Пікір • 05 Сәуір, 2024

Құндылықтың қорғаны – мәдениет

96 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. Әділеттілікті баянды ететін тетік – мәдениет.

Құндылықтың қорғаны – мәдениет

Есікті ашатын тұтқа керек. Біз ұлт, сана, рух тәрізді іргелі ұғымдардың мәнін айқындап, мазмұнын түсіну мақсатында қолға қалам алған жайымыз бар.

Рухтың бір түрі – өнер. Өнер – адам еңбегінің нәтижесі. Кез келген өнер туын­дысында адам ақыл-ойының өзі жатыр, еңбегінің, бейнетінің таңбасы бар.

Біз бұл мәселеге ұлттық тұрғыдан қарамақпыз. Елімізде қалыптасып келе жатқан ұлттық мәдениетіміз, төл құндылықтарымыз өз даму барысында оқ бойы озудың орнына кері шегініп бара жатқандай ма, қалай?

Шегіне-шегіне ел шетіне шыққан­даймыз. Енді қазақ рухани қоғамын құрамыз, орнатамыз, ілгері оздырамыз деген ел бәсекеде шетте қалып қойған жоқ па?

Өнердің кез келген түрі өзіндік құндылық емес пе? Ол – басқа өлшем арқылы өлшенетін зат емес, өзіндік өлшеммен өмір сүретін нәрсе.

Қазір қазақ тілінің екпіні басылып қалды. Тілді білудің орнына айқай көп, талап ететін тетіктер осал, құр талап құрдымға апарады, есікті ашатын нақты тұтқа керек.

Пафос басылды. Жаһандану кез келген жергілікті қауіп-қатерді ғаламдық деңгейге шығарды. Ортақ проблемалар саны артты. Орман өрттері, озондағы саңылаулар, су тасқыны, террористік шағын топтар бір елдің емес, бүкіл планетаның дертіне айналды. Оны қорқынышты етіп, бұқаралық ақпарат құралдары еселеп күшейте түсті. Смартфондар көрсеткен виртуалды әлем реалды дүниеден гөрі шынайырақ көрінді.

Бұл – постмодернистік кезең. Бірақ адамзаттың алтын уақыты – модерн әлдилеген ақыл-ойдың рационалистік пафосы – әлі күнге дейін бізді басқа жақтарға, бақытты өмір сүруге шақырады. Дей тұра, біз «тура қазір, дәл осы жерде» қандаймыз? Коммунистік үміттен күдер үзгелі капиталистік бақытқа сенбейміз.

Нәсілдің нағыз досы Құдай ғана. Қазіргі күнде жарнама қалалардың жанама образына айналды. Сауық мәдениеті жеңіп, билеп-төстеп келе жатыр. «Ең күштісі – мен», дейді медиажүздер, «біздің фильмді тамашала, көрші бақта жайылған дастарқаннан дәм ауыз ти, сырадан көр, сырдан «ірімшік» тат, біздің асты іш, тәтті тоқаштан жеп көріңіз...» Еліктіру, елту мәдениеті орнады.

Өнерге орын жоқ, ұлы кітаптар оқылмайды, көркем сөз өнерінің дәуірі, дәурені өткені ме, кім білсін, жауапты бар ма, не кінәлі?

Жоқ, пафос талғамды бұзды ма, әлде фальш эстетиканы бүлдірді ме, біз про­грестің жасампаздығына күмән келтірсек те, асқақ стильге сенеміз, бір-біріне туыс түсініктер – әсемдік те, әдемілік те, кісілік те мәңгі жасары сөзсіз. Әдемілік әдептілікке көшеді, әсемдік әділеттілікке ұласады. Бұрын «айтылған сөз өлмейді» деуші еді, қазір таңбаланған түсінік – мәңгі. Идеологияның ең әсерлі, ең ықпалды түрі – сөз, мәтін шекара қақпаларын ашқанда ту сыртымыздан ұрған тасқынға төтеп бере алмады. Соққыдан есеңгіредік, сөзден жаңылдық. Әлеуметтік желілер «жеті басты айдаһарға», «жаны шықпайтын жалмауыздарға» айналды. Санамызды улап, рухымызды, жігерімізді жойды, жасық заман өтпегендей ме?

Ұлтқа қауіпті нәрсе ұрпаққа да зиянды. Бөтен мәдениет елімізге ас түрінде (хот-дог, бургер, сэндвич) келді. Жат жер­дің кейпін насихаттаған ойыншықтар, киім-кешектер, компьютерлік ойындар арқылы жанымызды жаулады. Бай­лы­ғын сүйретіп, автомобильдерін пойыз платформаларына тізіп кернейлетіп-сырнайлатып қашық жерден ала келді. Жалғыз келген жоқ, жау шапқандай даланы дүрліктіріп, моторларын күркіретіп біздің ұйқылы-ояу өмірімізге қалың көл, қатты сел болып жетті.

