Энергетика • 16 Сәуір, 2024

ЖЭО-ны жаңғырту жұмыстары

51 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде энергетика мәселесі өткір тұр. Ол туралы Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында айтты. Жұмыс істеп тұрған 55 жылу көзін жөндеп, кемінде тағы 6,5 мың шақырым инженерлік желіні жаңғырту қажеттігіне баса назар аударды.

ЖЭО-ны жаңғырту жұмыстары

Жылу және энергиямен қамтамасыз ету жағдайы бойынша ел-жұрттың көкейінде жүрген бірқатар сұраққа Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов жауап берді. Сөйтіп, саладағы ауқымды инфрақұрылымдық бастамалардың жүзеге асырылу барысы туралы әңгімеледі. Жұмыс істеп тұрған жылу көздерін және коммуналдық инженерлік желілерді жаңғырту жұмысына тоқталды.

Қазір энергетикалық сектордың инвести­ция­лық тартымдылығын арттыру және үздік­сіз генерациялауды қамтамасыз ету үшін қайтарымды инвестициялардың жылдық лими­ті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін артқан. Оған қоса электр қуаты нарығында шекті тариф айына 1 МВт үшін 590 мың теңгеден 1,065 млн теңгеге дейін ұлғайтылған. Сондай-ақ 24 энергия өндіруші ұйым үшін электр энергиясына шекті тарифтер түзетілді. Онда тарифтердің орташа өсуі 20%-ды құрады.

Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, аталған шаралар осы жылы салаға шамамен 327 млрд теңге қаржы тартуға мүмкіндік береді:

  • Электр энергиясына тариф есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 94 млрд теңге;
  • Электр қуаты нарығы шеңберіндегі инвестициялар 134,7 млрд теңге;
  • Амортизациялық аударымдар есебінен инвестициялар 98 млрд теңге.

Алдағы жылыту маусымына дайын­дық үшін электр стансаларында 10 энергоблок­ты, 55 қазандықты, 45 турбинаны күрде­лі жөндеу жоспарланған. Қазір 2 энергоблокта, 7 қазандықта, 4 турбинада жөн­деу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал 1 турби­на­дағы жөндеу жұмысы аяқталды. Бұл жоба­лар­ды қаржыландыру электр және жы­лу энергиясының тарифі, сондай-ақ бюд­жеттік қаржыландыру есебінен қам­тамасыз етілген.

Биыл электр желілерінде жалпы ұзақтығы 20 857 км электр беру желілерін, 423 бірлік кіші стансаны, 4 057 бірлік тарату пункттерін және трансформаторлық кіші стансаларды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұлармен бірге жалпы ұзындығы 1 619 км ұлттық электр беру желілерін және «KEGOC» АҚ-ның 30 кіші стансасын күрделі жөндеу де жос­парда бар.

Бүгінде инвестициялық келісімдер бойын­ша Екібастұз ГРЭС-1-де №1 энергоблокты қалпына келтіру, Атырау ЖЭО-да №6 турбоагрегатты ауыстыру, Топар ГРЭС-те №3 турбоагрегатты ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алдағы уақытта Энергетика ми­нистрлігімен жасалған инвестициялық келісімдер шеңберін­де Екібастұз ГРЭС-те қуаты 600 МВт №3 блокты үш жылда салып бітіру көзделіп отыр. Ал Қарағандыдағы ЖЭО-3-те қазандық агрегатының жаңасын салып, турбинасын ауыс­тыру ісін жүзеге асыру екі жылға жоспар­ланған. Оған қоса қуаты 85 МВт енгізе отырып, жаңа қазандық агрегаты мен турбинаны салу арқылы Өскемен ЖЭО-ны кеңейту жобалары іске асырылатын болады.