Мәселе • 11 Сәуір, 2024

Сәтбаев арнасындағы бөгет мүжіліп барады

76 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сәтбаев су арнасындағы бөгеттің жағдайы кәсіпорын өкілдерін алаңдатып отыр. Айтуынша, осыдан бес жыл бұрын №87 бөгетке жасалған жөндеу жұмыстары сапасыз жүргізіліп, бүгінде оның салдары айқын біліне түскен. Бөгеттің жиегі мүжіле-мүжіле, бүгінде қауіптің ең жоғары шегіне жетіп отыр.

Сәтбаев арнасындағы бөгет мүжіліп барады

Сәтбаев арнасының жағдайы кері кетіп тұрғанын бұдан жыл бұрын да мәселе етіп көтергенбіз. «Қазсушар» РМК оның жылдық табысынан 2 млрд тең­гені жырып алып, еліміздің өзге аумақ­тарындағы инвестициялық жобаларға жұмсап жатқанын, салдарынан ар­наның қаржылық ахуалы нашарлап кет­кенін тілге тиек еткенбіз. Алайда мәсе­леге жоғары жақтағылар бас ауырт­пай отыр.

Жығылғанның үстіне жұдырық, биыл арна бойында тағы бір мәселенің құ­лағы қылтиды. 2019 жылы төртінші су торабының 87-бөгетінде реконструкция жұмыстары жүргізілген. Алайда мердігер компания жөндеу жұмыстарын сапасыз әрі шала-шарпы жүргізіп, бүгінде су қой­масы апаттық жағдайда тұр. Соның сал­дарынан арнаның техникалық күйі нашар жағдайға түскен.

Сәтбаев арнасы Павлодар пайдалану басқармасының басшысы Владимир Егеревтің айтуынша, сапасыз жөндеу жұмыстарының салдарынан жақын маң­дағы елді мекендерге қауіп төніп отыр. Су қоймасының ернеуі жырылып кетсе, мол су сыртқа лақ ете қалуы мүмкін. Бөгет тез арада қалпына келтірілмесе, көктемгі су жі­беру шаралары кезінде жағдай қиын­дай түседі.

– Бізді жазғы уақытта су бетінде пайда болатын толқындар алаңдатады. Қыста проблема жоқ. Толқын бөгетке соғылған сайын ол мүжіле береді. Кез келген уақыт­та жарып шығуы мүмкін. Сол үшін алаң­даймыз. Қазір бөгеттің жағдайын үнемі қадағалап отырмыз, күйі нашарлап барады. Құрылысқа толық жөндеу жасалуы керек, – дейді ол.

Бұл мәселені «Amanat» партиясының партиялық бақылау комиссиясы бақы­лауға алған. Олар наурыз айының ортасында су арнасына барып, жағдаймен танысып та қайтты. Түйткілді шешу үшін сараптама жасап, қайтадан мердігерді таң­дау керек деп есептейді. Бұған дейінгі мердігер жұ­мыстарды жеріне жеткізіп орын­дай ал­мағаны анық, себебі ол маман­данған компания емес еді. Су арнасы оны сотқа беріп, жеңіп шыққан. Бірақ сот істерінің өзі екі жылға созылыпты. Сон­дықтан мамандар алдағы уақытта кон­курстық жұмыстарда же­ңіп шығатын мердігерді таңдауда сақ болу керек екенін ескертіп отыр.

«Арна – стратегиялық тұрғыдан өте маңызды нысан. Ондағы кемшіліктер Орталық Қазақстан үшін айтарлықтай апаттық жағдай туындатуы мүмкін. Республикалық бюджеттен аталған су арнасының жөндеу жұ­мысына қомақты қар­жы бөлінді. Біз бұл қара­жаттың дұ­рыс игерілуін қадағалаймыз. Бұған дейінгі жөндеу сапасыз бо­лып шықты. Ен­дігіде ондай кемшілік орын алмауы керек», дейді «Amanat» партиясы өңірлік филиа­лы партиялық бақылау комис­сиясының төрағасы Олег Костенко.

