Қоғам • 08 Сәуір, 2024

Жағдай толық бақылауға алынған

57 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен су тасқыны жағдайын тұрақтандыру үшін Премьер-министр мен вице-премьерлер су тасқынына байланысты аса күрделі ахуал қалыптасқан өңірлерде жұмыс істеп жатыр.

Жағдай толық бақылауға алынған

Үкімет басшысы, Су тасқы­нына қарсы іс-шараларды үйлес­тіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі респуб­ликалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов Қостанай, Аты­рау облыстарында болды. Бұған дейін Премьер-ми­нистр Ақтөбе облысындағы су тас­қынының салдарын жою жөнін­дегі жұмыстарды, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының су тасқынына дайындығын тексерген болатын.

Ақтөбе облысында Олжас Бектеновтің төрағалығымен селекторлік режімде өңірлік штаб басшыларының қатысуымен Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі респуб­ликалық штабтың отырысы өтті.

Қазіргі таңда елімізде су тасқы­нына байланысты күрделі ах­уал қалыптасып отыр. Болжамға сәйкес бүкіл ел бойынша жауын-шашын болып, күн күрт жылы­на­ды деп күтіліп отыр. Қардың тез еруінен су қоймалары толып жатыр. Бүгінде солтүс­тік, шығыс және орталық аймақ­тардың 65%-дан астамы әлі күнге дейін қалың қар астында. Сондықтан алдағы уақытта су тасқыны қаупі бар өңірлерде алдын алу шаралары күшейтілді, ТЖМ-ның қажетті күштері мен құралдары дайындалды.

Қаржы министрі Мәди Такиев су тасқыны салдарынан шаруашылық қызметі бұзылған жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің барлығына берілген өтінішіне сай несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру ұсынылатынын баяндады. Сондай-ақ Қаржы министрлігі су тасқынынан зардап шеккен бизнес субъектілері үшін салық есептілігін тапсыру және салықтарды төлеуді кейінге қалдыруды ұсынады.

Премьер-министр жөндеуге жарамды тұрғын үйлер мен ин­ф­рақұрылымның сапасына ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен су басқан үйлердің барлығы құжаттар­дың бар-жоғына қарамастан, қалпына келтіріледі. Мемлекет ешкімді баспанасыз, далада қалдырмайды. Осындай қиын жағдайда ірі, орта бизнес, сондай-ақ кішігірім компаниялар және елдің тағдырына бей-жай қарамайтын қарапайым азаматтар қолұшын созып жатыр. Бюджет қаражатына қосым­ша тұрғын үйлерді қал­пына келтіруге, жоғалған мүлік пен мал шығынын өтеуге бағытталатын қомақты сома жиналды. Мердігер компаниялар осындай қиын жағдайды бизнеске айналдырмайды және барлық қаражат мақсатты түрде жұмсалады деп сенемін», деді штаб жетекшісі.

Фермерлер мен ауыл шаруа­шылығы жануарларының ие­леріне ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі шығынды өтеу мәселесін шешіп жатыр.

«Үкімет фермерлер мен мал иелеріне несиелер мен лизингтік міндеттемелерді кейінге шегеру бойынша қолдау көрсететін болады. Төлемдер кешіктірілген жағдайда айыппұл салынбайды», деді Премьер-министр.

Штаб отырысында тасқын кезеңіне алдын ала дайындалған өңірлердің бар екені, сондықтан ол жерлерде су тасқынының сал­дары соншалықты жойқын бол­мағаны атап өтілді. Мәселен, Қарағанды облысында ауқымды судың көлеміне қарамастан, елді мекендерді жаппай су алып кет­кен жоқ. 6-7 жыл бұрын ауыл­дардың айналасында бөгеттер салынып, суды бұратын арық­тар қазылған. Мұның барлығы – уақ­тылы қабылданған қарапайым шешімдер. Ол өз тиімділігін дәлел­деді. Сондықтан әрбір елді мекен бойынша осы жыл­дың күзіне дейін жойқын су тасқыны­ның алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Ақтөбе облысындағы бірқатар су қоймаларын тікұшақпен аралап, су тасқынынан зардап шеккен үйлерге барды.

