Сұхбат • 12 Сәуір, 2024

Камиль АҚАТОВ: Инвесторлар ғылымға 9,7 млрд теңге бөлді

142 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ел экономикасының діңгегі әрі тірегі – ғылым. Ал ғылымды дамыту осы саланы қаржыландыру мәселесіне тікелей тәуелді. Елімізде отандық ғалымдардың ғылыми нәтижелерін, жобаларын, зерттеулерін қаржыландыру, сондай-ақ оған кәсіпкерлік тараптан инвестиция тарту мәселелерімен Ғылым қоры айналысады. Осы жұмыстардың барысы, қордың «аяқ алысы» қалай? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Камиль Ақатовпен әңгімелескен едік.

Камиль АҚАТОВ: Инвесторлар ғылымға 9,7 млрд теңге бөлді

– Камиль Ерғалиұлы, Ғылым қорының қазіргі және соңғы нәтижелері қандай, көрсеткіш көңіл көншіте ме? Әңгімені осыдан бастасақ.   

– «Ғылыми және (немесе) ғы­лыми-техникалық қызмет нәти­желерін коммерцияландыру туралы» заң қабылданған сәттен (2016, 2017 және 2018, 2022, 2023 жылдары) бастап 5 конкурс өткізілді. 1742 өтінім түсіп, 310 шарт жасалды, 280 жобаға қолдау көрсетіліп, 155 өндіріс құрылды, оның ішінде 16 жоба экспортқа шықты. Бүгінде 137 жоба жүзеге асу сатысында. Былтырғы жылдың соңында сатылымнан түскен табыс 33,7 млрд теңгені құрады. Бюджетке салық төлемдері түрінде 7,8 млрд теңгеден аса қаражат түсті. Жеке кәсіпкерліктен, яғни инвесторлардан ғылымға көлемі шамамен 9,7 млрд теңге қаржы тартылды. Жобамен 1700 адам жұмыспен қамтамасыз етілді.

– Министр жыл басында бізге берген сұхбатында қор­дың «Horizon Europe» ғылым және инновация бойынша Еуро­па­лық одақ негіздемелік бағдар­лама­сы­ның еліміздегі ресми Ұлт­тық үйлестіру орталығы ретінде ай­қын­далғанын айтты. Бұл бағдар­лама ғалымдарға не береді?

– Аталған жауапкершілік әрі мүмкіндік Ғылым қорына 2023 жылғы сәуірден бастап берілді. Бұл бағдарлама – ғылыми зерттеу және инновациялық қызметтің кең ауқымды бағыттарын қамтитын Еуропалық комиссияның ғылыми-инновациялық жобаларға деген мемлекеттік тапсырысы. Бағдар­ламаның бюджеті (2021-2027 жылдар) шамамен 100 млрд еуроны құрайды. Еуропалық одаққа кіретін елдер аясындағы ұйымдар, оның ішінде қауымдастырыл­ған елдер, сондай-ақ Қазақстан сияқты қауымдастырылмаған ел осы тапсырысты орындаушы бола алады. Бағдарламаға қатысу халықаралық қаржыландыруды тартып қана қоймай, сонымен қатар жаһандық проблемаларды шешуге, озық технологияларды бірлесіп әзірлеуші болуға мүмкіндік береді. Дамыған елдер тәжірибесі көрсеткендей, халық­аралық ынтымақтастық ғы­лым мен инновацияларды бас­қару жүйесіндегі міндетті аспект са­налады. Осы тұрғыда біз өз ме­ха­низмдерімізді ғылым және инно­ва­циялар бойынша ЕО Негіз­деме­лік бағдарламасы сияқты үздік шет­елдік тәжірибелермен, бағдар­ламалармен түйістіру бойынша белсенді жұмыс істеп келеміз.

– Ғалымдар аталған халық­аралық бағдарламаға қалай қатыса алады?

