Тағзым • 05 Сәуір, 2024

Биыл Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы атап өтіледі

1245 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

12 сәуір – ұлт мақтанышы, қазақ елінің қазына байлығын ашушы, Қазақстан ғылым академиясының негізін қалаушы әрі тұңғыш президенті, алғашқы академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күні және осы датаға орайластырылған Ғылым қызметкерлері күні. Мерейтойға санаулы күн қалды. 12 сәуір күні Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын жыл көлемінде атап өту рәсімінің ресми ашылу салтанаты өтеді. Бұл туралы «Халықаралық Қаныш Сәтбаев» қоры хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Биыл Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы атап өтіледі

Ғалымның мерейтойын атап өтуге арналған жалпыреспубликалық жоспар өткен жылы бекітілген. Осы құжат аясында 12 сәуір күні, сағат 14:00-де Астана қаласындағы Қаныш Сәтбаев көшесі бойындағы академиктің зәулім ескерткішіне («Қазақстан» спорт кешені маңы) гүл шоқтары қойылады және осы ескерткіш алдына ғұлама Мәшһүр Жүсіптің жас Қанышқа 22 жасында берген батасы жазылған гранит белгітастың ашылу салтанаты өтеді. Іс-шараға Үкімет мүшелері, Сенат және Мәжіліс депутаттары, министрлер мен қала және аймақ әкімдері, Президент жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы басшылығы мен Ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Еуразия Ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамы және қала тұрғындары қатысады деп күтіліп отыр.

Сондай-ақ іс-шараның жалғасы Қ.Сәтбаев көшесіндегі алғашқы академиктің барельефінің ашылуы, одан кейін Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нде «Планетарлық деңгейдегі тұлға» атты көрмемен ұласады. Сағат 15:00-де «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталады.

Айта кету керек, Қаныш Сәтбаев – есімі мемлекет тарихында алтын әріппен жазылған Ұлттың біртуар перзенті, ЮНЕСКО деңгейінде 100-жылдығы тойланған аса көрнекті геолог-ғалымы, мемлекет және қоғам қайраткері, ХХ ғасыр ғұламасы.

Ғұлама-ғалымның мерейтойын атап өтуге арналған Үкіметтің жалпыреспубликалық жоспары аясында биыл республикалық және халықаралық деңгейдегі 50-ден астам іс-шара өтеді.