Жалпы, облыста тасқын қаупі әлі сейілмеген. Қазір өзендер­дің көбі су арнасынан асып кетке­лі тұр. Өңірде 792 үй су астын­да қалды. Облыстың 5 ауданын­­да (Қобда, Мұғалжар, Темір, Әй­теке би, Ойыл) және Ақтө­бе қала­сында жергілікті ауқым­дағы табиғи сипаттағы төтен­ше жағ­дай жарияланды. Су тасқыны­на қарсы іс-шараларға жеке құрамнан 3 140 адам, 664 техника жұмылдырылды. Барлығы 8 978 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Олжас Бектенов көлемі 15,8 млн м3 болатын Мағаджан бөге­тін аралап көрді, онда қар­ғын су ағыны салдарынан су қойма­сының бөгеті бұзылды. Нысан 1985 жылы пайдалануға берілген. Гидротехникалық құрылыс жеке­меншік «Тұлпар» ЖШС ком­па­ниясының иелігінде.

Қазірдің өзінде 26 елді мекен­де электр қуатымен жабдық­тау қалпына келтірілді. «Энерго­жүйе» ЖШС-ның барлық бөлім­шесі күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр. Республикалық маңы­зы бар 9, облыстық маңы­зы бар – 3 жол­да және 9 аудан­дық ма­ңызы бар жолда судың тоқтауына байланысты көлік қозға­лысына қойылған шектеулер алынып тас­талды. Өңірде шығынды өтеу комиссиясы жұмыс істейді. Үш күн ішінде комиссияға материалдық шығын­дарды өтеу туралы 1 623 өтініш түскен. Алгоритмге сәйкес су тасқыны болған күннен бас­тап күнтізбелік 30 күн ішінде келтірілген шығынды өтеу туралы жергілікті әкімдіктерге өтініш беріледі. Сонымен қатар Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен және қиын жағдайға тап болған тұрғындар әкімдікке тиісті өтінішпен жүгіну арқылы бір реттік төлем ала алады.

Үкімет басшысы су тасқыны салдарын жойғаннан кейін ком­муналдық және жекеменшіктегі гидротехникалық құрылыстарда жан-жақты тексерулер жүргізуді тапсырды. Ақтөбе облысында барлығы 206 гидротехникалық құрылыс бар.

Сонымен қатар Премьер-министр су басу қаупіне байланысты ТЖ алдын алу жұмыс­тары жүргізіліп жатқан Шығыс Қазақстан облысының Глубокое және Алтай аудандарының таулы аймақтарын да тікұшақпен аралап, өзен алқаптарындағы су тасқыны қаупі бар учаскелердегі жағдаймен танысты.

Шығыс Қазақстан облысы аумағының басым бөлігінде жағ­дай тұрақты. Сондай-ақ қыс­тың соңында қар қалың жауған Мар­қакөл, Катонқарағай, Глубокое, Үлкен Нарын және Алтай аудандары – тәуекел аймағында. Өзендердегі су деңгейі әзірге қауіпті межеге жеткен жоқ. Мұз­дың еруі енді басталды, ал таулы аймақтардағы су қоймаларында мұз қабатының жұқаруы бай­қалады. Алайда болжам бойын­ша облыста дауылды ескерту жа­рия­ланған, +19°C дейін күн­нің күрт жылынуы күтіліп отыр. Сәуір айының ортасына қарай ай­мақта су тасқыны қаупі жоғарылайды.

 «Қазір еліміздің өңірлерінде, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында қалыптасқан жағдай бізден үздісіз бақылауды талап етеді. Облыс аумағының 70%-ын қалың қар басып жатыр, ал қар жамылғысындағы су қоры нормадан 2 есе артық. Бұл қауіптің әлі сейілмегенін көрсетеді. Мем­лекет басшысы атап өткен­дей, су тасқыны кезеңінде жағдай­дың даму сценарийлерін қалып­тастыру қажет. Қазір қолдағы болжамдарды ескере отырып, су тасқынының алдын алу шараларын күшейтуіміз керек. Үкімет тарапынан тиісті жұмыстарды жүргізуге барлық қажетті көмек көрсетіледі», деп атап өтті О.Бектенов.

Қазіргі таңда облыстағы 344 елді мекеннің 7-еуінде су тасқыны қаупі төніп тұр, онда 1000-нан астам адам тұрады. Жағдай ұдайы бақыланады: осы мақсаттар үшін ұшқышсыз аппараттар пайдаланылып келеді. Өңірде жоғары дайындық режімі, ТЖ жою жөніндегі облыстық жедел штаб жұмыс істейді. Жағдай ушығып кетсе, 1 118 адамнан тұра­тын күштік құрылымдар, 315 бір­лік техника жасақталып, 6 мың тоннадан астам инертті материал­дар, 468 тонна ЖЖМ, 43 мың бірлік қапшық дайындалды.

