Аймақтар • 03 Сәуір, 2024

Майқайыңдағы құтқарушылардың туыстары: Тірі дейін десем – үйде жоқ, өлі дейін десем – бейіті жоқ

857 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Майқайың кенішінде құлаған автобуста қалған екі адамның туыстары көмек сұрап, Астанаға барды. Апаттың болғанына үш айға жуықтаса да, құтқарушы мен автобус жүргізушісінің мәйіті әлі табылған жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Майқайыңдағы құтқарушылардың туыстары: Тірі дейін десем – үйде жоқ, өлі дейін десем – бейіті жоқ

Ал іздеу жұмыстары тоқтап тұр. Марқұмның жақындары құтқару жұмыстарын жалғастыруды талап етіп жатыр. Олар Павлодар облысының әкімдігі мен жергілікті прокуратурадан күдер үзіп, енді іске Президенттің араласуын сұрап отыр.

КТК телеарнасының мәліметінше, құтқарушы Айдос Шәймерденнің әйелі Астанаға шиеттей бала-шағасын ертіп келген. "Асыраушымнан айырылдым, бес баламды енді кім асырайды?" деп отыр. "Жұбайымның мәйітін тауып берсе, ғұрыпқа сай жерлесек" дейді.

Нұрсұлу Шәймерден Павлодарда іздеу жұмыстарын жалғастыруды сұрап, әкімдік пен прокуратураның табалдырығын тоздырған. Еш шара қалмаған соң, Үкіметтен, Бас прокуратурадан көмек сұрап отыр.

- Бізді еститін пенде жоқ. Кішкентай балаларымды алып, Астананың төріне келіп отырмын, "Алып берсе екен, шығарып берсе екен" деймін. Тірі емес екеніне көндік қой, тірі дейін десем – үйде жоқ, өлі дейін десем – бейіт басы жоқ, - дейді құтқарушының әйелі Нұрсұлу Шәймерден.

Топырақ астында қалған екі адам әлі күнге дейін апаттан құтқару қызметінің жұмысшылары ретінде есептеліп, оларға ай сайын жалақы төленіп отыр екен. Мәйіт табылмағандықтан, қайтыс болғаны туралы куәлік те жоқ. Сол себепті екі отбасыға өтемақы төленбеген, асыраушысынан айырылғанын отбасы ретінде жәрдемақы да ала алмайды. Автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтің жақындары істің созылып кеткеніне наразы.

- Төрт кісінің өліміне комбинат жауап бергісі келмей, ағамыздың жұмыс орны, құтқарушылармен соттасайын деп жатыр, соларды кінәлі қылғысы келіп жатыр. Жер солардікі, ойылып кеткен жер солардың қателіктерінен, салғырттығынан болды, оны мойындағысы келіп тұрған жоқ. "Біздің кінәміз жоқ" дейді, - дейді автобус жүргізушісінің туысы Амангелді Тілеубергенов.

Төтенше жағдайлар министрлігі де іздеу жұмыстары қашан жалғасатынын айта алмай отыр. Қазба жұмысының тоқтағанына бір ай өтсе де, сараптама жасалмаған.

- Екі жақ сараптама жүргізіп, құтқарушылар үшін қазба жұмыстары қаншалықты қауіпсіз екенін туралы шешім қабылдауға тиіс. Сарапшылар қауіп жоқ деп шешсе, әрине, іздеу жұмыстары қайта жанданады, - дейді Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов.

Индустрия министрі кен орнында өндірістік қауіпсіздікке қаржы аз бөлінетінін мойындады. "Бұл жағдайды Павлодар әкімімен талқыладық, инвесторға қатысты нақты шешімдер қабылдаймыз" деді Шарлапаев.

- Бұған дейін істегеніміздей, акционермен тікелей диалог құрмақпыз. Ол кеніштегі өндірістік қауіпсіздік пен кен орнын игеруді өз мойнына алады немесе нақты осы инвестордың жер қойнауын пайдалану құқығы мәселесін қайта қарайтын боламыз. Бір шешімге келеміз, - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қанат Шарлапаев.