Фото: Тuranasia.kz
«Қазгидромет» дерегіне сәйкес, ауқымды антициклон Қазақстан аумағының көп бөлігінде ашық әрі құрғақ ауа райын қалыптастырады. Тек батыс өңірлерде атмосфералық фронттардың ықпалынан жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Республика бойынша тұман түсіп, солтүстік пен орталықта көктайғақ болады. Сонымен қатар солтүстікте, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста желдің күшеюі болжанып отыр.
Түркістан облысының солтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Мұнда солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 23 м/с-қа дейін жетеді. Ал Шымкентте желдің жылдамдығы 15-20 м/с шамасында болады.
Ақмола облысында күннің жылынуына байланысты қар қарқынды еріп, өзендер мен су арналарының деңгейі көтерілуі ықтимал. Ұқсас жағдай Павлодар облысында да байқалады. Солтүстік Қазақстанда ауа температурасы күндіз 7-12°C-қа дейін көтеріледі.
Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында, сондай-ақ Қарағанды облысының кей аумақтарында тұман түседі.
Атырау облысында солтүстік, оңтүстік және шығыс бөліктерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең батысында тұман түседі. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Жетісу облысында солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні кей уақытта 30 м/с-тан асады, бұл өңірде дауылды жағдай туындауы мүмкін.
Сонымен қатар 25 наурызда Ақтөбе, Алматы және Астана қалаларында ауа сапасының нашарлауы күтіледі. Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және инверсия сияқты факторлардың әсерінен зиянды заттардың жиналуы. Мұндай кезде елді мекендерде ауаның ластану деңгейі артуы ықтимал.