Кәсіптік бағдар береді
Нарықтың сұранысы сәт сайын құбылып тұрған кезеңде кәсіп таңдау, өз мамандығыңды табу оңай емес. Осы ретте жасанды интеллект көмекке келе алады. Бұған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенті Никита Очешлюк жасаған ЖИ агент түрткі болды. «AI-Sana» бағдарламасы аясында қолға алынған жоба мектеп оқушыларына болашақ мамандықты таңдауға көмектеседі. Әзірлеме бірнеше дәлелденген әдістемені біртұтас жүйеге біріктіреді. Жобаның негізгі артықшылығының бірі – нәтижені жедел ұсыну. 500-ден аса нұсқаны қамтитын кіріктірілген деректер базасы арқылы жасанды интеллект қысқа уақытта қорытынды береді.
Аталған университеттегі «Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект» бөлімінің басшысы, жобаның ғылыми жетекшісі Қалыбек Мауленов жобаның идеясы мектеп оқушыларының нақты қажеттілігінен туындағанын айтады. «Тәжірибе көрсеткендей, бір сыныптағы 25 оқушының тек 5-6-уы ғана болашақ мамандығын нақты айқындаған. Қалғандары ізденіс үстінде. Осыған байланысты жасанды интеллектінің мүмкіндігін пайдаланып, оқушыларға мамандық таңдау үдерісіне саналы түрде қарауға көмектесуді көздедік», деді ол.
Жұмыс тек жоба күйінде қалып қоймай, қолданысқа енгізу мақсатында сынақтан да өткізген. Мәселен, Қостанай қаласындағы С.Мәуленов атындағы гимназиясының жоғары сынып оқушылары жасанды интеллект көмегімен кәсіптік бағдарлау тестілеуінен алғашқылардың бірі болып өткен. Қанатқақты жобаға қатысқан мектеп оқушылары жаңа құралдың практикалық тиімділігін жоғары бағалаған.
Жобаның авторы Н.Очешлюктің айтуынша, жүйе бұрын жеке қолданылып келген бес психологиялық және кәсіптік бағдарлау әдістемесіне негізделген. Барлық әдістеме цифрлық форматқа бейімделіп, біртұтас зияткерлік талдау моделіне біріктірілген.
«Қосымша әдістемелер пайдаланушының озық жақтары мен қабілетін және әлеуетті даму бағытын анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, оқушы тек ұсынылатын мамандықтар тізімін ғана емес, жеке ерекшеліктерін қамтитын кеңейтілген кәсіптік бағдарлау портретін алады. Бұл ретте жасанды интеллект психолог немесе мұғалімнің орнын баспайды. Керісінше, олардың жұмысын толықтырып, уақытты үнемдеуге, объективті талданған ақпарат ұсынуға жол ашады. ЖИ классикалық тесттерді де алмастырмайды, қайта олардың нәтижелерін бір сәтте біртұтас жүйеге біріктіреді. Алгоритм қолмен талдауда байқала бермейтін жасырын байланыстарды анықтайды. Мұндай терең талдаумен әр адам тәуліктің кез келген уақытында таныса алады», дейді студент.
Н.Очешлюк түсіндіргендей, ЖИ төреші емес, дәл навигатор ретінде жұмыс істейді, сондықтан соңғы таңдау әрдайым адамның өзіне тиесілі. Қателесу қаупі барынша азайтылған. Өйткені алгоритм тек дәлелденген ғылыми әдістемелерге сүйенеді. Бот шешімді таңбайды, тек ең қолайлы нұсқалар аясын тарылтуға көмектеседі. Ең жақсысы, ЖИ-агент Telegram платформасында қазақ және орыс тілдерінде тегін қолдануға болады: @UniCareerKzBot, @UniCareerBot.

