Пікір • 11 Сәуір, 2024

Батырлар өнегесі – тәрбие өзегі

60 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Тәуелсіздігімізді қалай нығайтамыз, ұлтымыздың өсіп-өркендеуі мен ұрпа­ғы­мыз­дың дүниежүзілік бәсекелестікке лайықты болуы үшін қандай бағытта жұмыс істеуіміз керек деген мәселелерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі зор мән беріп келеді. Жуырда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында да бірқатар маңызды мәселе көтерілді.

Батырлар өнегесі – тәрбие өзегі

«Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зия­лы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақ­­танышы. Елдің тұтастығы зиялы қауым­ның бірлігінен басталады», деп атап өтті Мемлекет басшысы. Халқымыздың, елді­гіміздің маңызды құндылығы – аға ұрпақтың жастардың санасына сіңірген дана сөздері. Белгілі, беделді тұлғалар ұлт бірлігін нығайтуға, өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беруге септігін тигізетін, салмақты тақырыптарды үнемі үлгі етіп, айтып отырса игі.

Әскери адам ретінде Мемлекет бас­шы­сының мәдени-гуманитарлық даму саласында бірқатар тың бастама көтергені көңілімнен шықты. Айталық, Президент елімізде әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне берілетін «Айбын» орденінің түрлі дәрежесін Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетов есімдері атау жөнінде ұсыныс жасады.

Арамызда ел танымайтын қаншама батыр бар. Тек соғыс емес, еңбек май­данының батырлары да жеткілікті. Оларды дәріптеу, істерін ұрпаққа үлгі етіп ұсынудың маңызы зор. Кез келген мемлекеттің басты міндеті – жастарға патриоттық тәрбие беру. Алдыңғы ұрпақтың дәстүрін жаңғырта отырып, біз болашаққа сеніммен қадам басуға жағдай жасаймыз. Қазір­гі жас­­тар­дың бойында патриотизмді қалып­тас­ты­ру­дың бірден-бір жолы – өз еліне деген сүйіс­пеншілік.

«Тәуелсіз Қазақстанның халық батырлары» қоғамдық бірлестігінің басты мақсаты – Халық қаһарманы, Еңбек ері тақырыптарын тереңірек зерделеу, қамту және насихаттау негізінде ұлттық тарихи мәдениетті қалыптастыру үшін қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіру, сондай-ақ ұлттық жадыны сақтау, батырлар ерліктерін насихаттау, сондай-ақ Еңбек ерлерінің үлгісін пайдалана отырып, жұмысшы мамандықтарын насихаттау арқылы жастарға азаматтық-патриоттық тәрбие беру.

Жастарды Отан игілігі үшін аянбай қызмет етіп, ерлік пен батырлық көрсеткен тұлғаларды үлгі ете отырып тәрбиелеу, сондай-ақ қоғамдағы еңбек адамдарының мәртебесін көтеру маңызды. Өскелең ұрпақтың бойына елінің жетістіктері мен мәдениетін ұлық тұтып, Отан мүддесін қорғауға ынталандыра отырып, патриоттық сезім ұялату керек. Себебі нағыз патриотизм – тәрбиеленген патриотизм, ал нағыз патриот – Отанына қалай және қандай қызмет ете алатынын білетін адам. Бұл тұста білім беру мекемелеріне ерекше назар аударылады, өйткені олар – жаңа азаматтарды қалыптастырудың, өскелең ұрпақтың санасын жаңғыртудың бастау көзі.

Әрбір азамат ата-анасын қалай сүйсе, Отанын да солай сүюі керек. Отанның талап-тілектерін қалай орындаймын, оның алдындағы парызымды қалай өтеймін, елге қалай қызмет етемін деп ойлануы, талпынуы, білім алуы, еңбек етуі қажет.

