Аймақтар • 12 Сәуір, 2024

Күшіміз – бірлікте! Жатақханадағы жылыойлықтар

85 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қойнауы «қара алтынға» толы, әлемге әйгілі «Теңіздей» ірі кеніші бар Жылыой ауданының тұрғындары бір күнде толғауы тоқсан тіршіліктің қиындығымен бетпе-бет келді. Су басқалы бір аптаға жуықтады. Содан бері 10 сәуірге дейін Құлсары қаласы мен Тұрғызба ауылынан 34 998 тұрғын қауіпсіз аймаққа көшірілді. Оның ішінде 7 445 адам «Теңіз» кен орнындағы жатақханаларға орналасты.

Күшіміз – бірлікте! Жатақханадағы жылыойлықтар

Аталған кен орнын игеріп жатқан «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Айбек Қрамбаевтың мәліметіне сүйенсек, компания Жылыой ауданындағы су тасқынының зардабын жоюға 2 млрд теңге бөліп отыр.

«Біздің компания 2-4 сәуір аралығында Жылыой ауданына тасқын суға қарсы жұмыстар үшін 90-ға жуық арнайы техника, автобустар, азық-түлік және жанар-жағармай жіберді. Тұрғын үйін су басқан тұрғындар үшін вахталық кенттегі жатақханалардан арнайы орын дайындалды. Мұндай көмек әлі де жалғасады», дейді А.Қрамбаев.

Жылыойлық тұрғындар вахталық кенттегі жатақханаларға компанияның автобустарымен эвакуацияланды. Олардың дені – балалы әйелдер мен қарттар. Арасында жүкті аналар бар. Эвакуацияланған тұрғындардың бәрі жатын орнымен, ыстық тағаммен, қажетті медициналық көмекпен қамтылып отыр. Тұрғындар күн сайын медициналық тексеруден өткізіледі. Жүкті аналардың денсаулығын қадағалау үшін арнайы маман шақырылды. Мұнда әсіресе балаларға ерекше көңіл бөлініп отыр. Өйткені жатақханадағы жағдайға тез үйрене алмауы мүмкін. Сол себептен балалар үшін түрлі ойын ұйымдастырылады. Тіпті арнайы кинотеатр ашылған. Балаларға қазір еліміздің ең ірі кинотеатрларында көрсетіліп жатқан мультфильмдер ұсынылады.

Тұрғындарға ТШО мен мердігер мекемелердің қызметкерлерінен бөлек еріктілер де көмекке келген. Компания қызметкерлері гуманитарлық көмек жинап, ұшақпен «Теңіздегі» вахталық кент пен Құлсары қаласына жеткізіп жатыр.

«Қазір бәріне оңай емес екенін білеміз. Құлсарыға тасқын су кіре салысымен заттарымызды жинап, түнде вахталық қалашыққа келдік. Жатақхана болса да, өмір сүруге жақсы жағдай жасалып отыр. Өз үйімізге ештеңе жетпейді ғой, бірақ қауіпсіздікті сезіне бастадық. Асханада тағамның түр-түрі бар. Мейрамханадағыдай ас мәзіріне таңдау жасауға болады. Қызметкерлер бізге жақсы қызмет көрсетеді», дейді жылыойлық тұрғын Мақпал Шахарбаева.

Құлсары қаласын су басқанда алдымен «Аspar Kashagan» ЖШС көмекке ұмтылыпты. Бұл серіктестік – «Теңізшевройл» ЖШС-ның мердігерлерінің бірі. Аталған серіктестік басшылығы техникалық қолдау мен гуманитарлық көмектен бөлек вахталық кенттегі жатақханаларға 700-ден аса адамды қабылдауға шешім қабылдапты.

«Жылыой ауданында жұмыс істегендіктен, осындай қиын күндерде тұрғындарға қалай көмектеспейміз? Эвакуацияланған тұрғындар азық-түлікпен және медициналық көмекпен қамтамасыз етілді. Қазір балаларға түрлі турнир ұйымдастыруды қолға алдық», дейді серіктестіктің өндірістік менеджері Салтанат Сүлейменова.

Ал «Caspian Offshore Construction Realty» ЖШС иелігіндегі «Болашақ» вахталық қалашығындағы жатақханаға 3 мың адам орналасқан. Бұл – «Теңіз» кенішіндегі үлкен жатақханалардың бірі. Қалашық меңгерушісі Ғалымжан Әбірдің айтуынша, төрт сағатта қажетті бөлмелер дайындалып, 2 мыңнан аса адамды қабылданған. Кейін тұрғындар саны 1 мың адамға көбейді.

Құлсары қаласынан эвакуацияланған әйелдер мұнда бос жүрген жоқ. Кейбірі вахталық қалашықтағы аспаздарға, енді біреулері техникалық қызметкерлерге көмектесіп жүр. Олар осындай қиын сәттерде бір-біріне қолдау көрсету маңызды екенін түсінеді.

Сондай-ақ «Нефтестройсервис» ЖШС-ның қызметкерлері балалармен жақсы қарым-қатынас орнатып үлгеріпті. Қазір серіктестіктің жатақханаларында 540-тан аса адам тұрады.

Тағы бір мердігер – «Сенімді құрылыс» ЖШС Құлсары қаласы мен Тұрғызба ауылынан эвакуацияланған 800-ге жуық тұрғынды қабылдады. Мұнда тұрғындар күнделікті медициналық тексеруден өткізіліп, тұрмысқа қажетті тауарлармен қамтамасыз етілген.