Хеллоуиндер көшеде қаптады, ең ұятты жерлеріне темір-терсек қадады, қазаннан қақпақ кеткенде... иттен ұят кететіннің соры.

Жаңа дәстүр әкелді. Біздің дәстүрді менсінбейтін болды. Бізге қорған салт-дәстүрдің өзі қорғансыздың күнін кеш­ті. Кеше панамыз деп едік, енді өзі үйсіз-күйсіз қалды. Адам өз ортасында ғана орасан зор бақытқа ие. Өз дәстүрі, өз отаны, өз тілі, өз өнері – міне, адам рухының мекені.

Санымыз өсті, санамыз қайда? Ел азаматы қандай болуы керек деген ауқымды сұраққа, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы былай деп ағынан жарыл­ды: «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиет­терге ие болып, адал еңбек ететін және та­бысқа адал жолмен жететін адам». Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды.

«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үштағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек.

Өздеріңізге мәлім, кейінгі бес жылда біз түрлі құндылық төңірегінде жиі пікір алмасып, ой елегінен өткіздік. Оның бәрі уақытша ғана мәні бар жалаң тақырыптарды талқылау емес, идеология саласында жүргізілетін кешенді жұмыстың нақты бағдарын айқындау үшін жасалды.

Мен бүгін маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыт­тарымыз туралы тарқатып айтып бердім. Тағы да бір қайталап өтейін: Бұл тәуелсіздік және отаншылдық, еңбек­қорлық және кәсіби біліктілік, жасам­паздық және жаңашылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады.

Сана – рухтың көрінісі, төрт қасиет-құбылыстан тұрады: «көңіл», «ақыл», «жады», «сезім». Демек таным жолында сана тұр. Саналы, білімді жан иесі ғана әлемді тани алады. Өркениет пен мәдениет – сана қызметінің нәтижесі немесе ойдың жемісі.

Тіл – ұлттың мазмұны. Сондықтан тілі жойылған халықтың ұлттық келешегі жоқ. Мәдениет басқа тілде ұзақ өмір сүре алмайды. Түптің түбінде бөтен тіл басқа мәдениетті жұтады.

Ұлт мұраты – тіл.

Ұлттық сана кезеңі – кез келген халық­тың дамуының ең биік көрсеткіші. Ұлтты қалыптастыратын – тіл, ұлттық тіл – рухтың оянуы. Ұлт – мемлекеттің негізі. Қазіргі заманда мемлекет мәдениеттен туындайды, формасын да айқындайды, мазмұнын да белгілейді.

Сондықтан, елін құлату үшін әуелі мәдениетін нысанаға алады. Мәдениет – сана, айқын сана.

Мәдениеттің іргетасы – құндылықтар. Бұл ғасыр мәдениеттің ғасырлы қор­ғаны – мемлекет. Мемлекеттің мәдениеті – ұлттық мәдениет, оны ұлттық сана қалыптастырады. Өз тілінде сөйлемеген халық өзінің жан дүниесін жоғалтады. Өзге тілде өмір сүрген, жат тілде сөйлейтін белгілі бір топ біртіндеп өз менталитетінен айрылады. Тіл – мәдениеттің мекені.

«Орыстілді қазақ» деген ұлт жоқ. Қазақ арасында орысша сөйлеп тұрған қазақтың нәсілі кім? Ойланатын сауал.

Бірақ. Өз мәдениетіміздің қайраты, белсенділігі қайда? Қазақ сахнасы жат өнерге толы. Біз өзгенің құндылықтарын насихаттап жүрміз. Өнерімізге, өмірімізге (мәдени) нұқсан келтіріп отыр. Құбыжық құндылық түрінде келеді, жалған, жасанды мәдениет үлгісінде қалады.

Көне замандардан бері мәні өзгермей келе жатқан мәңгілік категориялардың бірі – сана.

Сана – адами рухани белсенділіктің ең жоғарғы көрінісі.

Қазіргі  уақытта қайда қарасақ та шала дүние, дүрегей өнім, неғайбіл нәтиже.

Ұрпақ тәрбиесі деген сөзді ұмыттық: бұл – бір, ойдың ақыры – сөздің жаманы тәрізді. 

Қазақ тарихы ұлтымыздың жан­кешті, жарқын істеріне толы. Әр ұлт өз тарихына жарамды. Тарих – ұлттың обьективтік  рухы, қалыптастырушысы – сана. Ұлт – тарихи сананың өмір сүру қалыбы.

Қазіргі таңда техниканың қарыштап дамуы адамзат алдынан технологиялық жаңа мүмкіндіктер ашты. Енді машиналар күрделеніп қана қоймай, сонымен қатар қолданылатын аясы да кеңейе түсті. Әсіресе ақпараттық технология топ жарып, алға шықты. Күллі әлемді жаулады. Бүкіл аймақты қамтыды.

