Таным • 03 Сәуір, 2024

Смағұлтанудың жаңа белесі

1035 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жылдың соңында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инс­титуты (директоры З.Қабылдинов) смағұлтануға үлес болып қосылатын үш жинақ шығарды. Олар: «Государственная, общественная и научно-педагогическая деятельность Смагула Садвокасова. Сборник документов», «Государственная, общественная и научно-педагогическая деятельность Смагула Садвокасова (на основе новых архивных и письменных источников)», «ХХ ғасырдағы Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы ұлттық құндылықтар мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы. Бұл жұмыстар Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржылық қолдауымен (АР 09261139 жобасы) әзірленді. Тақырыптың жүйеленіп, зерттеліп, жариялануында тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Отан тарихы» журналының бас редакторы, профессор Гүлнар Мұқанованың еңбегі зор. Сондай-ақ осы елеулі ғылыми жұмысқа атсалысқан ғалымдар: З.Қабылдинов, Д.Қамзабекұлы, З.Байжұманова, Ш.Бұлғауов, Д.Қасымова, С.Жұматай, С.Сүлеймен.

Смағұлтанудың жаңа белесі

Жинақтарға енген материалдар архив материалдары Қазақстанның және шетелдің (Өзбекстан Республикасы, Ресей Федерациясы) мұрағаттарынан, ұлт­тық кітапханаларының сирек кітап­­тар мен қолжазбалар бөлімі қо­ры­нан алынды. Ұсынылған құжат­­тардан мемлекет және қоғам қайрат­кері, журналист, әдебиеттанушы, жазушы, мәдениеттанушы Смағұл Садуақасұлының (1900-1933) қалыптасу, даму кезеңдері көрініс тапқан. Сондай-ақ осы қайраткердің ХХ ғасырдың 20-жылдардағы түрлі саяси, мәдени, әлеу­меттік-экономикалық ізденіс пен текетірестегі ұстанымы, ой-пікірі жеткізілген. Алаш зиялыларының білік-тілік деңгейі мен большевизм тұсындағы алуан тағдыры С.Садуақасұлына қа­тысты деректер негізінде байыпталған.

Еңбектің алғысөзінде тарихшы Гүлнар Мұқанова: «Ауыр кезеңнің құжаттарына қарап, адам жаны қан­құй­лы репрессия мен түрлі нақақ айыптаулардың құрыш машинасы алдында қандай нәзік, шетін болса, Отан, ел, адамшылыққа деген сенім, махаббат сынды киелі ұғымдардың алдында асқақ екенін байқадық», деп жазады.

«ХХ ғасырдағы Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы ұлттық құндылықтар мәсе­лелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ма­териал­­дарында С.Садуақасұлының өмірі мен қызметіндегі ақтаңдақтар жаңа әдіснама аясында зерттеліп, оның әріптестері мен замандастарының көпқырлы мұрасы да қарастырылған. Бұл жинақ жалғыз бір тұлғаға ғана арналмаған, ел тарихының күрделі кезеңін, тұлғалардың саяси портретін қам­тыған.

Смағұлға арналған жинақтардың тағы бір ерекшелігін айта кеткен орынды. Ғалым Г.Мұқанова С.Садуақасұлының бұрын белгісіз болып келген бірнеше еңбегін ғылыми айналымға енгізіп отыр. Мысалы, «Марттың 18-і Париж комуны», «Өзгеріс һәм оқығандар», 1923 жыл календарындағы «Коммунистік партия манифесі», 1925 жылы «Учительская газета» басылымына шыққан сұхбаты, т.б.

Архив құжаттары ішінде С.Садуақас­­ұлы қайтқаннан кейін отбасына «дербес зейнетақы» тағайындауды сұра­­ған Т.Рысқұлов пен Н.Нұрмақовтың хаты, қайраткердің саясаттан шеттетілген кезеңінің бұйрық-шешімдері, осы тұлға қатысқан жиындардың стенограммасы, іргелі мақаларына байланысты түрлі көзқарас (жазбалар), 1930-1932 жыл­дары ОГПУ-НКВД сұрақ-жауап­­та­рын­да Смағұлға байланысты деректер ғалымдар мен мамандарды селт еткізбей қоймайды.

Осы ғылыми жобаға қатысқан жас ғалым Самат Жұматай: «Ресей архивтері қорындағы материалдың көшірмесін арнайы рұқсатпен немесе қайраткер туысқандарының келісімімен ғана аласыз. Көрудің де өзі сондай. Осындай сәтте қолұшын берген Әлихан Бөкейханның шөбересі, заң ғылымдарының кандидаты, отставкадағы подполковник Петр Евгеньевич Бөкейхановқа алғы­сы­мыз шексіз. Өздеріңізге мәлім, Смағұл – Әлекеңнің күйеу баласы. Петр ағамыз­­­дың Мәскеуде тұрғанына қуанып кеттік. Міне, осындай тосын оқиға болды», деп еске алады. Ол осы және басқа да қызықты сәттер туралы таяуда Астана қаласындағы С.Садуақасұлы атындағы №78 мектеп-гиманзияда өткен кездесуде айтты.

Смағұлтануға қатысты жаңа зерттеулер, тың құжаттар ғалымдар мен білім жүйесі мамандары арасынан өз оқырманын табады деп есептейміз.

 

Сабыр ШӘРІП,

PhD