Аймақтар • 11 Сәуір, 2024

Сырда егіс басталды

37 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өзге өңірлерді тасқын су қаупі әбігерге салып жатса, Сырда биыл да дария арнасы бұрын­ғы деңгейіне жетпей тұр. Десе де ерте көктем­нен-ақ егіс даласына шық­қан шаруалар жаңа жоңышқа, жаздық бидай, арпа, мақсары мен қант құмайын 16,5 мың гектарға егіп қой­ды. Ма­­мырға дейін егіс­­тен босамайтын қауым­­ның ендігі уайымы – су тап­шылығы.

Сырда егіс басталды

Осыған байланысты өт­кен жиында облыс әкімі Нұр­лыбек Нәлібаев биыл аймақта 187 мың гектар ал­қап­қа дақыл егілетінін атап өтті. Күріш көлемі был­тыр­ғыдан 5 мың гектарға аза­йып, 83,9 мың гектарға егіле­ді. Мемлекетаралық Су ша­руа­шылығы үйлестіру комис­сиясының 86-отырысында вегетация кезеңіндегі су лимиті белгіленгеннен кейін егіс көлемі қайта нақтыланады.

«Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемін алдағы 5 жылда 2 есе арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауды биылдан бастауымыз керек. Ол үшін Үкімет мақұлдаған егін шаруашылығы инди­каторлары бойынша биыл­ға болжанған көлемді агро­техникалық талаптарды сақ­тап, мерзімінде егу қажет. Қазір­гі мәлімет бойынша «Шар­дарадан» жоғарыдағы «Тоқ­тағұл», «Әндіжан», «Қай­­рақ­құм», «Шарбақ» су қой­ма­ла­рында 12,1 млрд текше метр су бар, бұл өткен жыл­дағыдан 700 млн текше метрге кем. «Шардара» мен «Көксарайдың» да жағдайы мәз емес. Ондағы жиналған су өткен жылғыдан 1 млрд текше метрге аз. Вегетациялық кезеңде «Шардара» су қойма­сына жоғарыдан қосымша 3 млрд текше метр су түспесе, жағ­дай қиындай түседі. Сон­дық­тан жоғарыдан келетін су­дың әр тамшысын есептейтін кез жетті», деді аймақ басшысы.

Тапшылықтың зардабын жеңілдету үшін осы жылы 4,2 мың гектарға су үнемдейтін озық технология қолданылады. «Таң ЛТД» ЖШС 800 гектарға егетін жүгері, «Qaratau Fruits» ШҚ 80 гектарлық қарқын­ды бақты, «Ер Әлі» ШҚ 15 гектар алқапты, майда шаруашы­лықтар 1 800 гектар, жеке қожа­лықтар 1 005 гектар көкөніс, бақшаны тамшылатып суарады. Жаңбырлатып суару әдісімен «РЗА Агро» ЖШС 260 гектарға сүрлемдік жүгері, «Gamil Pro» ШҚ 200 гектар жоңышқа, «Жетікөл Жер» ЖШС 40 гектар күнбағыс егуді жоспарлап қойған.

Көктемгі дала жұмыстары­на қажетті қаржы – 26,7 млрд теңге. Осы күнге дейін канал­дар­дың 134 шақырымы тазаланып, гидротехникалық құ­рылыстардың 75-і жөндеу­ден өтті. Техникалар то­лық жөн­деліп, науқанға кі­рі­­сіп кетті. Тұқымнан тапшы­лық жоқ. Жыл басында тыңайтқыш жеткізушілер және өндірушілермен жасал­ған келісімдер нәтиже­сінде бүгінгі күнге 52,8 мың тонна тыңайтқыш шаруашы­лықтарға жеткізіліп берілді. Бұл – қажеттіліктің 83 пайызы. Шаруашылықтар сұранысына сәйкес облысқа бөлінген 12,9 мың тонна арзандатылған дизельдің 40 пайызы жеткізі­ліп, 1 литрі 250 теңгеден босатылып отыр.

Жиында шаруашылықтар­дың «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы «Кең дала» бағдарламасымен 2,5 млрд теңге несие алуы, ауыс­палы егіс тәртібін қатаң сақтау, су үнемдеу технологиясы қолда­нылатын егіс көлемін ұлғайту мәселелері талқыға түсті.

Жылдарға жалғасып келе жатқан су тапшылығы кімге де оңай тиіп отырған жоқ. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы егіске қажетті су лимитін сәуір айының басында нақтылауға тиіс. Ал «Қазсушар» мекемесінің об­лыстық филиалы көктемгі су алу науқаны басталғанға дейін су шаруашылығы нысандарын жөндеуді толық аяқтауға жа­уапты болып отыр. 

 

Қызылорда облысы