Президент Құрылтайда отан­сүй­гіш­тік, еңбексүйгіштік сияқты құн­ды­лықтарға да кеңінен тоқталды. Еңбек адамы қоғамда құрметті тұлғаға айналуға тиіс. Сондықтан, біз, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар, ұстаздар мен ата-аналар, жас ұрпаққа отансүйгіштік – ең алдымен тынымсыз еңбек, туған жерге пайда тигізуге ұмтылу екенін талмай түсіндіруіміз қажет. Жастарды төл мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін бағалай білуге, яғни жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңіруге үйрету де маңызды. Жас ұрпақты тәрбиелеу – ата-ана мен мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның, мемлекеттің міндеті. Өйткені күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана елімізді гүлдендіріп, бүкіл әлемге беделді ететін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Сауап алу үшін тек мешіт сала берудің қажеті жоқ. Жағдайы бар адам қоғамға пайдалы кез келген нәрсені жасай алады. Мысалы, жер-жерлерде спорт залдарын, аурухана, мектеп, кітапхана немесе мәдениет үйін салcа, жастардың білім алып, саламатты өмір салтын ұстануы мен спортпен шұғылдануына қосымша мүмкіндіктер ашылар еді.

Хан батыр атанған Қаракерей Қабан­бай бабаның: «Елім үшін жаным садақа, жерім үшін қаным садақа» деген сөзі бар. Қазіргі жастарға айтарым: Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Сондықтан Отанды сүйіңдер, оны қыз­ғыш­тай қорғаңдар, ел басына күн туса, бабаларың өсиет еткен жанкештілікпен жауға қарсы тұрыңдар. Әскери өнерді меңгеріңдер, Отанға адал қызмет етіңдер. Соғыс болмасын десек, бәріне дайын болуымыз керек. Дене күші мен рух күшін қатар дамытыңдар. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген қағиданы әрдайым есте ұстаған жөн.

Әрбір жас Отаныма қалай қызмет етемін, оның алдындағы борышымды қалай өтеймін деп ойлануы керек, сондықтан тәрбиені Отанды қорғаудан бастауымыз керек. 18-19 жастағы өреннің әскер қатарына келіп, Отанының алдында ант беруі азаматты жауапты, биік дәрежеге көтереді. Оның бойында мен өз мемлекетімнің туына, қауіпсіздігіне ант бердім деген жауапкершілік пайда болады, көкірегінде мақтаныш сезімі ұялайды. Ал антты қағаздан көзін алмай оқып беру емес, жаттап, шын жүрегімен беру керек, сонда ғана оның есінде мәңгі сақталады.

Жақында Тараз қаласында – Бауыржан Момышұлының туған топырағында патриоттық іс-шаралар өткіздік. Елімізде Құдайға шүкір, тәу ететін киелі орындарымыз баршылық, сондай-ақ ұлықтайтын ұлы тұлғаларымыз да жеткілікті. Осы тұрғыда қоғамдық бірлестіктің тағы бір міндеті – түрлі салада қызмет ететін, елге еңбегі сіңген қайраткерлердің, белгілі азаматтардың басын біріктіріп, қалың бұқара арасында жиі болып, қоғамымыздың қалыптасуы мен дамуына, жастарды тәрбиелеу ісіне барынша үлес қоса білу.

Тәрбие отбасынан басталады. Үлкен өмірге араласқан кезде жол айырығында тұрған жас жеткіншекті түрлі тарапқа сүйрейтін күшті үрдістер пайда болады. Базбіреулер діннің атын жамылып, азғырып, өз қатарына тартқысы келеді, болмаса еңбексүйгіштіктің орнына масылдыққа тәрбиелейтін, жастарға жеңіл өмір іздеттіретін, жеңіл табыс, ақшақұмарлыққа баулитындар көбейеді.

