Аймақтар • 09 Сәуір, 2024

Су басқан өңірлердегі жағдай Мәжіліс депутаттарының бақылауында

86 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттарының су тасқынына байланысты өңірлерге сапары жалғасып жатыр. Олар апаттың алдын алу, зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсету және басқа да мәселелер бойынша жұмыс істеп жатыр. Мәжіліс депутаттары Әділ Жұбанов пен Еділ Жаңбыршин Атырау облысы тұрғындарымен және бөгет тұрғызып жатқан жұмысшылармен кездесті, деп жазады Egemen.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Су басқан өңірлердегі жағдай Мәжіліс депутаттарының бақылауында

Апат басталғалы ауылдастарымен бірге жүрген Әділ Жұбановтың айтуынша, бүгінде Атырау облысының Жылыой, Қызылқоға аудандары суға кеткен. Қазіргі таңда жергілікті билік, жеке кәсіпорындар мен қарулы күштердің ресурстары жұмылдырылып, облыстық, аудандық штабтар жұмыс істеп жатыр.

«Ондаған жыл бойы келмеген су ғой. Сондықтан жерлер жеке қожалықтарға өтіп, табиғи арналары жабылып қалған. Одан бөлек теңізден тасымалданатын мұнай трубалары тартылған. Солардың бәрі судың табиғи жолмен кетуіне кедергі болып отыр.  Ендігі мақсатымыз – Ресейден келетін алапат судан Атырау қаласын аман алып қалу. Жайықтың бойындағы Индер, Махамбет аудандарында бөгеттер салу, бекіту  жұмыстары қарқынды жүріп жатыр», деді Ә. Жұбанов.

Сапар барысында депутаттар Атырау белсенділері тұрғызып жатқан Соколок каналымен, қала ішіндегі ұзындығы 20 шақырым болатын бөгеттің жұмысымен танысты. Махамбет ауданы әкімінің  айтуынша, ауданның 21 елді мекенінің 17-сі Жайық өзені жағалауында орналасқан. 85 шақырым ескі бөгеттің орны бар, енді тағы қосымша 15 шақырым бөгет салынып жатыр. Жалпы алғанда бөгеттің ұзындығы 100 шақырымды құрайды.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин топан судан қорғанудың түрлі әдісін ұсынды. Оның айтуынша, ауылға су кірмес үшін бөгеттермен қоршап, дәрі-дәрмек, азық-түлік пен жанар-жағар майдың қорын жасап алу керек.

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов су тасқынынан кейінгі елдің жағдайын білу үшін Ақсуат ауданына барды. Аудан әкімі Асхат Смаилов тасқын салдарынан бүлінген Боғас өзеніндегі көпірді, облыстық маңызы бар «Сәтбаев-Ақсуат» жолын көрсетіп, қалпына келтіру бойынша атқарылатын жұмыстар туралы айтып берді.

Боғас өзені деңгейінің тасып көтерілуінен Ақсуаттан Кіндікті ауылына апаратын көпірді су шайып, аудан орталығымен уақытша жол қатынасы үзілген. Алайда жергілікті атқарушы билік жағдайды жедел ретке келтіруге кірісті.

Өңірлерге сапар аясында Айна Мысырәлімова мен Дәулет Мұқаев Ақмола облысының бірнеше ауданын аралады. Аршалы ауданы Жібек жолы ауылының іргесіндегі Нұра өзенінің тасуына байланысты қазір ауылдағы жағдай күрделі. Әр екі сағат сайын судың деңгейі өлшеніп отыр. 35 мың құм салынған қаптан бөгет тұрғызылып, 50 арнайы техника жұмылдырылған.  

Депутаттар одан әрі Целиноград ауданы Талапкер ауылына барып, ондағы жағдаймен танысты. Бірнеше күн бұрын аулаларды су басқанымен, қазіргі жағдай тұрақты. Ауыл іргесін бекіту жұмыстары қолға алынған.

Ал Қазыбек Әлішев пен Асқар Садықов Ақтөбе облысының Құмсай ауылы тұрғындарымен жүздесті. Саркөл ауылдық округінің Құмсай ауылындағы 39 үйді, 1 шаруа қожалығы мен 1 кәсіпкерлік нысанды су басқан. Қазіргі уақытта ауылдағы 27 үй тұруға жарамсыз.

Мәжіліс депутаттары бұдан бұрын тұрғындармен кездесіп, өтініші-тілектерін тыңдаған болатын. Осы кезде халық малын тастап кете алмайтындарын айтып, жаңадан үй салынып біткенше жылы вагондар сұрады. Қазір ауылға вагондар жеткізіліп, электр желісіне қосылған. Ақтөбедегі екі су қоймасының толып кету қаупі сейілді. Зардап шеккендерге 300 тоннаға жуық көмек жиналды. 206 адамға 64 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем жасалған. 11 елді мекенмен үзілген жол қатынасын қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.