Волонтер • 04 Сәуір, 2024

Көп түкірсе – көл

48 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірлер су тасқынының зардабын әлі де кешіп отыр. Еліміз кө­ле­мінде зардап шеккендерге арнал­­ған гумани­тар­лық көмек жан-жақтан жиналып жатыр. Бір­лікте тірлік қылғандардың қата­­рында ақтаулық ерікті жастар да бар. Олар жылы киім мен азық-түлік, төсек-орын жеткізуге жұмылған.

Көп түкірсе – көл

Фото: adyrna.kz

Бүгінде Ұлттық волонтерлер желі­сі жедел штабының жұмысы аясын­да еліміздегі 20 аймақта өңірлік волонтерлер фронт-кеңсесі базасында Call center құрылды. Оған қоса гуманитарлық көмек жинау пункттері ұйымдастырылған. Көмек жинау пункт­теріне 20 мың волонтер жұмыл­ды­рылыпты. Олар күнделікті сауда орындарын аралап, жомарт жү­рек кәсіп­керлер тегін берген заттар­ды облыстық жастар ресурстық орталығына жеткізіп жатыр. Сол жерде сұрыптап, қорап немесе қапшыққа салады.

– Пункт әзірге тоқтаусыз жұмыс істейді. Республикалық чатымыз бар. Біз олармен тікелей байланыстамыз. Қандай заттар керек екені сол чатта айтылады. Бұл жерде жаңа туған перзенттен бастап, үлкен адамға дейін арналған киімдер тапсырылып жатыр. Аяқкиім, әртүрлі сөмке, канцеляриялы тауарларды да қабылдаймыз, – деді Маңғыстау облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Бұрхандинова.

Жалпы салмағы екі тоннадан аса­тын гуманитарлық көмек таяу күнде­рі көрші облыстарға теміржолмен жіберіледі. Қала халқы да сауапты істен қалыс қалмай, жүк қабылдау пункті­не гигиеналық бұйымдар мен таза киім­дерді әкеліп жатыр.