Талаптыға «Talapker»
Кәсіптік бағдарлау кезеңінен сәтті өтіп, мектепті бітіргелі жүрген оқушы енді жоғары білім алуды көздейтіні анық. Ізденімпаз ізденушілер бұл кезеңді де жеделдету мен жеңілдетудің жолын тауыпты. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарына түсуші талапкерлер мен олардың ата-аналары оқу бағдарламалары, құжат тапсыру тәртібі, оқу ақысы туралы нақты ақпаратқа мұқтаж. Әсіресе жаз мезгілінде талапкерлердің көп болуына байланысты, бұл жағдай қабылдау комиссиясы қызметкерлеріне айтарлықтай жүктеме түсіреді. Осы мәселені шешу мақсатында А.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының 4-курс студенттері Дарина Есетова, Ділназ Өтегенова, Нұрдаулет Түгелов жасанды интеллект технологиясына негізделген «Talapker» жүйесін ұсынды. Жобаның негізгі қолдану аудиториясы – талапкерлер, олардың ата-аналары, басқа университетке ауысқысы келетін студенттер, қабылдау комиссиясының қызметкерлері. Жүйе пайдаланушыларға автоматтандырылған түрде кеңес беріп, ақпарат алмасу үдерісін жеңілдетеді.
Жоба авторларының бірі Дарина бізге баяндағандай, «Talapker» web-қосымшасы бірқатар маңызды функцияларды қамтиды. «Біз әзірлеген AI кеңесші жүйесі жиі қойылатын сұрақтарға жауап береді (қажетті құжаттар, қабылдау мерзімдері, оқу ақысы, жатақхана, әскери кафедра бойынша), құжат тапсыру үшін үйден онлайн брондауға, өтінімдердің мәртебесін бақылауға жағдай жасайды, мамандық таңдау бойынша ұсыныс береді. Сонымен қатар балл калькуляторы арқылы талапкерлер өз мүмкіндігін алдын ала бағалай алады. Жүйеде хабарландыру, еске салу функциялары енгізілген, бұл маңызды мерзімдерді өткізіп алмауға көмектеседі. Техникалық тұрғыдан алғанда, жүйеде табиғи тілді өңдеу (NLP) технологиялары қолданылып, чат-бот, телеграм бот модульдері арқылы пайдаланушымен интерактивті байланыс орнатылады. Дыбыстық енгізу, көптілді қолдау (қазақ, орыс, ағылшын тілдері) жүйенің қолжетімділігін арттырады», дейді студент Д.Өтегенова.
Жобаны енгізу нәтижесінде қабылдау комиссиясының жүктемесі төмендейді, ал өтінімдерді өңдеу уақыты екі есеге дейін қысқарады. Талапшыл студенттердің ғылыми жетекшісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіндегі «Информатика және ақпараттық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы Ерғали Құрманғалиев жобаның тағы бір тиімді тұсына тоқталды. Оның айтуынша, «Talapker» жүйесінде ақпаратты өңдегенде адам факторынан туындайтын қателіктер азаяды.
«Бенчмаркинг нәтижелеріне сәйкес осындай жасанды интеллект негізіндегі жүйелер қабылдау үдерісін 30–60%-ға дейін жеделдетіп, пайдаланушылардың қанағаттану деңгейін 85–90%-ға дейін арттырады. «Talapker» – білім саласындағы цифрлық трансформацияны жүзеге асыратын тиімді шешімдердің бірі. Жоба құжат қабылдау үдерісін жеңілдету арқылы қабылдау комиссиясының қызмет сапасын арттырады, пайдаланушыларға ыңғайлы цифрлық орта қалыптастырады. Болашақта жүйені кеңейту, мобильді нұсқасын әзірлеу, ЖОО-ға құжатты қалаған жерден онлайн тапсыруға жеткізу жоспарланып жатыр», дейді Е.Құрманғалиев.

