Талбесік • 05 Сәуір, 2024

Қатты қалдық өңдеуде кедергі көп

123 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Республикамыздың «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай елімізде коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткіші 40%-ды құрауға тиіс. Кейінгі жылдары қалдықтарды басқару жүйесінің әр деңгейінде көптеген мәселе қордаланғанын ескерсек, бұл көрсеткішке қашан қол жеткізетініміз әлі белгісіз.

Қатты қалдық өңдеуде кедергі көп

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Былтыр қатты тұрмыстық қал­дықтарды (ҚТҚ) кәдеге жарату көрсеткіші бірнеше пайыздық тармаққа төмендеген. Мысалы, 2022 жылы өңделген қатты тұрмыстық қалдық­тардың үлесі – 25,4%, ал был­тыр 23,9% болған. Оның себебі қал­дықтарды өңдейтін зауыттар көр­сеткішінің динамикасында емес, есептеудегі қателіктерде екен. EnergyProm мониторингтік ком­паниясының мәліметінше, 2023 жылға дейін елордада қайта өңделген қалдықтардың үлесі (75,2%) қате көрсетілген. Нақтырақ айтқанда, бұл – өңделген емес, сұрыпталған коммуналдық қалдықтар. Ал бас қалада ҚТҚ-ны қайта өңдеу үлесі – небәрі 17,1%. Ұлттық индикаторға Астананың 2023 жылға дейінгі қате мәліметтері әсер етіп, оны шын мәніндегіден жоғары етіп көрсеткен. 2021-2022 жылдарға арналған деректерге енгізілген түзетулер Ұлттық статистика бюросының есебінде жоқ болып шықты. Былтырғы ұлттық индикаторды қайта есептегеннен кейін кезең соңына дейін жоспарланған 27%-ға жету мүмкін болмайтыны белгілі. Сөйтіп, өңдеу үлесі өспей, керісінше азая түскен. Кейінгі бір жылда 4,1 млн тонна қатты тұр­мыс­тық қалдықтар жиналған, бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 4,7%-ға аз.

Қазіргі кезде әрбір бес қазақ­стандықтың төртеуінің ғана қоқыс­тарды коммуналдық қызметтер босатып шығаратын арнайы контейнерлерге тастауға мүмкіндігі бар. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, ҚТҚ-ны жинау және шығару қызметтері тұрғындардың 19%-ына қолжетімсіз. Үйлерін көмірмен жылытатын ауыл тұрғындарының тағы бір қиындығы – күлді апаратын жердің жоқтығы. Инфрақұрылымның баяу дамуы проблеманы күрделендіре түсетіні айқын. Экология және табиғи ресурс­тар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, қазір елімізде 82 мың контейнер жетіспейді. Ірі қалалардағы коммуналдық кәсіпорындар қо­қыс шығаратын техниканың тап­шылығына алаңдаулы. Оған қоса полигондардың аз ғана бөлігі заманауи экологиялық қауіпсіздік стан­дарттарына сай салынған. Мә­селен, 3 мың полигонның тек 20,6%-ы ғана санитарлық норма­ларға сай, қалғандары толып кеткен, не заңдастырылмаған не қал­дық­тарды нығыздаудың ескі әдіс­терін қолданады. Бұл кедергілер қо­ғамдық қоқыс алаңдарына тас­тауға тыйым салынған құрылыс қалдықтарымен қоса, өздігінен қоқыс полигондарының пайда болуына әкеледі. Жағдайға шенеуніктердің жиі айтатын халықтың экологиялық мәдениетінің төмендігінен бөлек, тұрғындардың коммуналдық кә­сіп­орынға қалдықтарды жүйелі түрде, тым қымбатқа бермей өткізіп тұруына мүмкіндіктің жоқтығы себеп болып отыр. Қоқысты полигонға апар­ғаннан гөрі айыппұл төлеу арзанырақ дейтін шенеуніктер қо­қысты белгіленбеген жерде сақ­тағаны үшін айыппұл мөлшерін көбейтуді ұсынды. Статистикалық мә­ліметтер елімізде жыл сайын мың­­даған заңсыз қоқыс полигоны пай­да болатынын көрсетеді. Былтыр олар­дың 5,5 мыңы анықталып, 86%-ы жо­йылды. Олардың саны әлі де жо­ғары болғанына қарағанда, рұқсат етіл­меген үйінділердің пайда болу се­бептерін анықтау – басты міндет емес. Атқарушы билік полигондар анық­­талып, жойылғанда ғана есеп береді.