– Бағдарламаға қатысу шарттары гранттық, бағдар­лама­лық-нысаналы қаржылан­дыру, технологияларды коммер­ция­лан­дыруға арналған гранттар секілді біздің мемлекеттік қаржы­лан­дыру тетіктерімізге ұқсас. Бұл да конкурстық құжаттамадан, белгілі бір талаптардан, өтінімдер нысандарынан, жобаларды беру әрі іріктеу үдерісінен тұрады. Аталған халықаралық бағдарламаға бизнес және өнеркәсіптік ұйымдар, сондай-ақ стартаптар қатыса алады. «Horizon Europe» зерттеулер мен инновацияларды, әсіресе өндіру және өңдеу, алмастыру және қайта өңдеу бойынша жаңа технологиялар саласын­дағы, соның ішінде төмен көмір­тек­ті технологиялар мен үдеріс­тер саласындағы зерттеулер­ді қолдауға бағытталған. Мұнда негізі­нен білім драйвері ретінде жоға­ры оқу орындары мен ғылы­ми зерт­теу институттары­­ның халықара­лық ұйымдармен ық­пал­дасу мін­деттеріне басымдық беру керек. Бұл үшін халықара­лық деңгей­де өзектілігі бар жобалар­ды тал­дау, іріктеу қажет. Халықара­лық бағдарламаларға бірлесіп өтінім беру үшін серіктестермен ынты­мақ­тастықты дамыту керек. Одан басқа, білікті кадрларды тартып, ұйым­дарды халықаралық грант­тарға қатыстыру талаптарын қоя отырып, оларға жағдай жасаған жөн.

– Ғалымдар ғылыми жобасын өндіріске енгізу үшін қаржылай қол­дауға зәру, ал елімізде қаража­тын салатын сәтті жобаларды іздеп жүрген инвесторлар да баршылық. Қор осы екі тарап­тың арасында алтын көпір бола алуға тиіс секілді. Осы міндет қалай орындалып отыр?

– Жақында «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» өтті. Статистика бойынша реакторларға қатысатындар­дың 50 пайыздан көбі ғылыми және ғылыми-техникалық нәтижелерді коммерцияландыру конкурсына қатысады, ал біразы Ұлттық Ғылыми кеңестің іріктеуінен сәтті өтеді. Демек, осы алаң ғылым мен бизнесті тиім­ді интеграциялайды, бизнес­ке ба­ғытталған экономиканың қол­данбалы ғылыми жобаларын жасауға мүмкіндік береді. Реакторлар құрылыс, медицина, тамақ өнеркәсібінен бастап жер қойнауын пайдалануға дейінгі әртүрлі саланы қамтиды. Мұнда әр қа­тысушы өздерінің ғылыми әзір­лемелерінің коммерциялық құн­­ды­лығын әлеуетті бизнес-серік­тес­терге жеткізіп, дәлелдеп шығу­­ды көздейді. Кәсіпкерлер мен ин­­вес­т­орлар ғылыми жобалар тура­лы питчтерді (баяндамасын, ағыл­шын­ның «speech» – сөйлеу сөзі­нен алынған – А.Ш.) тыңдап, ғалым­дармен бірлесіп 350 млн теңгеге дейін грант алу конкурсына қатысу мақсатында  келісімге келеді.

– Реакторлар ұйымдастыру­дың нәтижесінде қаржылан­дыру­ға ие болған қандай жобаларды атай алар едіңіз?

