Тұлға • 04 Сәуір, 2024

Бұл Қасымды да бір байқаңыздар!

172 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қасымның жаңа суреті табылды. Қазақ әдебиетінің классигі Қасым Аманжоловтың ел білетін суреті аз емес. Бірақ бұған дейін баспа бетін көре қоймаған, БАҚ-та жарияланбаған мына суреті туралы әңгіме бөлек. Фотосуретті Алматы мемлекеттік мұрағатын­дағы әдебиеттанушы ғалым, сыншы Есмағамбет Ысмайыловтың жеке қорынан алып, бізге мәліметімен қоса таныстырушы – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, PhD Жанбота Кәріпбаев екенін айта кеткен жөн.

Бұл Қасымды да бір байқаңыздар!

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Әдебиеттану ғылымымен шұғылданатын Жан­бо­та­ бұл құжатты Е.Ысма­йыловтың қорынан көзі шалған бойда суретке тарта қойса керек. Фотодан түсіріліп алғандықтан сәл бұлыңғырлау көрінгенімен, ақынның албырт жастығын, бойындағы қуатын әрі мен деп қасқайған рухын анық аңғартатын бірден-бір поэтикалық суреті осы болмақшы, тегінде. Сурет Қасым жалғыз болмағанымен де құнды. Арасында ақын қасқайып, ерекшеленіп тұр. Солдан оңға санағанда бірінші отырған Есмағамбет Ысмайыловтың өзі, екінші сәл жоғарырақ қонақтап отырған тұлғаны тани алмадық, үшіншісі – Қасым Аманжолов. Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай ортадағы жас жігіт Жұмағали Саин екенін айтыпты, алайда анықтау керек. Фотосуреттің астына «К-Боровое, 1939 г.» деп жазылған.

Жанбота Кәріпбаевтың айтуын­ша, бұлар сол кезде әр салада жүрген қазақтың маңдайалды жастары. Арасында Ермұхан Бекмаханов та болған деседі екен білетіндер. Былайша айтқанда, болашағынан үміт күттіретін қазақ жастарының басын қосып, Көкшетауға екі ай демалысқа курортқа апарып, комсомолдан коммунистік партияға қабылдаған. Партиялық үгіт-насихаттан бөлек олар сауықтыру кешенінде ем алған. Мұндағы қырыққа жуық талантты жастың түгелі дерлік кеуде ауруына шалдыққандықтан, Бурабайға әкеп, қымызбен емдеген және бір жағынан миларына партияның жолын сіңіруге тырысқанын айтады.

Әңгіменің жаны бар. Себебі Есмағамбет пен Қасым құрдас, 1911 жылғы, орталарындағы жігіт те осылар құралпы. Мәселе, осы уақытта туғандардың көбінің кеудесі ауыратыны – сұмдық факт. Ұлт басынан кешірген қасіретті әйгілейді. Қасым 45-ақ жасында құрт ауруынан қайтса, Есмағамбет 55 жастан аспапты. Екінші жас Жұмағали Саин болса (ол 1912 жылы туған), 50-ге жетпеген.

Қасым шығармашылығы мен өмірі туралы естелігінде Есмағамбет Ысмайылов ақынмен танысқанын былай есіне алыпты. «Мен Қасымды 1937 жылдардан біле бастадым. Ең алғаш «Лениншіл жас» газетінің басқармасында маған Жұмағали Саин: «Бұл – сері ақын», деп таныс­тырды. Талдырмаш, ашаң келген кішкене Қасым жымиып тұрды да, байқап көріңдерші деп еш қағазға қарамастан, жатқа бір-екі лирикалық өлеңін айтып берді. Соның бірі әлі күнге есімде – «Көктем» деген суретті лирикасы. «Ақырын жылжып қана көктем келді, Сықылды жас жігіттің сәулетайы» деген көкейге қонымды ақын сөзі Қасымның ақындығын бірден танытқандай еді. Біздің достығымыздың басы осыдан басталып еді» дейді де, ақынның жақын достарын түгендегенде, тағы да әуелі Жұмағали Саиннан бастайды.

Демек, Есмағамбет 1937 жылдан бері достас болса, 1939 жылы Бурабайда болғанда достықтары кәдімгідей орнығып қалған. Оның үстіне бұл кісі 1938-1939 жылдары «Әдебиет тео­риясының мәсе­лелері» кітабын жазу барысында оған дейін қазақ поэзиясында тумаған жанрлар белгілі болып, қасындағы Қасым, Жұмағали, Қалихан Бекхожин сынды ақындарға тапсырыс берге­нін айтады. Сонда Қасым мен Жұма­ғали екеуі екі сонет жазып ұсы­нады. Қысқасы, шы­ғар­машылық бай­ла­­ныс­­та етене жүргенін білдіреді.

