Көрме • 08 Сәуір, 2024

Дала дидары

63 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жұрт көрмегенді көңілмен оқитын суретшілер қауымы ел рухының шежіресін кескіндеп келеді. Қарт тарихтың түбінен сыр қозғаған сара таланттар әр құнды сәтті болашақ сарайына тасушы көпір іспетті.

Дала дидары

Астанада Ұлттық музейдің 10 жыл­дығына орай «Дала кескіндемесі: рәміз­­дер, бояулар, бейнелер» атты көрменің ­ашы­лу салтанаты өтті. Мерейтойлық көр­меде музей қорында 10 жыл бойы жинақ­тал­ған бейнелеу өнерінің жауһарлары ұсынылған. Олардың қатарында Әбілхан Қастеев, Әубәкір Ысмайылов, Орал Таңсықбаев, Салихитдин Айтбаев, Үкі Әжиев, Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Ысмайылова, Камиль Муллашев, Амандос Ақанаев, Ерболат Төлепбай, Алпысбай Қазығұлов, Ағымсалы Дүзелханов сынды белгілі қылқалам шеберлерінің туынды­лары бар. Көрмеге келген қонақтар барлығы 50 автордың 250 туындысымен танысуға мүмкіндік алды. Шарада аңызға айналған туындылармен қатар талантты жас авторлардың заманауи дүниелері ұсынылған. Сонымен қатар дәстүрлі қолөнер, зергерлік және тоқымашылық өнер бұйымдары, музыкалық аспаптар көрерменге көрсетілді.

см

– Бүгінгі көрме – Ұлттық музейдің 10 жылдық мерейтойы аясында тәуел­сіз сарапшылардың қатысуымен ұйым­дас­тырылып отырған алғашқы кураторлық жоба. Мақсатымыз – келушілерді қазақ кескіндемесінің тарихы мен оның даму жолымен таныстырып қана қоймай, әлем­дік өнердегі өзіндік орнын көрсету. Қазақ бейнелеу өнерінің тарихы терең, музейде бір ғасырдан астам уақыт сақталып тұр­­­ған суреттеріміз де бар. Сондай-ақ 2022-2023 жылдары бұл қор­ды жас суретшілер­дің жұмыстарымен то­лықтырдық. Биыл он жылдыққа бай­ла­ныс­ты жыл соңына де­йін әртүрлі көрме ұйымдастыру жоспарда бар, оның ішіне отандық көрмелер­­мен қатар халықаралық көрмелер де кіреді. Бүгінде Ұлттық музейде 20-ға тарта коллекция, 200 мыңнан астам жәдігер сақтау­лы. Олардың барлығын, әрине, экспозицияға көрсету мүмкін емес. Осындай көрмелер арқылы болашақта қала тұрғындары мен қонақтар назарына ұсынып отыратын боламыз, – дейді Ұлттық музей дирек­торының міндетін атқа­рушы Айбек Сыдықов.

Іс-шара барысы «Қазақ кес­кін­демесіндегі тарихи сюжеттер», «Табиғат бейнелері – ­алуан түрлі пейзаждық мотивтер», «Қа­зақстан өне­ріндегі суретші әйелдер», «Қазіргі заманғы өнер – жаңа есімдер» сияқты тақырыптық аймақ­тарға бөлінген. Көрме кураторы, Темір­бек Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының өнер теория­сы мен та­рихының оқытушысы, еліміздің сурет өнері туралы бірнеше кітаптың авто­ры Ольга Батурина көрермендерге туын­ды­лар тарихы жөнінде құнды мағұл­ма­т­тар­мен бөлісті.

– Суретшілер неғұрлым талантты бол­­ған сайын дүниенің жарқын көрінісін со­ғұрлым терең көре бастайды. Мәселен, мы­на суреттегі Абрам Черкасский – алды­мен Қазақстанға жер аударылып, бүкіл өмі­рі елімізбен тікелей байланысқан сурет­ші. Ол Алматыға келгенде қалада ­ал­ғашқы суретшілер училищесі ашылады. Чер­касский сонда оқытушы болып, бү­гінгі біз танитын көптеген кори­фейлерді ұясы­нан қанат қақтырды. Со­лар­дың ішін­де Сабыр Мәмбеев сынды әйгілі сурет­ші бар. Білгенге, Қазақстан тек дала мен таулардан тұрмайды. Міне, Михаил Шата­ловтың мына бір суретінде аспанмен ас­тасқан теңіздің, құстар мен зәулім кеңістіктің бей­несі келісті көрініс тапқан, – деді куратор.

Көрмеге қойылған сурттерде елдік рухты көтеретін ұлттық нақыштар, сал­қар дала, сабылған көш, шұрқыраған жылқы­лар бейнесі жиі көрініс тапқан. Ұлы дала­ның кербездігі мен кеңдігі бейне­лен­ген туын­дылар арқылы ұлт өмірінің көркем ше­жіресіне қиял қанатымен еркін сапарлауға болады.