Ауа райы • 17 Сәуір, 2024

Көктем мінезін көрсетіп тұр

32 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таулы өңірлерде бірнеше күн жаңбыр аралас қар жауып, жұртты тағы әбігерге салды. Күршім өңірінде жолды су шайып кетсе, Марқакөл ауданында лай көшкіні жүріп, жолды опырған. Алтай ауданының бірқатар аулында су басу қаупі әлі бар.

Көктем мінезін көрсетіп тұр

Биылғы көктем ел-жұртты әбігерге салып-ақ тұр. Жер-жер­лер­де алдын алу жұмыстарын ақпан айында бастағанымен, тілсіз жау­д­ың қашан, қайдан лап қоярын ешкім дөп басып айта алмаған. Табиғаттың тосын мінезін болжау да оңай емес.

12 сәуірде Марқакөл өңірінде тоқтаусыз жауған жаңбыр мен еріген қар суының салдарынан болса керек, топырақ көшкіні жүріп, күре жол опырылып түскен. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін Теректі – Ұранхай – Төсқайың облыстық маңызы бар жолдың 13 шақырымы, яғни Мәрмәр асуында жол жабылып, ойылған тұсты қайта қалпына келтіру жұмыстары дереу басталған. Бұл үшін полиция қызметкерлері кезекшілік ұйымдастырып, ауыр техникалар 20 метрдей терең шұңқырды толтырумен айналыса бастаған. Әуелде жергілікті билік ойылып түскен жер бір-екі күннің шаруасы емес деген. Абырой болғанда, көптеп көмектеп жүріп екі-үш күн ішінде жолды қайта қалпына келтірді.

«Облыстық маңызы бар жол­дың бойында тау жыныстары опы­рылып құлап кетті. Неше күн жауған жаңбыр мен еріген қардың суы топырақ төсемін ағызып әкеткен. Жол жабылды. Тиісті мамандардан комиссия құ­ры­лып, оқиға орнына жеттік. Зерттеп, жұмысты бастадық. Тех­ни­калардың күшімен, маман­дардың біліктілігімен жол тез арада жөнделді. Айта кетейік, бұл тұста жоласты құбыры болмаған», деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қар­­масының басшысы Нұржан Жұмаділов.

Үш-төрт күнге жол жабыл­ға­ны­мен, жедел жәрдем мен азық-түлік тасымалдайтын көліктер үшін айналма жол қарастырылған. Ал аудан халқы түсіністік танытып, жолға шықпаған.

Бұл күні өзеннен көтерілген су Боран аулына да жайылған. Аудан әкімдігі мамандарының мәліметінше, жұмылдырылған күш тілсіз жаудың бетін бірден қайтарған. Бұл үшін Боран – Зайсан бағы­тындағы күре жолдан су өтке­лі қазылып, қатынас тоқтаған. Осы уақытта шығармашылық жұмыспен Зайсанға барған Боран мектебінің мұғалімдері мен оқушылары үйлеріне қайтып, ауылға кіруге мүмкіндік болмаған. Оны естіген Зайсан ауданы әкімдігі интернат-үйден орын беріп, ыңғайлы жағдай жасаған. Ал Боран аулындағы жағдай – ерекше бақылауда.

Дәл сол күні Күршім ауданын­дағы Қалғұты өзенінің суы арнасынан шығып, қауіп төндірген. Күршім ауданының әкімдігі хабар­­ла­ғандай, су басудың алдын алу үшін облыстық маңызы бар Күр­шім – Ақсуат жолының 23 шақы­рымында жиналған суды өткізуге арналған арна салынды. