Таным • 03 Сәуір, 2024

Алғашқы робот

69 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір екі күннің бірінде робот, жасанды интеллект, цифрлық технология деген сөздерді естіп жүрміз. Көпшілігі оны әлі де жаңа нәрсе деп ойлайды. Алайда құлтемірдің тарихы біз ойлағаннан да тым тереңде.

Алғашқы робот

Әлем­дегі ең ал­ғашқы роботты 1773 жылы әйгілі швей­цариялық са­ғат жасаушы Пьер Жакет-Дроз жасап шы­ғарған. Оның жаңалығын бір көр­генде қарапайым ға­на ойыншық деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда оның ішінде алты мың бөлшектен тұратын, өздігінен жұмыс істейтін құрылғы орнатылған. Ал таңғажайып бала роботтың аты жай ғана – «Жазушы». Себебі ол айтылған сөздерді бірден қағазға түсіріп отырады. Сонымен қатар сурет салады, тіпті музыка ойнай алады. Бір қызығы, содан бері 250 жыл өтсе де алғашқы робот әлі күнге дейін пайдаға жарап тұр. Оны Швейцарияның Нойшатель қаласындағы өнер тарихы мұражайынан көре аласыз.

 

Үлкен телескоп

апр

Адамзат аспан әлемін зерттегелі бері неше түрлі телескоп ойлап тапты. Ең шағын түрін орыс ғалымы Сергей Кузин жасап шығарды. Ал ең үлкен радиотелескоп Қытайда орналасқан.

Қытай елінің Гуйчжоу провинция­сында салынған бұл радиотелескоптың үлкендігі 30 футбол алаңындай болады. Осыған дейін ең үлкен телескоп саналған Арисибоның диаметрі – 300 метр. Ал біз айтып отырған «FAST» (Five hundred meter Aperture Spherical Telescope) радио­­телескопының диаметрі 500 метр. Құ­рылғыға ең жақын елді мекен бес шақырым қашықта орналасқан. Өйткені бұл радиотолқындарды еш кедергісіз қа­былдауға мүмкіндік береді. Әлемдегі ең үлкен радиотелескоптың құрылысын бастау туралы идея 1994 жылы көтерілген еді. Қазір ол тек ғылыми зерттеу орталығы ғана емес, сонымен қатар туристік орынға да айналды.

 

Кішкентай домбыра

впр

Әлемдегі ең кішкентай домбыраны 2012 жылы Болатбек Кәрімханұлы жасады. Шынашақтай домбырасы шебердің атын Гиннесстің рекордтар кітабына енгізді.

Бала күнінен ағаштан ою ойып, түрлі бұйым жасауды жанына серік еткен Болатбек Кәрімханұлы төрткүл дүниенің назарын төл мұрамызға аудар­ту мақсатында бір ай көлемінде тер төккен. Алғашында шебер созсаң қолың, құшақтасаң құшағың жетпейтін әлемдегі ең үлкен домбыраны жасағысы келеді. Алайда оған қомақты қаражат кететіні анық. Бірақ Болатбек алған бетінен қайтпай, неғұрлым шағын етіп жасауға бел буады. Алдымен домбыраның сыртқы қабын, сонан кейін барып аспаптың өзін жасайды. Нәтижесінде, ұзындығы – 45 мм, ені – 14 мм болатын домбыра дайын болады. Осылайша, шебер жігіттің қолынан шыққан шағын ғана саз аспабы Гиннестің рекордтар кітабына еніп, 01-1201-09541 нөмірлі куәлікке ие болды.