Премьер-министр Өскемен және Бұқтырма ГЭС-ін де қарап шықты. Барлық гидротехникалық құрылыстар штаттық режімде жұмыс істеп жатыр. Бөгеттерде су деңгейі алдын ала төмендетіледі. Өңір­де Қазақстандағы ең ірі Бұқ­тырма су қоймасы орналасқан. Қазіргі уақытта ол тағы 20 текше км көлемінде өзен суын қабыл­дауға мүмкіндік береді. Бол­жалды мәліметтер бойынша ал­дағы 3 айда 15 текше километр­ге дейін су келеді деп күтіліп отыр.

Бұдан кейін Премьер-ми­нистр су тасқынына байланыс­ты күрделі жағдай қалыптасып отыр­ған Қостанай облысына барып, су деңгейі Қостанай, Рудный қалалары, Б.Майлин, Денисов­ский, Жітіқара аудан­дарындағы жағ­дайға тікелей әсер ететін Тобыл өзенін тікұшақпен аралап көрді.

Су қоймаларының толу деңгейі максималды межеге жақындап келеді. Мәселен, Желқуар және Аман­гелді су қоймалары 100%-ға, Қа­ратомар 97%-ға, Жоғарғы Тобыл 93%-ға толып отыр, Сергеев және Амангелді су қоймалары тран­зиттік режімде өз қуатының шегін­де жұмыс істеп жатыр. Бұл рет­те судың келуі оны өткізу көлемі­нен асып түседі. Жақын арада бол­жам бойынша еріген қар суының және жоғарғы жақтан келетін судың есебінен су деңгейі тағы да ұлғаяды деп күтілуде. Қос­та­най және Тобыл қалаларына ірге­лес аумақтарды су басуы мүмкін.

Өңірде еріген қар суын өткізу мақсатында Қостанай қаласындағы кіші көпір ауданында жұмыс істемейтін жол төсемі ашылды, елді мекендерде арнайы бөгеттер салынып, еріген суларды басқа жаққа бұру үшін арықтар да­йындалуда, топырақ толтырылған қапшықтар мен инертті материалдар төселіп, суды сору және басқа да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қарасу және Тобыл өзендерінде мұз жару жұмыстары жүргізілді.  2000-ға жуық адам, 650-ден астам техника, мотопомпалар, сондай-ақ жүзу құралдары мен әуе кемелері жұмылдырылды.

Өңірде су тасқыны кезеңі басталғаннан бері барлығы 3 257 адам құтқарылды және эвакуа­ция­ланды, уақытша орналастыру пункттеріне 632 адам орналас­тырылған, қалғандары өз ерк­імен туыстары мен жақын­дары­ның үйіне баруға шешім қабыл­дады. Қосымша эвакуациялау және уақытша орналастыру пункт­тері толық дайындық режімінде.

Сондай-ақ кеше Олжас Бектенов Атырау облысындағы ағымдағы жағдайды тексерді. Ол аумақты тікұшақпен аралап, өзен жағалауларын нығайту жұмыстарының барысын қарады. Құлсары қаласының тұрғындарымен сөйлесіп, олардың қабылданып жатқан шараларды күшейтуге қатысты сұрақтарына жауап берді.

Сонымен қатар Жайық және Жем өзендеріндегі жағдаймен танысты. Жылыой және Қызыл­қоға аудан­дарында жергілікті ауқым­дағы табиғи сипаттағы ТЖ режімі сақталып отыр. Бүгінде Қызылқоға ауданындағы Миялы, Аққора, Жангелдин, Жасқайрат және Көздіқара ауылдарында қауіп-қатер сейілді. Ақтөбе облысы Ойыл ауданы жағынан Жем өзені деңгейінің көтерілуіне бай­ланысты Жылыой ауданы Құл­сары қаласын су басқан. 28 551 адам эвакуацияланды.

Өңірде су көлемін азайту үшін Жем өзенінің сағасы үш жағынан қазылды, сондай-ақ өзен бойында орналасқан жасанды бөгеттер бұзылды. Бұл өзен арнасының бағытын өзгертуге және судың кедергісіз ағуын қамтамасыз етуге, оның Каспий теңізіне қарай өткізу қабілетін ұлғайтуға және су тасқыны қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде тұрғындар мен волонтерлер тұрғын үй секторын су басуына жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.