Жалпы арна Павлодар облысының Май ауданындағы Белая өзенінен бас­талып, Қарағандыға дейін жалғасады. Жалпы ұзындығы 459 шақырым болса, соның 380-дей шақырымы Павлодар облысының аумағында орналасқан. Су торабының бірегейлігі сол, 22 сусорғы стансасы суды төменнен жоғарыға қа­рай айдап, жалпы биіктігі 418 метрге дейін көтереді. Мұндай су артериясы жер бетінде жоқ. Оның жоба-жоспарын ке­зінде академик Қаныш Сәтбаевтың өзі жасап кеткенін екінің бірі біле бермейтіні де анық. Сусорғы-қуат жабдықтары жылына шамамен 2 200 млн КВт/сағат электр энер­гиясын тұтынатындықтан арнаның екінші кезегі – «Қарағанды – Жезқазған» бағыты жүргізілмеді. Яғни сол тұстағы ма­мандар мұны тиімді емес деп есептеді. Соның әсерінен арна бүгінде өз әлеуетінің тек 40 пайызын ғана пайдаланады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жылына тұтынушылар арнадан 450-460 млн текше метр су сатып алып отыр. Кәсіпорын азат­тық жылдарында үш мәрте банкрот бола жаздаған. Бірнеше жағдайдан әупі­рімдеп шыққанымен, ақыр соңы 2000 жылы банкрот болып танылып, қайта құрылымдаудан өтеді. Сол тұста мекеме «Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорын болып аталды. Алайда 2011 жылы ұйым республикалық мәртебесінен айырылып, «Қазсушар» РМК-ның филиалы болып қана қалды. Су арнасына қызмет көрсетіп тұрған кәсіпорындардың құлдырауы осы уақыттан басталып кеткені кездейсоқтық емес. Себебі «Қазсушар» РМК оны дербестігінен ғана айырып қана қойған жоқ, жыл сайын арна арқылы түсетін миллиард­таған теңге табысты жырып әке­тіп, республикамыздың өзге өңірлеріне құйды. Ал арна бойында жылдар бойы еңбектеніп келген қызметкерлердің үлесіне ештеңе тимеді. Еңбекақы өспеді, технологиялық жабдықтарға күрделі жөндеулер жеткілікті жүргізілмеді.

Бір кемшілігі, арнаның мәселесі жыл сайын көтеріледі де, аяғы сиырқұйым­шақтанып «жабулы қазан жабулы кү­йінде» қалып қоя береді. Бұл тарапта Сәтбаев атындағы су арнасы стратегиялық тұрғыдан еліміздің бірқатар өңірі үшін аса маңызды екенін, оның жұмысында кінәрат шықса, зардабын отандық үлкен өнер­кәсіптер, қалалардағы миллион­даған тұрғындар тартатынын ескеруіміз қажет. Бүгінде су арнасы Павлодар, Қара­ғанды, Ұлытау облыстары мен Ас­тана қаласына тіршілік нәрін жеткізіп тұрған жалғыз су көзі екені, бұған қоса Теміртау металлургиялық комби­наты, Екі­бастұздағы қос МАЭС-тің бұған байлаулы тұрғаны назарға алынса игі. Оның үстіне арнадан Ақмола облысының Қорғалжын көліне, Павлодар облысының Шідер­ті алқабына жыл сайын су жібері­ліп, көлтабандар мен суармалы алқап­тар­ды қамтамасыз етіп тұрғанын неге ұмы­тамыз?

Болашақта Астана бағытында жаңадан салынатын Софиевка су қоймасына дейін Шідерті арнасынан су тармағы жүр­гізіледі. Бұл жұмыстар, атап айтқанда, жо­балау, құрылыс және одан арғы қызмет көр­сету Қ.Сәтбаев атындағы су арнасына тікелей жүктелгені жөн болар. Ендеше, су арнасының кәсіпорнын жеке құру, оның әбден ескірген жүйелерін жаңартып, ұйымды дамытудың жөн-жобасы қайта жасалса деген тілек бар.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қаламгер һәм қайраткер

Қоғам • 25 Мамыр, 2024

Жеңіл табыс жерге қаратады

Қоғам • 25 Мамыр, 2024

Микроқаржы сергелдеңі

Қаржы • 25 Мамыр, 2024

Болмысы биік тұлға

Тағзым • 25 Мамыр, 2024

БАҚ пен тіл

Сұхбат • 25 Мамыр, 2024

Тасқын су толастамай тұр

Аймақтар • 25 Мамыр, 2024