Фотосуреттің асты­на «Бурабай» деп жазылмаса да, артындағы та­биғат «Арқаның кербез сұлу Көк­шетауымын» деп тұрған жоқ па? Қасымның дәл осы сапар барысында туған өлеңдерінің сыры мына суреттен кейін ашыла түсері сөзсіз. Дәл осы 1939 жыл Қасым шығармашылығында үлкен бет­бұ­рыс жылы болғанын Есмағамбет Ысмайылов та, Ғафу Қайырбеков те жазады. Ғафаң оның сырын былай түсіндіреді: «Бұл жолда ол Пушкин, Лермонтов, Байрон ұлылықтарына кездеседі. Шығыс поэзиясынан Низамиді қалап, оны ұзақ ардақтап, қазақшаға аударып бағады. Бара-бара өзі үнемі қызықтап жазатын поэзияның үйреншікті үлгілерінен, формаларынан бой тартып, жаңа ырғақ, жаңа қисындар іздеп шарқ ұрады. Сөйтіп, оның поэ­зиясы бірте-бірте марқая, маңыздана бастайды» дейді Ғафу. 1938 жылы шыққан «Өмір сыры» атты өлең кітабынан кейінгі шығармашылық жолына тоқталғанда осылай деген Ғафаң «Енді оның әр өлең сайын өсіп бара жатқаны байқала бастайды» деп Көкшетауға барғандағы осы сапарында жазған «Бурабай толқындары» өлеңінен мысал келтіреді:

«Баурында Оқжетпестің тұрдым жал­ғыз.

Көл жатты күле толқып, айтып аңыз.­

Үстінде Бурабайдың жарқ-жұрқ етіп,­

Қайықпен келе жатты аққудай қыз», деген төрт жолдағы баяндау бай­сал­дылығы, картина-суреттің (ақын, Оқжетпес, көл, қайықтағы қыз) ық­шам тығыздығы, тағы енді өле­ң­­нің емес, өлеңдегі суреттің қи­мы­лы, алғашқы шумақтан соң өлеңнің де, оқиғаның да дереу өз­ге­руі, шамырқанып, дәуірлеп ба­рып тынуы – міне, осылардың бәрі­­нен Қасымның ақындық тұлға­сы­ның­ енді мүлде басқаша аяқ алысын қадағалауға болатын еді. Өз ішіндегі ерекше драматизмімен, даму заңдылығымен осынау өлең өте ықшам поэмаға да ұқсаса керек», дейді Ғафу Қайыр­беков. Ақынның өлең туралы пікіріне қарағанда, Қасымның бұл сапары шығармашылық сапар болғанға ұқсайды. Себебі дәл осы Бурабай демалысында ақын бір емес, екі өлең жазған. Одан көп болуы да мүмкін, 1939 жылы жазылған «Бурабай толқындары» мен «Көкшетау» атты екі шығарма аталған сапардың әсерінен туғаны анық. Екеуі де кең толғаулы шоқтықты туынды. 1939 жылдан бас­тап Қасымның ақындық шабыты үдейе түсті деп мысалға келтіретін «Бурабай толқындары» шығармасы 17 шумақтан тұрады. Драмалық шиеленіске толы, жел мен толқын, қалтылдаған қайықтағы ақын мен қыз – бітпейтін арпалысқа толы өмірдегі мәңгілік желі. «Толқынның ойнақтап жүр асау тайы» десе, енді бірде «көк ала айғырлардай жатыр тулап» деп суреттейді дауылдағы көл бетіндегі құбылыстарды. Қазақ даласына тән суреттер кесек-кесегімен көрінеді.

12 шумақтан тұратын «Көкшетау» жыры табиғат лирикасы, сұлу Көкшені жырлаған Сәкен, Мағжан суреттерін еске салмай қоймайды. Алайда сол уақыттың көзімен қарағанға да, қазір де озық үлгі дерлік.

«Көк қасқа Көкшетаудың бете­ге­сі,

Сықылды сепкен алтын күн сәу­лесі.

Тыңдаған бұлбұл үнін ойшыл орман,

Толықсып бас изесер ерте-кеші.

Сықылды тоқсан ауыл тоқсан көлі,

Жылтылдап қарар-дағы тартар сені.­

Аралап сұлу Көкше сай-саласын,

Шығады саяхаттап самал желі», дегендегі жанды бейнелер күні бү­гінге көп кезіге бермейтін суреттер, төгіліп тұрған шумақтар.

