Аймақтар • 05 Сәуір, 2024

Жолды қалпына келтіруге кірісті

38 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елдің он шақты өңірінде су тасқыны болып, салдары жұртшылыққа ауыр тиді. Өкінішке қарай, мұндай жағдайдың алдын алуға тиісті мекемелер дайын болмай шықты. Қарғын су елдегі автожолдарға да айтарлықтай зиян келтірді.

Жолды қалпына келтіруге кірісті

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Павлодар облысының Ертіс ауда­нындағы Ұзынсу аулы­на төнген су тасқыны қаупі «Ата­мекен – Ертіс – Русская поляна» автожолындағы қозға­лыс­ты шектеуге мәжбүрледі. Жергілікті атқа­рушы органның шешімімен жолдың 207 шақырымында еріген қар суын өткізу үшін жол учаскесін бұзуға тура келді. Сондықтан Панфилов аулынан Ресей шекарасына дейінгі 194–263 шақырым аралығында көліктің барлық түрі­нің қозғалысына шектеу қойыл­ды. Қауіпсіз жол қозғалысын қам­тамасыз ету мақсатында тәулік бойы бақылау орнатылды. 

Кейінгі күндері халықаралық және респуб­ликалық маңызы бар автомобиль жолдарында да тасқын судың қаупі күшейген. Ауа райының күрт жылынуы мен қардың тез еруінің салдарынан Абай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау облыстарында 5 жол жүру учаскесінде жалпы ұзындығы 940 метр болатын телімдерді тасқын су басқан. Аталған 5 облыстағы республикалық маңызы бар 5 автомобиль жолында ұзақтығы 249 шақырым болатын телімдерде қозғалысқа шектеу қойылды. Қазір республикалық жолдарда 252 бірлік техника мен 280 адам жұмылдырылған.

Ақмола облысындағы «Ма­кинск – Ақсу – Торғай» тасжо­лының 24-шақырымындағы Сәуле кентін­де де жол шетінде еріген қар суы­ның тасқыны анықталды. Оның ұзындығы 15 м-ді, ал биіктігі 5 см-ді құраған. Ол жерде су тасқынының алдын алу, жол белгілерін орнату, дабыл белгішелері қойылды. Әйтсе де, қозғалысқа шектеу қойылған жоқ. Аталған жұмысқа 6 бірлік техника мен 11 адам жұмылдырылды. Жалпы, облыстың Қосшы, Жібек жолы, Атбасар елді мекендерінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандары еріген қар суының алдын алу мақсатында жұмыс істеп жатыр. Шараға 27 бірлік арнайы техника тартылған.

Батыс Қазақстан облысының аумағындағы республикалық ма­ңызы бар «Подстепное – Федо­ровка – Ресей шекарасы» тас­жолының 35-шақырымында еріген қар суының салдарынан жол төсемін су бұзды. Мамандар дереу шара қабылдап, инертті материалдарды төсеп, жөндеу жұмыстарына 20 маман мен 14 техника шақырылып, жолды қалпына келтірді. Қазір көліктер үшін қозғалыс қайта ашылған.

Соңғы ақпаратқа сәйкес рес­пуб­ликалық маңызы бар автомобиль жолдарында Абай, Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыс­та­рының аумағында 4 жол учаскесінде су тасқыны болды. Аталған 4 облыстағы 4 автомобиль жолында ұзақтығы 216 км болатын телімдердегі қозғалысқа шектеу қойылды. Қазіргі уақытта республикалық жолдарда 696 бірлік техника мен 1 618 адам бұзылған жолдарды қалпына келтіру жұмыс­та­рымен шұғылданып жатыр.

Оған қоса Ақмола мен Қостанай облы­сында 2 жол жүру учаскесінде жалпы ұзын­ды­ғы 109 метр болатын телімді су  басып қалған. Ал Ақтөбе, Қарағанды, Қос­та­най, Павлодар облыстарына тиесілі рес­пуб­ли­ка­лық маңыздағы 4 автомобиль жолында (ұзындығы 196 км) көлік қозғалысы тоқ­та­тыл­ды. Республикалық жолдарда 283 бірлік тех­ника мен 319 адам тасқын су зардабын қал­пына келтірумен айналысып жатыр.