– 2022-2023 жылдары «Ғылым» қорының онлайн-питчтеріне қатысуға 40 жоғары оқу орны мен отандық ғылыми зерттеу инс­­ти­­тутынан 300-ден аса өтінім түсті. Оларға қоса жеке R&D ор­та­лық­тары өкілдері, өнертапқыш­тар да қатысты. Бұл – қаржылық емес қолдау шарасы. 190 жоба онлайн-питчтерге қатысты, оның 63-і «Технологияларды коммерция­ландыру реакторы» диалог алаңдарында таныстырылды. Қатысушылар онлайн-питч­терде әлеуетті биз­нес-серіктес, инвесторларға жобаны пысық­тау және әзірлеу мақсатында «Ғылым» қоры мамандарына коммерцияландыруға дайын аяқталған ғылыми жобаларын қорғайды. Онлайн-питчтер­дің қорытындысы бойынша үздік жобалар «Технологияларды коммерцияландыру реакторында» ұсынылады. «Бизнес-серіктес­тер» клубы немесе сол онлайн-питчтер аясында қолдау алған жобалар арасында: лиофилизация әдісімен фермерлік өнімді жоғары тиімді өңдеуге арналған мобильді қондырғылар;  өсімдік майларын қалпына келтіру және тазарту өндірісін ұйымдастыру; қатты шырғанақ майы мен энтеросорбент алу технологиясын әзірлеу; «Софмая» түйе сүтінен жаңа сусын жасау өндірісін ұйым­дастыру және коммерция­лан­дыру; жылыту жүйелеріне арнал­ған энергия үнемдейтін электр қазандықтарын өндіру; мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автокөлікті бейімдеу; жақсартылған пайдаланушы­лық сипаттамадағы полиэфирлі шайырлар негізінде лак бояу материалдарының өндірісін құру; микрокапсулярлық өртті сөндіру стикерлерін дайындау; мультизлак шикізатынан инновация­лық макарон өнімдерін өндіру бағытындағы жұмыстар бар. Бұл жобалардың жалпы құны шамамен 9,3 млрд теңгені құрады.

– Жақында өткен реактор қорытындысы қалай? Инвестор­ларды қызықтырған жобалар бар ма?

– Бұл реактор құрылыс және жол-құрылыс саласындағы жобаларға арналды. Мұнда ин­весторлардың қызығушылығын оятқан инновациялық өнімдер қатарында құрылымы күрделі топырақтағы құрылыс алаңдарын инженерлік-геологиялық зерттеу барысында геоақпараттық базаны қолдану технологиясы, діріл­сіз технология бойынша темір-бетон бұйымдары, қағыла­тын темір-бетон қадалар, құрылыс алаңдарын діріл акустикалық мониторингілеу жүйесі, тегіс еден тақталары, беріктігі мен көтер­гіштігі жоғары қадаларды өндіру технологиясы, жол бел­гілеріне арналған органикалық еритін бояу, құрамында күкірт болатын құрылыс материалдары туралы жобалар бар. Құрылыс алаңдарын діріл акустикалық мониторингілеу жүйесін әзірлеу жөніндегі жоба авторларының бірі Елбек Өтепов жылу карталары түрінде географиялық ақпараттық жүйеде динамикалық визуализация жүргізуге және қала­ның инфрақұрылымына инте­грациялауға мүмкіндік бере­тін жүйені таныстырды. Ал Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу уни­вер­ситетінің техника­лық ғылым­дар магистрі Елнұр Мадиярова ұсынған  дірілсіз технологиясы бойынша жаңа темір-бетон бұйымдары – жылу трассасының науасы, суару және арық науалары дайындалатын болды. Осындай бұйымдарды қолданған кезде арматуралық қаңқа және төсеме бөлшектер жылыстап кетпейді, бетон қоспасы біркелкі болады, со­ның нәтижесінде ақаулар болмай­ды, бұл экологиялық таза өнім сана­лады әрі дірілдің теріс әсерін болдырмайды. Таныстырылған тағы бір әзірлеме тұрғын үй құ­ры­лысында қағылатын темір-бетон қадалар өндірісіне қатыс­ты. Оның артықшылығы – қада­лар­дың көтергіштік қабілеті­нің зор болуын­да, темір-бетон шы­ғын азайта алатынында. Мұн­дай қысқа қадаларды қолдану жұ­­мыс барысында төмен копер (құры­­лыс көлігі) қондырғыларын және шағын көлемді көлікті пай­далануға мүмкіндік береді. Осы коммерцияландыру реакторына 100-ден аса ғылым мен бизнес өкілдері, атап айтқанда, Қазақстан құрылысшылар одағының, «KZ Stroyexpert» ЖШС-ның, «QazGem» Қазақстан цемент және бетон өндірушілер қауым­дастығының, Қазақстан құрылыс қауымдастығының, Қазақстан автоклавты газдалған бетон өндірушілер қауымдастығының өкілдері қатысты. Нәтижесінде, ғалымдар мен бизнес өкілдері арасында ынтымақтастық және жобаларды бірлесіп жүзеге асыру туралы алдын ала келісімдерге келді.

 

Әңгімелескен –

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»