«1939-1941 жылдар арасында­ Қасымның творчестволық өмі­рін­де елеулі өрлеу дәуірі бас­талды. Мұның басты себебі – қазақ поэзия­сында ақындық өнерге талап-тілек күшейді. Бұрынғы жыр үлгісін­дегі толғаулардың орнына орыс поэзиясының үлгісіндегі, Абай дәс­түріндегі ойлы, мағыналы көркем поэзиялық шығармалар жасау – 1939 жылғы Қазақстан жазушыларының ІІ съезі көтерген басты міндеттің бірі болатын. Әсіресе Пушкин, Лермонтов, Маяковский, Байрон, Шевченко шығармаларын тереңдей оқып, олардан қазақ тіліне аудара бастауы Қасымның творчестволық жолын анықтай түседі. Осы кездерде жазған «Ленин және дүние», «Нар тәуекел», «Дауыл», «Көкшетау», «Орамал», «Зула, зула, Түрксіб», «Сұлтанмахмұт туралы баллада», «Ғашық едім қайтейін», «Сонет», «Жолдас маршал» сияқты ақын өлеңдерінде қандайлық өрісті ойлар, қандайлық терең сезім қуаты, қандайлық өткір тіл байлығы, қан­дайлық жаңалықты серпін жатыр? Бұл 1930-жылдардың орта кезіне дейін жазған толғаулардан шоқтығы бөлек тұрған шығармалар екенін бірден танисың», дейді Есмағам­бет Ысмайылов. Яғни жоғарыдағы Ғафудың, мұндағы Есмағамбеттің сөзіне сүйенсек, 1938 жылы жарық көрген «Өмір сыры» атты жинағынан соң Қасым шығармашылықта өзгеше өріс тапқан. Әспеттеп айтсақ, өлең өрісінде жаңа дәуірді бастап жіберген. Біз көрсетіп отырған мына сурет тура сол жаңашыл жырлар әкеле бастаған 1939 жылдағы ақынның жарқын бейнесі. Жыр әлемінде жаңаша түлеп, қыранша қомданған Қасымның дер шағы. Онысы фотодағы түрінен де анық байқалады. 28-ақ жаста екен. Келсең кел дегендей қасқая қалыпты. Бұған дейін ақынның қаншама портрет, суреттерін көріп келдік. Әсіресе Оралда көркемөнерпаздар алдында скрипка ұстап түскені. Албырт та, балғын шағын әйгілеуші еді. Ал мұнда «олар да бұл Қасымды бір байқасын» деп рух шақырып тұрғандай. Бет-әлпеті аққұба әлде қараторыға келіңкірейтін сыңайлы. Жалпы алғанда, Қасымның түсі қандай болды деген сұрақ осы жерден туады. Біреулер ақсұр өңді десе, біреулер аққұба болған сияқты дейді фотоларына қарап. Ал соғыстан соң бірге жүріп, бірге тұрған Халық қаһарманы Қасым Қайсенов жазушы Жұмабай Шаштайұлына «Үзеңгі жолдас» хабарында мынадай қызық естелік айтады: «Ол керемет эпопея еді ғой... Қасыммен тұңғыш рет Жұмағали Саинның үйінде таныстым. Фурманов пен Калинин көшесінің қиылысында бір бөлмелі үйі бар болатын. Үш баласы­­мен сол бір бөлмелі үй­де тұратын. Мені соғыстан алып келген Саин. Саинмен Украинада танысқам, Киев қаласында. Сол мені елге алып келді ғой. Бір күні Жұма­ғали Саиндікіне бар­сам,­ сақал-мұрты өскен, аласа бойлы сары біреу домбыра шер­тіп, ән салып отыр. Жарықшақ даусы бар.

Жұмағали екеуі отыр екен, мен кіріп бар­­­дым. Жұмекең «танысып қо­йыңдар, мынау – Қасым, мұның да аты Қасым, партизан бірақ» деп екеумізді таныстырды. Ол да орнынан тұрып, домбырасын қойып: «адасым екенсің ғой», деді. Қазақ аттас адамын адас дейді. Жақындасып сөйлестік. Бір уақта домбырасын қайта қолына алып, «Туған жерін» айтты. Оның алдында «Дәриға, сол қызын» айтқан. «Туған жерін» айтқан кезде... «Сенде тудым, сенде өстім, сенде өлсем, арманым жоқ бұл дүниеде дер едім». Сол араға келгенде жыладық. Мен де жыладым (деп хабар үстінде көзіне жас алады). Үшеуміз де соғыстан келгенбіз. Әбден зарыққан... Көз жасымды көрсетпейін деп төмен қарап отырдым. Ақырын қарасам екеуі де жылап отыр. Содан бастап Жұмағали, Қасыммен дос болдық. Солай, Қасым екеуміз ол кісі қашан қайтыс болғанша бірге жүрдік. Ол керемет, өзін-өзі білген, өзінің ұлы ақын екенін әбден сезген, сондай адам болатын.

...Мен енді оларды жақсы көріп, араласып, бірге жүріп, бірге тұрған адаммын ғой. Олардың әрқайсысы туралы, есіме жақсы жерлері түссе де, ол деген ауыр тиеді. Сағынам оларды... (көзі жасаурап)», дейді.

Кезінде жазушы Жұмабай Шаш­тайұлы жүргізген «Үзеңгі жолдас» хабарынан бұл естелік ықшамдалып алынды. Батыр Қасым ақын Қасым­ның түсі сары дегені назар аудартпай қоймайды. Анығында таңғалды­­рады. Ақынмен бірге жүрген Есмағам­бет, Сырбай, Ғафу, Тәкен, Тахауи, Бердібек, тағы басқалары қалай сипат­тады екен? Салыстырып біле­тін-ақ сұрақ. Біздің қолға түскен мына фотодан ажырату қиын сияқты. Ескі фотоаппарат өнімдерінің көбі осы­лай қарайтып көрсеткендіктен. Бастысы, суреттегі түр-тұлғасынан мінез келбеті мен жан дүниесінің ізі танылады. Қазақ өлеңін жаңа биіктерге шығарардағы ақын келбеті болғандығымен құнды.