Қазір елімізде лудомания кең таралып отыр. Бұл мәселеге қатысты Парламентте арнайы заң да қабылданды. Табан астында жатқан тегін байлық жоқ, адам тектен-текке бай бола салмайды, жастарға осыны түсіндіруіміз керек. Бай болуы үшін алдымен жақсы оқуы керек, ата-анасының тәрбиесін тыңдап, қоғамды сыйлауды, өз мамандығын таба білуді, адал еңбек етуді үйренуі керек. Егер адал еңбек етсе ол ешқашан аш қалмайды. Ал оңай жолмен ақша табуды көздеген жастар түрлі құмар ойынға да үйір келеді. Қазір қаншама адам осы дерттің құрбаны болып жатыр. Міне, осы кеселден сақтандыратын жолдың бірі – патриоттық тәрбие. Дана халқымызда: «Жасқа берген тәрбие жас қайыңды игендей» деген қағида бар.  Балғын қайыңның тіп-тік болып, жаңбыр мен желге бой бермей өскені сияқты жастың да ержүрек, Отаны үшін жанын пида ететін азамат болып өсуі біздерге, бүгінгі тәрбиеге байланысты.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әр­­қашан «Қариясы бар үйдің қазы­насы бар», деп халқымыздың игі дәс­түрлері мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіру керегін айтты. Қазақ ақсақалдарына, үлкендеріне қарап өскен, біздер, ақсақалдар жастармен жиі кездесіп, дұрыс жол сілтеп отыруымыз керек. Оларды қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге, шындықтың жолымен жүруге тәрбиелеуге тиіспіз.

Былтыр жыл соңына қарай Астана қаласының «Ақсақалдар кеңесінің» төр­ағасы болып сайландым. Оған келісім бергенім – қоғамдық бірлестікпен ба­ғыттары ортақ. Негізгі басымдық ретінде қоғамдағы тұрақтылық, ке­лі­сімді нығайтуға, еліміздің рухани-адам­гершілік құндылықтарын өскелең ұрпақ бойына сіңіруге, бірлік пен ынтымақты қамтамасыз етуге, діндер мен мәдениеттерді құрметтеуге, жастардың құқықтық санасын тәрбиелей отырып, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, қайырымдылыққа, әділеттілікке, өзара сыйластыққа, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Отанымыздың болашағы –
жастар, ал оларды тәрбиелейтін, дұрыс жолға салатын – ақсақалдар, жасы үлкен сыйлы азаматтар. Ұлы Абай атамыз: «Үлкенге сен деп не таптың, кішіге сіз деп не жоғалттың» дегендей, біздер, ақсақалдар ел абыройына қолымыздан келгенше септігіміз тисе дейміз.

Біз жастар тәрбиесіне үлгі болуымыз керек, жиі кездесіп шындық жолымен жүруді, елді қорғай білуді үйретуіміз керек. Жастардың менмендіктен, жаман әдеттен, өсек-жаладан аулақ болуы­на аса көңіл бөлуіміз қажет. Тек шын­дықтың жолымен жүріп, соған жастарды тәрбиелесек, дұрыс ой салсақ ұрпақ ешқашан опасыздыққа бармайды.

Қоғамдық бірлестік «Халық батыр­лары» атты қоғамдық-патриоттық жур­нал шығаруды қолға алды. Негізгі бағыт-бағдарымыз – Отанымызды, ұлан байтақ жерімізді сақтап қалған, халқымыздан шыққан батырларымызды, қаһармандарымызды, Еңбек ерлерін, еліміздің сыйлы азаматтарын, танымал тұлғаларды ұлықтау. Олардың тәжірибесі, қажырлы еңбегі арқылы жас­тарды тәрбиелеу, өскелең жасқа үлгі ету. Отанын, елін, жерін, тілін, мәде­ние­тін, халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпын сақтауға және қорғауға жөн сілтеу, ел игілігіне жарайтын ұрпақ тәрбиелеу.

Бабаларымыздан қалған батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен Бауыржан, Рахымжан, Сағадат аталарындай, Мәншүк, Әлия апаларындай батыр, Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев сияқты қаһарман болуға талпынса, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы жолында бар күш-жігерін сарқа жұмсап келе жатқан Абзал Жұмашұлы, Иван Сауэр, Аягүл Миразова сияқты Еңбек ерлерінен үлгі алып, құрмет тұтып, «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, солардай болуға ұмтылса, жастарымыз жаман болмайды. Болашақ ұрпақтарымыз сол батыр бабаларымыздың ел үшін, жер үшін, Отан үшін еткен еңбегін, кешкен бейнетін бағалап, үлгі тұта білсін. Ұлтымыз өсіп, өркендей берсін. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын, соған бәріміз күш-жігерімізді біріктіріп, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» атсалыса берейік.

 

Бақытжан ЕРТАЕВ,

Халық қаһарманы, әскери қайраткер, генерал-лейтенант