Айбын • 08 Сәуір, 2024

Өмірін әскер өзгерткен

112 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тұрмыстың тауқыметіне арқа тосып, еңбекке ерте ара­лас­қан сер­­жант Шахрухқожа Абдуразаков өзге балалар ойын алаңында уа­қыт өткізіп жүргенде, мақта мен жүгері те­ріп, ата-анасына қол­ғабыс, бауырларына қамқоршы болды. Ал Отан алдындағы боры­шын өтеу оның өмірін түбегейлі өз­герт­ті. Ұлттық ұлан сапы­на қо­сылған ол қазір 3660 әс­ке­­ри бөлімінің 2-атқыштар рота­сы 4-взвод 2-бөлім­ше­сі­нің командирі қызметін атқарып жүр. Болашақта арнайы жа­сақ қа­та­рында қызмет етуді мақсат тұтқан жігіттің жос­пары көп.

Өмірін әскер өзгерткен

Түркістан облысының Мақ­та­­арал ауданына қарасты Бере­ке ауылында өмірге келген Шахрух­қожа мектепте білім ала жүріп, бұғанасы қатқан сәттен бастап мақта алқабында жұмыс істейді. Сондай күндердің бірінде оның қолына әскерге шақыру қағазы тиеді. Көпке созбай әскери комиссариатқа барады. Бірақ әскерге алынуға әлі жасы жетпеген. Бірнеше күн ерте шақырып қойған, амал жоқ, кері қайтады. Әскерге барамын деп бел буған жас жігіттің екінші талпынысы да сәтсіз аяқталады. Тек үшінші мәрте келгенде ғана жолы болып, Талдықорған қаласындағы Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінің 3-ротасына қосылады. Осылайша, «әскер атанып, елді қорғаймын» деген бала арманы орындалған ол: «Мектеп қабырғасында арманымыз жайлы шығарма жазған кезде үнемі әскери адам болғым келетінін қағазға түсіруші едім. Оқушы күнім­нен спортқа көбірек қызық­тым», дейді.

Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып шықты. Қызмет барысында ерлік әрекет­те­рімен де көзге түскен жауынгер уақыт өте өз ісіне мұқият, ша­руаға тиянақты қарайтын маман болып қалыптаса бастады.

– 9-сынып оқып жүргенде үй сала бастадық. Сол кезде отбасымыз қаражат жағынан қиналды. Сондықтан үйдегі төрт адам бір күндік жұмысқа жалданатынбыз. Ақшаға жүгері алқабында жұмыс істеуімізге тура келді. Үйіміздің шаруасы тұралап қалды. Ағам оқуға түс­се, оған да ақша керек. Әне-міне дегенше мен де оқу бітіретін уа­қыт таяп қалды. Сонда анамыз: «Бұл – Құдайдың бізге берген сы­нағы. Алла сынақты көтере ала­тын құлдарына ғана береді. Жақ­сы­лықтан үміт үзбейік, балам», деп жұбататын. Сол сөзіне сендік. Адал жұмыс істедік. Адалдық дегеннен шығады, бірде жұмыс берушіміз өз аяғымен үйге іздеп келіп, келіскен 20 мың теңгенің орнына 40 мың теңге ұстатты. Әкем: «Өз еңбегімізге сай қаражатты беріңіз, қалғанын ала алмаймын», деп артық ақшаны жұмыс берушіге қайтарып берді. Сол азын-аулақ ақшаның өзі қыжа­латымызды өтеді. Әке-шеше­міз­дің жанашырлығын сезініп, адал тәрбиесін бойымызға сіңі­­ріп өстік. Олардың берген еңбек­қорлық пен әділдік қасиеті әскер­де қажетіме жарады», дейді өт­кен күндерді еске алған Шахрух­қо­жа Шерматжанұлы.

Сапқа тұрып, сарбаз атанған соң Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімінде спортпен шұғылдануға мүмкіндік туды. Нәтижесі де жаман болған жоқ. Әскери бөлімдегі спорттық жарыстарда топ жарған кездері көп. Спорттағы жетістіктері көбейе бастады. «Әскерден кетерімде аға лейтенант болып жүрген рота командирі Керей Ержан бізден келісімшарт бо­йынша қызмет етуге ниеттілер бар-жоғын сұрады. Бірден қалғым келетінін айттым. 5514 әскери бөлімінде жұмыс істегім келген. Бірақ ол жерде қызмет ету бақыты бұйырмады. Мені Заречный кентіндегі әскери бөлімге бағыттап жіберді. 3660 әскери бөліміне келгенде РХБЗ ротасының бөлініс басшысы, көлік басшысы лауазымына тағайындалдым. Бірнеше айдан кейін батальон сержанты, аға сержант Ыхтияр Жалалов бөлімше командирі болып қызмет етуді ұсынды. Содан соң Қаракемерге оқуға жіберді. 2 айдан кейін оқуымды ойдағыдай аяқтап келдім», дейді бөлімше командирі.

Бүгінде оның өзі ғана емес, отбасы мүшелерінің де арманы орындалып, әркім өзі қалаған салада жұмыс істеп жатыр. Ағасы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, алыс-жақын күндері шетелге шығу үшін визасын күтіп жүр. Інісі Жетісайдағы медициналық колледжде білім алып келеді. Өзі де болашақта арнайы жасақ қатарына қосылуды мақсат еткендіктен, дайындығын шыңдап, жоспарының жүзеге асуын­ тағатсыздана күтіп жүр.