Бокс • 09 Сәуір, 2024

Бекзаттың ізбасарлары күш сынасты

39 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістанда Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, «Барыс» орденінің алғашқы иегері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған бокстан жастар арасындағы XXII халықаралық турнир жеңімпаздары анықталды. Дәстүрлі турнирде еліміздің өңірлерінен, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен келген 220-ға жуық спортшы 13 салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады.

Бекзаттың ізбасарлары күш сынасты

Бекзаттай чемпион болуды армандаған жас­тардың Түр­кістанға сапар алдында Сид­ней Олим­пиадасындағы финалдық жекпе-жек туралы ақпарат­тарды қайта бір ақтарып, бейне­түсірілімдерді тағы бір тамашалап, қанаттанып келгені анық. Жас боксшылардың отты жанарын көрген біз солай ойладық. Иә, сол сында Олимп шыңының ұшар басында, яғни ақтық сында кездескен қос мықтының бірі – 1999 жылғы әлем чемпионы, америкалық Рикардо Хуарес, екін­шісі бұған дейін жалпақ дүниеге аты беймәлім Бекзат Саттарханов еді. Екеуі – түйдей құрдас. Екінші раунд біт­кенде Саттарханов оқ бойы озық тұрды, есеп – 15:4. Үшінші, төртінші раундтардағы жан алып, жан беріскен жекпе-жек, жалпы сол кездесу бүгінгі жас спортшылар сабақ алатын шеберліктің, намыс пен табандылықтың, жеңіске деген ұмтылыстың жиынтығы сынды еді. Ал «Olympic Center» спорт ке­шенінде өткен жарыстың ашылу салтанатында Түркістан қала­­­сының әкімі Нұрбол Тұ­раш­­беков, Бекзаттың анасы Сырлыкүл Сат­­тар­ханова құт­тық­тау сөз сөй­леп, спорт­­шы­лар­ға сәттілік тіледі.

«Елдің атын шығарған ердің есімі жаңғырып, жыл сайын турнир өтіп жатқанына ана жү­регіммен қуаныштымын. Шын мықтыға тұсау жоқ. Күллі қа­зақ­тың даңқын 20 жасында әлемге танытқан Бекзаттың спорт­тағы даңғыл жолы бокс­шыла­рымызға жұғысты болсын. Жарысты халықаралық деңгейде ұйымдастыруды дәстүрге ай­нал­дырған облыс әкімдігіне, об­лыстық денешынықтыру және спорт басқармасына, Әбдісалан Нұрмаханов атындағы спорт мек­тебінің ұжымына алғысым шексіз», деді Сырлыкүл Адыр­бекқызы.

Сондай-ақ Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов бастаған ер Бекзаттың спорт саласындағы әріп­тестері мен еліміздегі бокс май­талмандары жас былғары қол­ғап шеберлеріне сәттілік тіледі.

Тартысты өткен турнир Бекзаттың кіндігі кесілген күні, яғни 4 сәуірде өз мәресіне жетті. Бокс додасының қорытындысында қыздар арасында бақ сынаған алма­тылық Э.Тұрғанова (50 кг), түр­кістандық Л.Абдуллаева (54 кг), Қырғызстаннан келген М.Әділ­баева (57 кг), Алматы об­лы­сынан М.Манатқызы (60 кг), А.Есбосынова (Маңғыстау облысы. 66 кг) және 75 килода түркіс­тан­дық Ш.Нәлібай барлық қарсы­ла­сын тізе бүктіріп, жеңімпаз атан­ды.

Ал ұлдар арасында шаршы алаңда жасындай жарқылдаған ұландарымыз жоғары дәрежеде өнер көрсетті. Нақтырақ айтсақ, Б.Нұрымбетов (Шымкент қ. 48 кг), Д.Берікбай (Жетісу обл. 51 кг), Б.Аскертаев (Ақмола обл. 54 кг), Е.Ұзақбай (Түркістан обл. 57), Ғ.Ермекбай (Жамбыл обл. 60 кг), А.Үсен (Түркістан обл. 63,5), А.Көшербай (Жамбыл обл. 67кг), Б.Нұрмахан (Маңғыстау обл. 71 кг), А.Кеңшілік (Ақтөбе обл. 75 кг), Р.Динеуов (Ақтөбе обл. 80 кг), И.Днишев (БҚО. 86 кг), Д.Данияр (Алматы обл. 92 кг), С.Тлекбай (Маңғыстау обл. +92 кг) алтыннан алқа тақты. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне белбеу, медаль және диплом табысталды.

Айта кетелік, Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені салынып жатыр. Бүгінде нысанның ішкі әрлеу, қасбетті сәндеу, жылыту, желдету жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Ғимараттың жалпы ауданы – 7 248 шаршы метр, жер аумағы – 1,8 гектар, құны – 3,1 млрд теңге. Нысан биыл тапсырылады. Заманауи спорт кешенінде Ә.Нұрмаханов атындағы спорт мектебінің ұжымы орналасады. Кешенде республикалық, халықаралық жарыстарды өт­кізуге мүмкіндік жасалады. Жал­пы облыс көлемінде 39 спорт мекемесінде 6 200-ден аса спортшы бокспен шұғылданса, оларды 270 жаттықтырушы баптап жүр.

 

ТҮРКІСТАН