Аймақтар • 04 Сәуір, 2024

Қауіп сейілген жоқ

63 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыста қарғын судың легі біртіндеп солтүстік бөлікке қарай жылжып барады. Негізгі қауіп қазіргі күні Ақтоғай, Успен, Ертіс, Шарбақты, Тереңкөл, Железин аудандарында сақталып отыр.

Қауіп сейілген жоқ

Ақтоғай ауданында күрделі жағдай қалыптасқан. Осы апта­ның басында Жалаулы аулында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Мұнда 14 үйді топан су басып қалды. Жалаулы аулы ойпаң жерде орналасқандықтан, жағдай күрделі болып тұр. Су ортасында қалған баспаналардың тұрғындарына жергілікті билік хал-қадірінше көмектесіп, оларды уақытша туыстарының үйіне орналастырды. Малдары құрғақ жерге айдап шығарылды.

Аумақтағы Шолақсор ау­лы да қауіп көзінде қалған болатын. Жергілікті атқарушы ор­гандардың өкілдері мен ТЖД қызметкерлері күш біріктіріп, ауылды су басудан аман алып қалды.

«Шолақсор аулының ай­наласындағы топырақ үйінді­сі, бөгет топырақпен және құм толтырылған қапшықтармен нығайтылды. Ауылға кіретін жолдың айналасы да биіктетілді. Осылайша, тұрғын үйлер мен жергілікті ұйымдарды су басуға жол берілмеді. 2 техника және 2 жүзу құралы жұмылдырылды. Аталған елді мекендегі су дең­гейінің өзгеруін ТЖД-ның 6 қызметкері бақылап отыр. Барлық тартылған күш пен құрал қазір Жалаулы аулына бағытталды», деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.

Кешегі жағдай бойынша ав­токөлік жолдарының бір бө­лігінде және Павлодар, Ақто­ғай, Тереңкөл, Успен, Ертіс, Шар­бақты аудандары бойынша жалпы саны 10 учаскедегі жағдай бақылауда тұрғаны белгілі болды. Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 435 адам, 145 техника, 47 мотопомпа, 2 жүзу құралы жұмылдырылған. Өткен тәулікте 108 876 текше метр су сорылып, 2 850 қап, 150 тонна инертті материал төселді.

Білім беру басқармасы Ақто­ғай ауданына қарасты Шұға, Жалаулы ауылдарының оқу­шы­лары төртінші тоқсанды қашық­тан оқи бастағанын хабарлады. Жалпы саны 104 бала онлайн түрде білім алып жатыр.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Олег Трещевтің айтуынша, қарғын су қазіргі уақытта облыстың оңтүстік аймақтарына қарай ойыса түскен. Кейінгі күндері топырақтағы тоңның беті жіпсіп, су жақсы сіңе бастаған. Әйтсе де солтүстіктегі, Ресеймен шекаралас ауылдарға қауіп төнуі мүмкін. Бұл өңірлерде қар әлі толық ери қоймаған. Елді мекендерден қар шығарылып, арықтар қазылып жатыр.

Бүгінде арнайы комиссия барлық су басқан үйге кел­тірілген залалды бағалау жұ­мыс­тарына кірісті. Комиссия жұ­мысының қорытындысы бойын­ша барлық зардап шеккендерге облыс бюд­жетінің резервінен және бюджеттен тыс қаражат есебінен көмек көрсетіледі.

Железин ауданындағы Ми­хайловка, Веселая роща ауылдарында құтқарушылар қызыл суды арық қазу арқылы бұрып жатыр. Барлығы 6 жедел топ пен 60-тан аса техника бар.

«Кейінгі күндері Тереңкөл ауданының Томарлы және Железин ауданының Веселая роща, Михайловка ауылдарына даладан аққан судың ағыны едәуір өсті. Оларды тосқауыл бөгеттер жасап, судың ағысын бұруға арналған арықтарды қазу арқылы тоқтату мүмкін болды. Бұл ауылдардағы үйлерді су басу қаупі жойылды, бірақ жұмыс тәуе­кел­дер толықтай жойылғанға дейін жалғасады», деп атап өтті өңір басшысы Асайын Байханов.

 

Павлодар облысы