Қоғам • 09 Сәуір, 2024

Ауызбастырық һәм сарқыт

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бурабай баурайындағы нағашым телефон шалған. Айы­рылу асына шақырмақ. Әуелі ұқ­пай қалғанбыз. Көптен бері Бура­байдың шығыс жақ беткейін мекен еткен көнекөз қария Щучинск қаласына қоныс аудармақшы. Айырылу асы туралы сұрадық. Бұрын-соңды естіп көрмеген сөз. Нағашым кеңкілдеп күліп алды. «Жұртқа мән үйретіп жазғанда сондайсың?» деп бір тоқтады. Айтуына қарағанда, қырық жылға жуық тонның ішкі бауындай араласқан ауылдастарына ас беріп, ризашылығын айтып барып қоныс аудармақ. Ескінің рәсімі.

Ауызбастырық һәм сарқыт

Бұл өлкеге өткен жазда бір соқ­қанбыз. Ораз Аталықтың асына. Ораз Аталық – Абылай ханды Түр­кістанда жүрген жері­нен Бурабайға әкеліп, тәлім-тәрбие берген тұлға. Аталықтан тарайтын алты ауыл басын көтеріп, ескерткіш тақтасын орнатып, ас берді. Бұл аймақ – бұрынғының жолын, жөнін ұстап қалған, қаймағы бұзылмаған қазақы орта.

Нағашымның қонақасына елдің игі жақсысы жиналған екен. Ас дайын болған кезде кекілі көзіне түскен он бір-он екі жас шамасындағы бала келіп, үлкендердің қолына су құйды. Көптен бері көрмеген сурет. «Бекер әуре болды-ау», десіп жатты жұрт, «Өзіміз барып жуатын едік қой».

– Анау қолындағы жез легенді, күміс құманды әкем ұстап, үлкендердің қолына су құйған. Жа­рықтық атамыздан қалған деп аузының суы құрып айтып отырушы еді, – деді отағасы. – Бала жұрттың алғысын алады әрі үлкендерге құрмет көрсетіп үйренеді.

Біз де білетін едік. Тек үзіліп қалған өнеге. Дәм қайырылған соң төрде отырған әжейлердің бірі жарты құртты қамзолының қалтасына салып жатып, «Келінім дәметеді», деді. Екіншісі қостай жөнелді. Келіннің көңілін қалдыруға болмайды. Дәмететін болса, алып бар, әйтпесе, немерең ана сүтіне жарымайды.

Сарқытқа әжелер емес, аталар өш екен. Есік алдына шыққанымызда түп нағашымыздың бірі қос пакетті қол­тықтап алғанын көрдік. Қарап тұрмай жиендерін келемеждеп тұр.

– Бүгін саған жиендерің тиіскен жоқ қой, – деп онсыз да қызып тұрған қоламтаны үрлей салды біреу.

Тоқ дастарқанның буы ма, нағашы­мыз аяқты алыс­тан салды.

– Осыдан тиісіп көрсін, – деді ол. – Мен бұлардың жағасын жыртамын.

Жиендерінің ішінде айтқырлау біреу бар еді. Қолма-қол жауап бергені.

«Бурабайда бір бәдік жыр туды, аға,

Ағам дайын жағамды жыртуға да.

Базардан қайтқан әйел құсап, пакет арқалап,

Басыңызға соншалық не күн туды, аға?»

Ошарылып тұрған тәмам жұрт ду ете түсті. «Сы­бағаңды алдың», десіп жатыр. Ел-жұртқа қарабет бол­­майын десең, ауызбастырық бер.

– Ауызбастырық осындай адамның шымбайына бататын әзіл-қалжың сөз жалпақ жұртқа тарап кетпесін деп береді ғой. Алған адам тіс жаруға тиісті емес. Алаш баласы үшін антқа пара-пар дүние, – деді отағасы.

Ойламай от басқан нағашымыз «Мұнша жиеннің бәріне не бермекпін?» деп сараңдығы ұстап, тартын­ғаны. Алған жоқпыз. Содан соң жалпақ жұртқа жайы­п жібердік. Ал, ендеше!