Барлық түйткілді жүйелеп, іс-шаралар жоспарын жасау үшін әкімдіктер былтырғы қарашаға дейін қалдықтарды жүйелеудің жеке бағдарламаларын әзірлеп, бекітуге тиіс болған. Алайда жыл соңына қарай олардың 75%-ы бұл жұмысты атқаруға да кіріспеді. Желтоқсанда тиісті сала басшысы бұл мерзімді биылғы шілдеге дейін ұзартуды ұсынды. Әкімдіктердің міндетінде полигондар үшін жер телімдерін бөлу және есепке алу, қажетті ин­фра­құрылыммен қамтамасыз ету, сұрыптау желілері мен қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу үшін мемлекеттік-жекешелік серіктестік (МЖС) аясында инвесторларды тарту бойынша жұмыс бар. Бұ­қаралық ақпарат құралдарындағы көптеген жарияланымға қарағанда, қалдықтарды өңдеу саласындағы мемлекет пен бизнестің серіктестігі мәселесі былтыр кәсіпкерлердің алдында маңызынан айырылды. «KazWaste» қалдықтарды басқару қауымдастығының өкілдері өз па­рақшасында келтірген бірнеше мысал – осының дәлелі. Өткен жылғы шілдеде Алматы әкімдігі қоқыс шығаратын ірі компанияны нарықты монополиялады деп айыптап, МЖС келісімін бұзу туралы шешім қа­былдады. Ақтөбеде де жергілікті билік коммуналдық кәсіпорынмен ынтымақтастығын тоқтатып, соның салдарынан үш апта бойы қаладан қоқыс шығарылған жоқ. Сол секілді Риддерде қалдықтарды жинайтын «Фирма Эталон» ЖШС компаниясы тұтынушыларға жіберген хаттарында төмен тариф бойынша бұдан былай шығынмен жұмыс істей алмайтынын мәлімдеген. Кәсіпорын көмектің орнына Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінен заңды бұзғаны туралы ескерту алды. «KazWaste» сарапшыларының пікірінше, тарифтер проблемасы, қалдықтарды жинау мен шығару үшін төлемнің төмен жиналуы жалпы республикада жиі кездеседі. Компаниялар қазіргі жағдайға қарамастан жұмыс көлемін еңсеруге тырысып жатыр.

Өңдеу кезеңінің өзіндік қиындығы бар. Қатты қалдықтарды бөлек жинау деңгейі төмен болғандықтан (кем дегенде ылғалды және құрғақ фракцияларда) оларды сұрыптау қолмен жүргізіледі. Соңында қайта өңдеуге жарамды қалдықтардың үлесі аз болып қалады. Сұрыптау желілері кезеңінде кәсіпорындар өңдеуге немесе сатуға болатын қайта өңдеуге жарамды заттарды ғана алуға мүдделі. Әдетте бұл – ПЭТ бөтел­келері, басқа да полиэтилен өнімдері, макулатура, тұрмыстық және ком­пью­терлік техника, шиналар. Қайта өңдеу нарығына кәсіпкерлік қызығушылықты Экология министр­лігіне қарасты Tabigat.gov.kz қор­шаған ортаның жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі жариялаған қабылдау пункттерінің интерактивті картасынан көруге болады. Осы жылдың наурызындағы мәліметке сүйенсек, әр облыста, мегаполис­терде пластик пен макулатураны қабылдау пункттері бар. Еліміздегі 20 өңірдің 13-інде тұрмыстық техника, тек үшеуінде ағаш, Ақтөбе облысында ғана пайдаланылған сүзгілер қайтарылады. Фандоматтар әзірге тек Астанада орнатылған.

Министрлік мәліметінше, 2024-2026 жылдары бюджет үздік еуро­палық тәжірибе ескерілген жаңа қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу зауыттарын іске қосу жобаларын қаржыландыруға 200 млрд теңге бөлмекші. Алдын ала пулға 60 млрд теңгенің 11 жобасы кірген. Мемлекет бұл ақшаны 3%-бен беруге дайын. Елімізде бір жарым жылға жуық мемлекеттік субсидия­лау жүйесі жұмыс істемей, оның көмегінсіз ҚТҚ жинап, өңдейтін 100-ден аса жеке кәсіпорын банкротқа ұшырап, жабылып қалғаннан кейін бұл қаражатты алуға кезек бола қояр ма екен?