Аймақтар • 10 Сәуір, 2024

Абай облысында тасқын келтірген залал есептеліп жатыр

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков Орталық коммунациялар қызметі алаңында бейнебайланыс арқылы сөйлеген сөзінде су тасқыны келтірген залал сомасы алдын-ала есептеу бойынша 57 млн теңгені құрайтынын, жуырда комиссияның жұмысы аяқталатынын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Абай облысында тасқын келтірген залал есептеліп жатыр

Фото: ОКҚ

Оның айтуынша, Абай облысы бойынша су тасқыны жағдайы тұрақталды. Облыс аумағында 22 тұрғын үй су астында қалды.

«Алдын-ала есептеу бойынша зардап шеккен үй құрылыстары, техника, үй жануарлары, жеке мүлікті ескере отырып, залал шамамен 57 млн теңгені құрайды. Комиссия жұмысын 15 сәуірде аяқтау жоспарланып отыр», деді Димитрий Гариков.

Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Аягөз және Ақсуат аудандарында енгізілген ТЖ режимі 3 сәуірде тоқтатылғанын еске салды.

«Айта кететін бір жайт, үйлер ең ұзақ дегенде 12 сағатқа дейін су астында қалды. ЖАО мен ТЖД қызметкерлерінің жедел іс-қимылдарына сәйкес үйлерден су тартылды. Жалпы, облыстың барлық аудандары су басу қауіпі болғанымен, тек екі ауданда – Аягөз және Ақсуатта ТЖ режимі жарияланып, 3 сәуірде тоқтатылды», деді спикер.

Сондай-ақ Димитрий Гариков облыстың инфрақұрылымына келтірілген залал туралы айтты.

«Су тасқыны салдарынан 4 көпірге нұқсан келді, оның 2-уі ірі көпірлер. Қазіргі уақытта Аягөз ауданының бір ауылы көлік қатынасынсыз қалып отыр. Инфрақұрылым бойынша комиссияның жұмысы да аяқталды, шамамен 2,5 млрд теңге шығын келгені анықталды. Су тасқынына қарсы іс-шаралар кезінде тікұшақ пайдаланылып, 700 келі гуманитарлық көмек жеткізілді. Су басу қаупі жойылды, өңірдегі су тасқыны жағдайы тұрақты», деп қорытындылады облыс әкімі орынбасары.