Оқиға • 09 Сәуір, 2024

Атырауда су тасқынымен күрес барысында адам сүйектері табылды

134 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Махамбет ауданындағы Жайық өзенінің жағасына бөгет тұрғызу үшін топырақ күреу кезінде адамның 12 дана бас сүйегі мен 26 дене сүйегі табылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда су тасқынымен күрес барысында адам сүйектері табылды

Оқиға орнына құзырлы органдардың мамандары келіп, тергеу алды тексеру жұмыстарын бастады. Айта кетейік, табылан сүйектер дәстүрге сәйкес қайта жерленеді.

«Ескі Сарайшықта адам сүйегінің табылуы жаңалық емес. Өйткені, ортағасырлық Сарайшықта үлкен қорым бар екені баршамызға белгілі. Археологиялық зерттеу барысында да, тіпті ескі Сарайшық ауылы ішінде түрлі жұмыстар барысында да адам сүйектері жиі кездесіп жатады. Ал бүгінгідей, халықты су тасқынынан қорғау мақсатында жасалып жатқан үлкен жұмыстар кезінде Жайық жағалауында адам сүйектерінің жер бетіне шығуы, әрине, заңдылық. Әдетте, мұндай хабар жеткен бойда мамандар өз жұмыстарын атқарып, оларды зерделеп, жер қойнына салт-дәстүріміз бойынша тапсырады», деді «Сарайшық» музей-қорығы директоры Мұхтар Әбілсейіт.

Айта кету керек, бұған дейін Атырау облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланған еді. Қазіргі таңда Жайық бойында орналасқан Махамбет, Индер аудандарында және Атырау қаласында бөгет тұрғызу, жаға бекіту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.