Аймақтар • 08 Сәуір, 2024

Қостанай облысының әкімі өңір тұрғындарына алғыс айтты

110 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңір тұрғындарына су тасқынының алдын алу жұмыстары туралы баяндады. Әкімнің айтуынша, өңірде су тасқынының ең қауіпті кезеңі өтті деп айтуға болады. Негізгі су қоймалары жіберіп жатқан су мөлшері де азайып келеді.

Қостанай облысының әкімі өңір тұрғындарына алғыс айтты

«Мәселен, Қаратомар су қоймасында су жіберу тарихындағы ең жоғарғы мөлшер тіркелді. Қазір аталған су қоймасынан жіберіліп жатқан су мөлшері 660 м3-қа азайып, секундына 2 640 текше метрді құрады. Жоғарғы Тобыл және Желқуар су қоймаларында да жіберіліп жатқан судың мөлшері азайып жатыр. Өзендердегі су деңгейі төмендеп келеді. Тобыл өзенінің Жоғарғы Тобыл су қоймасының жоғары жағына орналасқан гидрологиялық бекеттегі судың тәулік ішінде 56 см-ге төмендеуі тіркелді. Әйет өзенінің 63 см-гетөмендегені байқалды.  Жалпы, облыс бойынша жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Қарасу ауданындағы Тінтуір, Құндызды және Қарасу өзендерінде су деңгейінің төмендеуі тәулігіне 17-ден 127 см-ге дейін болды. Облыстың оңтүстік аудандарындағы Торғай, Дәмді және Қабырға өзендерінде әлі де жоғары деңгей сақталып отыр. Қалған өзендерде негізінен су деңгейі төмендеді», деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстары басталғанын айтты. Тұрғындарға біржолғы әлеуметтік төлемдер беріледі, сондай-ақ демеушілік және гуманитарлық көмек көрсетіледі. Бүгінге дейін 587 отбасыға 107,3 млн теңге төленген.

Облыста қазірше 28 елді мекен жарықсыз отыр. Қатты тасқынның салдарынан бағандар құлап, істен шықты. Бұл оларды қалпына келтіру жұмыстарын қиындатып отыр, су кеткеннен кейін жұмыс жалғасады. Су тасқыны кезінде 24 автожолда қозғалыс шектелді, қазір 9 жолдағы қозғалыс қалпына келтірілді. Қалған жұмыстар жалғасып жатыр. Келтірілген шығынды бағалау бойынша жұмыс жүріп жатыр. Барлық шығын толық өтеледі.

«Мен осы қиын-қыстау кезеңде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, елдік пен бірліктің үлгісін көрсете білген жерлестеріме ризашылығымды білдіргім келеді. Төтеннен келген апат облыстың барлық тұрғындарын біріктірді. Бірлік біз үшін бәрінен қымбат! Қазақстан халқының салт-дәстүрінде, мұқтаж жандарға көмектесу, қол ұшын беру әрқашан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырады. Алғашқы күннен бастап мемлекеттік қызметшілерге, бюджет қызметкерлеріне құтқарушыларға, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне осы жағдайға бей-жай қарамайтын азаматтар, еріктілер, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, жеке ұйымдардың қызметкерлері қосылды. Мен өзім тұрғындардың игі істері мен ақ жарқын көңілдеріне куә болдым. Сіздер облыс пен ел үшін қиын күндерде, сын сағаттарда бір-біріңізге қолдау көрсетіп, көмекке келдіңіздер. Өз жұмыстарыңызды тастап, көппен бірге болдыңыздар. Зардап шеккендерге азық-түлік тасып, түні бойы елдің амандығын ойладыңыздар. Біз бір сәтте  бірігіп, табиғи апаттың алдын алдық. Егер осы бірлігіміз болмағанда, апаттың салдарыөте ауыр болар еді. Қымбатты жерлестер! Апат айтып келмейді. Бірақ Қостанай жұрты нағыз ынтымақ пен татулықтың жарқын үлгісін көрсете білді. Біз бірге болсақ, алынбайтын қамал жоқ. Әрқайсыңызға ерекше алғыс білдіремін!», деді аймақ басшысы.

 

Қостанай облысы