Зиян затты анықтайтын жүйе
Өткенде «Қазақстан – академиялық білім аймағы» халықаралық стратегиялық серіктестер форумының аясында студенттер әзірлеген ЖИ жобалар іріктеліп, үздіктер анықталды. Сондағы үздік жобалардың бірі – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері Арман Ляйлиев пен Жания Жұмал әзірлеген жұмыс болды. Олар компьютерлік көру технологиясы арқылы қоқыс ағынындағы пластик заттарды анықтайтын жүйе жасап шығарды. Модель камерадан алынған бейнелерді талдап, нақты уақыт режімінде пластиктің бар-жоғын анықтайды әрі «RIC»жүйесі бойынша сұрыптауға мүмкіндік береді.
Жоба жетекшісі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ғы Жасанды интеллект технологиялары кафедрасының оқытушысы Рамазан Маратұлының айтуынша, қалдықтарды өңдеу тақырыбы қазіргі заманда экологиялық мәселелер тұрғысынан өзекті. Жоба ЕҰУ-дегі Лубан зертханасында жүргізілді, онда студенттер бастапқыда бағдарламаланатын логикалық контроллерлерді (PLC) пайдаланып автоматтандыру мәселелерін қарастырды, кейінірек жасанды интеллект пен компьютерлік көру технологияларын біріктіру арқылы шешімді кеңейтті. Жобаның тұжырымдамасы қалдықтарды қайта өңдеудің бар мәселелерін талдау, сұрыптау тиімділігін арттыру қажеттілігінен туындады.
«Жобаны әзірлеу бірнеше айға созылды, оның ішінде зерттеулер, әзірлемелер мен прототиптер сынақтан өткізілді. Нәтижесінде, қалдықтар ағынындағы пластикалық заттарды нақты уақыт режімінде анықтай алатын, сұрыптаудың дәлдігі мен жылдамдығын арттыратын жүйе пайда болды. Жоба қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымы мен ақылды қала жүйелерінде енгізудің әлеуетті шешімі ретінде қарастырылады. Топ нақты сектордың талаптарын ескере отырып, жобаны одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Академиялық конференциялардың жеңімпазы, ойын әзірлеу клубының жетекшісі Жания Жұмал жобаның ғылыми, ұйымдастырушылық аспектілеріне айтарлықтай үлес қосты. Арман Ляйлиев те хакатондарға белсенді қатыса отырып, терең практикалық дағдыларын дамытты. Бұл өз кезегінде оларға осы шешімді жүзеге асыру үшін күшті команда ретінде әрекет етуге үйретті», деді Р.Маратұлы.
Жоба авторларының бірі Жәния Жұмалдың айтуынша, аталған идея күнделікті қарапайым дүниеге зер салғаннан туған. Бірде олар пластикалық бөтелкеден су ішіп отырып, бөтелкенің сапасы әртүрлі екенін байқаған. Содан бұған тереңірек қызығып, мұның себебін түсінуге тырысады. Зерттеу барысында олар пластиктің әртүрлі түрі мен сипаттамасы бар екенін анықтаған. Сөйтіп, олар ұзақ уақыт бойы пластикті нақты материалдардан қалай әрі оңай ажыратуға болатынын түсінуге тырысқан. Бұл жобаның қиын кезеңінің бірі болған.
«Біз ақырында экологтермен кеңесіп, пластиктерді ажырату үшін жарықтың шағылысуын, түс қанықтылығын пайдалану тәсілін таптық. Осыдан кейін тұрмыстық қалдықтардан пластикті автоматты түрде анықтау үшін робот қолды пайдалану идеясын ойлап шығардық. Сөйтіп, мұны толыққанды жүйеге айналдыруға болатынын түсіндік. Болашақта біз жобаның функционалдығын кеңейтіп, RIC (Resin Identification Code) санаттары бойынша пластик сұрыптауды енгізгіміз келеді. Бұл қайта өңдеуге арналған материалдарды дәлірек бөлуге, жүйенің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде жобаның әлеуетін көріп отырмыз. Сондықтан болашақта оны жетілдіруді, қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмыз», дейді Ж.Жұмал.