Енді идеялар, идеология атаулы жылдам тарайтын болды. Бүгінгі интернет ашылғалы басқа көзқарас, өзге ұғым – түсінік айқындалып көрсетіліп келеді. Ұлттық қасиеттеріміз қайшы, ұлттық тәлім-тәрбиемізге қарсы дүниелер елді жаулап санамызда ойран салды. Ұлттық сана-сезімге теріс әсер ете бас­тады. Өзіміздікі арзан, құнсыз, нашар көрініп, сырттан келген құндылықтар үздік көрінді.

Талғам күресінде тарихи түсінік­теріміз ойсырай жеңілді. Себебі жат идеялық күштердің насихатының артынан ақшасы да қоса жүрді. Инстаграм, тик-токтан бас­тап Кока-колаға дейінгі аралықта түгел жаулады, бөтен мәдениет үстемдік құра  бастады. Баланың, ұрпақ­тың назары жат мәдениетте. Бала­ның ішкеніне, кигеніне, көргеніне қара­ңыз. Таң атқаннан кеш батқанша көре­тіні смартфондар. Бірге оянады, бірге ұйықтайды, күндіз де бірге.

Қазақтың қара өлеңі жойылды. Шаң қапты. Алпауыттар қазақтың рухани кеңістігін өздері өндіретін, орта дәрежелі өнімдерін тұтынатын елге айналдырғысы келеді. Ұлт өнерін, ел мәдениетін қор­ғайтын, сақтайтын механизмдер көбеюге тиіс. Тіл мәселесі түбегейлі шешімін таппай келе жатқан сұрақ.

Тіл – сананың кілті. Мемлекеттік мәртебесі бар ана тіліміз экономикада, тіпті ақпараттық кеңістікте белсенділік таныта алмай отыр.

Оларға өз өнімдерін, өз идеологиясын тұтынатын тәуелді ел керек. Біз үшін ойлайды, біз үшін талғам қалыптастырады.  Оларға өздеріне бағынған, өздеріне тәуелді, айтқанына жүретін, айдағанына көнетін халық керек.

Басқару да оңай...

Ұлтын сүйген ұрпақ – елдің болашақ қайраткері.

Қазақ жұрты ұрпағына ұланғайыр жерді аманаттады. Енді оны сақтай білуіміз қажет. Рухымыз жете ме? Рух дегеніміз сана, пайым, ойлау. Материалдық емес бастау – өзегі!

Халықты түсіну үшін оның тілінде сөйлеу қажет. Қазақ тілі – ең көне тілдердің бірі. Кем тіл жоқ, тілдің бәрі бірдей. Қасиеттері де қатар. Мәселе оны сүюде. Қазақ тілі – ортақ тіл. Ұлы тіл – ұялатын тіл емес. Ана тілінде сөйлеуге арланатындар – кембағал жұрт.

Тілдің тарихи сипаты бар. Ол – елді біріктіруші. Көп жұрттан бір ел жасаушы.

Ұлт дегеніміз – бір тілде сөйлеушілер.

Ұлт – мекендеп жүрген өлкесін Отанға, Отанын мемлекетке айналдырушы.

Ұлт, ұлттық мемлекет – жасампаз күш. Тіл – атадан балаға мирас. Есейген, ес жиған, ақыл тоқтатқан елдің тілі де белсенді. Ұлттың мұрагері – ұрпақ. Тіл – ұлттың мазмұны. Тіл, сана, пайым – әлеуметтің әміршісі.

Әрине, азаттықтың жолы ұзақ болды. Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Ата-бабамыз жаумен алысып, ұлаңғайыр өлкені сақтап қалды. Қазақ бүгін де үлкен мұраға ие. Ойлануымыз керек, бұл санамыз болса, ұлт сол сана, тілдің сипаты, керісінше, ұлттық сипат тіл мен санадан көрінуі керек. Мұраттас, тілектес, қазақ тілінде сөйлеуші әлеумет – еліміздің патриоты. Ұлттың дамуының бір-ақ сценарийі бар: Ол – еңбекқорлық, заңға деген құрмет және қастерлі тәуелсіздікті сақтау. Өнер мен әдебиеттің тақырыбы да, мазмұны да осы.

Адамзат тарихында елі жойылып, өзі сақталып қалған өлі тілдер де бар: ол – латын тілі. Немесе өзі бар, бірақ тілі жоқ елдер де кездеседі. Мәселен, ирландықтар.

Ұлттық сананы тіл қалыптастырса, тілді дүниеге әкелетін – ұлт.

Екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Ұлттық сана – білімді, танымы жоғары, халқына жанашыр сана.

Ұлттық сана – зиялы, білімді сана.

Әр тауар – шығармашыл, әр шығармашылдық – тауар.

Елін танытады, жерін жарнамалайды.

Әрі насихаттайды.

Біздің жол – ұлттық мемлекет.

Мәртебелі Президентіміздің ұлтты ұйыс­тыратын, біріктіретін идея- ұсыныс­тарын толық қолдаймыз.

Бәрі сәтті болсын.

Әділетті Қазақстан жасасын!

 

Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ,

Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты