алған жандарға арналған ем-домды жүргізуде иппотерапевт-реабилитолог мамандардың еңбегі ерен. Әр баланың айналасында екі-үштен бақылау жасап бірге жүреді.

Елімізде 2019 жылы ерекше жан­дар­ға лайықталып ат спортынан ип­поте­рапия бірыңғай жүйесі әзірленді. Нев­ро­логиялық, өзге де ақаулығы бар балалар мен ересектердің еміне шипа дарыту бағытында жүзеге асырылып келеді.

Иппотерапия емін алушылар «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені­не аптасына екі мәрте қаты­найды. Астана қаласының тұрғыны Кәмила Райымқұлова ұлының басына жасалған операциядан кейін аяғы жансызданып сал болып қалғанын, ем-дом алуда иппотерапияның көп пайдасы тигенін айтты.

«Біз Астана қаласындағы «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталы­ғынан естіп білдік. Әмірге бірден ұнады. Шипасы да дарып жатыр. Ат үстінде баланың құрысқан дене мүшесі түгел қозғалады, тартылып жансызданған бұлшық еттері де икемге келеді. Алғашында аттан қорқып жуымай қоя ма деп күмәнданып едім, керісінше, иппотерапевт-реабилитолог дәрігерлердің бағыттауымен тез бейімделіп алды. Жол-көлік апатынан кейін баламыздың жансыздан­ған аяғы да икемге келіп, жер басып жүретін болды. Тұрақты келіп ем алып жүргенімізге алты айдан асты, нәтижесі көңіл қуантарлық. Ат үстіндегі серуен науқастың физикалық әлеуетін арттырып қана қоймайды, моральдық тұрғыдан да қанаттандырады. Миына жасалған операциядан соң аяғы жансызданып жүре алмай қалған ұлымды иппотерапия емі қадам баса алатын дәрежеге жеткізді. Әрине, басқа да кешенді ем алудың әсерін жоққа шығаруға болмайды. Мұнда көбінесе тірек-қимыл аппараты зақымданған, тумысынан сал аурумен сырқаттанатын балалар келеді. Оларды реабилитолог мамандар атқа мінгізіп серуендетіп, түрлі жаттығу жасату арқылы ширатады. Әмір арнайы тіркеуде тұрғандықтан дәрігерлердің де үнемі бақылауында. Иппотерапия емін алғалы оң нәтиже болғанына ақ желеңділер де таңданып отыр. Мұнда да бас реабилитолог Айгүл Хайроллақызы өзі де үнемі тек­серіп, қадағалайды. Балам жиі кел­генді, атқа ұзақ уақыт мінгенді қа­лайды. Тіпті кейде тізгінді де өз қо­лына алғысы келетінін айтады, бірақ маман­дардың қатаң бақылауында бол­ған­дықтан, еркімен жүруіне әзірге рұқ­сат жоқ. «Арғымақ» ат-спорттық сауық­ты­ру­­ кешенінің маман­дары келе­шекте жаттығудың уақытын ұл­ғайтса, тамаша болар еді», дейді К.Райым­­құлова.

Орталықтағы мамандар иппотера­пияға мінілетін аттарды арнайы әзір­леп, алдымен жуасытып, мінез-құл­қын бақылайды. Ерекше балалар міне­тін­діктен үрікпейтін, ерсі мінез таныт­пайтын жуас болуы қатаң талап етіледі. Жемшөбін береді, күнделікті жаттығуға дайындайды.

«Иппотерапия емін алуға келген ерекше балаларды бірден атқа мінгіз­бейміз. Білікті реабилитолог дәрігер ма­ман арнайы тексеруден өткізеді, ме­ди­­циналық диагнозын да саралайды», деді орталықтың иппотерапия емі бо­йынша нұсқаушысы Әмина Есина.

«Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешеніндегі мініс аттарының өзіндік стандарты болады. Тым шоқтықты, есік пен төрдей аса ірі болмауы керек, арқалы арғымақ та иппотерапияға қо­лайлы емес. Ерекше балалардың тірек-қимыл аппаратын нығайтуға сеп­те­се­тін иппотерапия емін алушыларға арналған мініс аттары жаттығу­ға үйренген.

Анималотерапияның игілікті арнасы саналатын иппотерапия – жыл­қы жануарынан бөлінетін био­өрісті науқастың еміне дарытуға бағыттайтын дәнекер сала. Ежелгі Эллада елінде Гиппократ меланхолия ауруын атқа мініп емдеуден асқан дауасы жоқ деп байлам салғанын тәпсірлейді ғалымдар. Туғанына биыл 103 жыл толған даниялық спортшы Лис Хартельдің сал ауруын иппотерапиямен еңсеріп, кәсіби спортта екі Олимпиаданың күміс медалін жеңген ерлігі аңыздай айтылады. 23 жасында полиомиелит (жұлынның сал ауруы) кеселіне шалдығып, төсекке таңылған Хартельді аяққа тұрғызған да ат үстінде алған емі еді. 1952 жылы Финляндия астанасы Хельсинкиде өткен жазғы Олимпия ойындарында дат қызы Лис Хартель ат спортынан күміс медаль иеленді. Осы ерлігін араға төрт жыл салып тағы қайталап, 1956 жылы Олимпия ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Демек ерекше балалардың алдында да ешқандай кедергі жоқ. Тағдырдың талқысында пешенесіне жазылған сынаққа сынбайтын рухы биік жандар атқа мініп емделіп жүр. Олар үшін жан­сыз аяғын иппотерапия арқасында апыл-табыл басып, құрысқан қолын жазып, астындағы атын өзі тізгіндеуі де ерлікке пара-пар іс.