
Талдықорған театры. Сахнада сол пластика, сол мизансцена, сол образ, сол актерлер, тек көрермен бөгде, бұрынғыдай емес жаңарған, жасампаз, жаңалық күтуші. Өнер де сұлудай заманмен бірге түрленгісі, сәнденгесі келеді. Байырғы таптаурын ережелерді бұзбай, шеңберден шықпай мәдениетке өзгеріс әкелу мүмкін емес. Ол да тірі организм, уақытпен қатар дамиды, алуан түрге енеді, құбылады, жасиды. Демек ескінің шабыты саябыр таба бастағаны ешкімге құпия емес. Бізге тосын әсер, төтенше күй, күтпеген сезім, сирек силуэт керек. Ал оны бұл қаладан табу мүмкін емес.
Кейде бір тереңге сүңгігендей боласыз, бірақ ол сіздің беліңізден келетін шалшық су болып шығады. Кейде тұнып аққан өзенге шомылуға оқталасыз, ал оның ағыны сізді алысқа әкетеді. Сол ағынмен арпалысқан адамның әрекетінен асқан шарасыздық жоқ шығар. Өнер де сондай, дәрменсіздігіңізді уақыт бәрібір әшкерелеп қояды. Моцарт пен Сальеридің арасындағы таласты есіңізге түсіріңізші. «Құдайдың даусын естіген» Амодеидің алдында жансебіл Антонио жар ұшында жалаңаяқ жүгірген баланың күйін кешеді. Бұл күй – Тәңірдің одан теріс айналғанындай өте ауыр арзу еді, ішін оттай қариды.
Өнер адамы көрсеқызар, шыдамсыз, күйгелек болды-ақ, соры қайнады дей беріңіз, сүрінбеске сүрінеді, ұрынбасқа ұрынады. Өткір сезім, өжет қиялдың шығармашыл жанға түкке керегі жоқ. Жасындай жарқыраған ұлы Моцарттың музыкасын естігенде сыралғы Сальери соңғы жылдары қатыгез халге душар болады. Жаратушының бозбала Вольфгангқа өлмейтін әуен жазуды сыйлағанын түсінбейді. Жас дарынның көлеңкесінде қалу оны ажалға итергенмен бірдей әсер етеді. Сөйтіп, Құдайдың әділдігіне күмәнданады. Осылайша, тағдырдың қателігін түзеуге төте шешім қабылдайды. Бізге жеткен аңыз бойынша ақыры қарсыласын улап өлтіреді.
Жо-жоқ, Сальери жауыз емес, ол да музыка әлемінің әулиесі, тек Моцарт дәуіріне тап келгені болмаса...
Осы сәтте ғажайып композитор Теміржан Базарбаевтың ғұмыр сызығына үңілейікші. Ол да жайсаң Жетісудың парасатты перзентінің бірі, бірақ Жетісу жері «жерлесімен» ешқашан мақтанған емес, мақтағанын да көрмедік. Өкінішті-ақ. Сұм соғыс екі жасында жетімдіктің қамытын кигізген өнер иесі Алакөл ауданына қарасты Қарабұлақ ауылындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Әйтсе де ол тұста «талант іздеу» деген дәстүр болған. Сол мейірімді міндетті қазақтың қос алыбы Нұрғиса Тілендиев пен Бекен Жылысбаев қолға алады. Ат арбамен түкпірдегі түтінге келіп, әнге әуес үш баланы Алматыға әкетеді. Қалаға жеткенше қарадомалақтар қапелімде қаша жөнеледі. Екеуінен көз жазып қалғанымен, бірінің аяғы Тілендиевтің уысында қалады. Бұл – «Қаздар қайтып барады» деп жүректі елжіреткен Теміржан Базарбаев еді. Егер ол да қолдан сусып кеткенде қазақ даласы «Ауылым», «Тамаша» секілді таңғажайып шығармаларды естір ме еді, естімес пе еді? Бірақ қазақ вальсінің королі Шәмшінің көлеңкесінде қалған композитордың өмірдерегі бәрібір өкінішке толы. Қалай десеңізде қалтарыста қалған ғұмырдың қамырығы – өнерді бағалау.
Бірде атақты суретші Пикассоның алдын орап кеткен сырбаз суреткер Модельяни Париж көшелерінің бірінде амалсыз картиналарын сатуға шығады. Үлде мен бүлдеге оранған асқақ қала кімді де болсын жасытуға асық қалыптан әлі де айныған емес. Сол әдетімен суретшіні сынап көруге оқталады. Керемет кескіндемелердің біріне қыдырымпаз байдың әйелінің көзі түседі. Дегенмен шынайы өнердің исі мұрнына бармайтын кербез келіншек Модельяниге азғантай ақша ұсынады. Аш-құрсақ сатушы қайтсін, шарасыздан шығармасын қолына ұстатады. Артынан көңілі алабұртып, кетіп бара жатқан тұтынушыдан не себепті осы картинаға таңдау жасағанын сұрайды. Сонда сылқым келіншек «үйдегі кілеміммен түстес екен» деп жауап береді. Мұны естіген қылқалам шебері ызадан булығып, сол маңда картинаны жыртып тастайды.
Ұлы өнердің ордасы Италиядан тәкаппар Парижді мойындатуға келген жас талант жоқшылықтың жолына түседі. Сондықтан күнкөріс үшін осындай қадамға барған еді. Бірақ қарабайыр қоғам ақыры оны да өлтірді. Яки, сол дәуірде де өнерді өлтіру ойыны жүріп жатқан. Әлі де толастаған емес. Білесіз бе біз, о баста дүлдүл Димашты бағаламаған қазақпыз... Осы ойымызға араша түсіп көріңізші?
Жыр қағаны Жұматай Жақыпбаев «Ақынды өлтіру ойыны» атты өлеңінде қуыс кеуде қоғамның қаламгерді ғана емес, талантты өлтірудегі әрекетін жазады. Шынында алдүзік ақын осы Жетісудың бір баласы, топырағынан түлеген, тарихын жырлаған жасампаз ер емес пе еді? Бірақ құдды мынау байтақ атырапқа бөтен секілді. Ешқандай естелік, көзкөрген мұра сақталмаған. Тіпті кішігірім көше де бұйырмаған. Бізді қанжылтатыны осы. Өнерпазды өлтіру оңай шығар, ал өнерін қайда қоясыз?
«Ойнайды мұны күштілер,
Ойнайды мұны тістілер.
Жұмсалмағанмен күш түгел,
Жеңісті арам іш тілер.
Аяқталса той ұлы –
Ақын өлтіру ойыны!»