Халық • 17 Сәуір, 2024

Ұлттық ұлан көмек күшін еселеді

49 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің бұйрығымен Ұлттық ұланның 3 мыңнан аса әскери қызметшісі қосымша күш ретінде су тасқынынан зардап шеккен еліміздің батысы мен солтүстігінде белсенді көмек көрсетіп жатыр.

Ұлттық ұлан көмек күшін еселеді

Фото: Ұлттық ұлан

Қазір Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында су басу қаупі өте жоғары. Апаттың алдын алу үшін ұландықтар су басқан аудандардың тұрғындарын эвакуациялаумен белсенді шұғылданып, тұрғын алаптарда құм са­лынған қаптардан бөгет тұрғызып жатыр. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының елді мекендерінен тұрғындарды эвакуация­лау барысында Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Мәулен Марленов су ортасында қалған адамдарды дер кезінде құтқарды. Ол су тасқынының ортасында тұрып қалған жүк көлігінен 30 адамды шығарып, қауіпсіз ай­маққа эвакуациялады.

Орал қаласындағы Ұлттық ұланның жер­гілікті полкіне 300 адамнан тұратын Шым­кент жедел бригадасының жеке құрамы және Қызылордадан 200 сарбаз көмекке келді. Атырау облысында да су тасқыны жағ­­дайы күрделі болып тұр. Атырау қала­сын­дағы 5546 әскери бөлімінің 120-дан ас­там сарбазы полиция қызметкерлерімен бір­лесіп, Құлсары қаласының көшелерінде иесіз үйлердегі дүние-мүлікті тонауға жол бермеу бойынша қызмет атқарып жүр. Сондай-ақ жеке құрамның бір бөлігі гу­манитарлық жүктерді түсіруге, жағалауды нығайту жұмыстарына тартылды. Оларға Қарағанды қаласында орналасқан 5451 әс­кери бөлімінен 500 жауынгер көмекке келді. Ақтөбе мен Қостанайда су тасқынына қарсы іс-шаралар мен қоғамдық тәртіпті қорғау үшін жеке құрамды тарту жалғасып жатыр. Жергілікті 6655 және 6697 әскери бөлімдері осы мақсаттар үшін 400-ден аса әскери қызметші бөлді.

Еліміздің солтүстік өңірінде де қауіп сейілген жоқ. Петропавлға әскери ака­демияның 400 курсантына және жергілікті Ұлттық ұлан полкінің 200 сарбазына аста­налық сарбаздар көмекке келді. Су тасқыны басталғаннан бері Ұлттық ұланның 3 мыңнан аса жауынгері, 145 автомобиль техникасы және 7 әуе транспорты іске араласты. 1 644 адам эвакуацияланып, инертті материалдары бар 462 мың қапшық дайындалып, тиісті жерлерге төселді және 110 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.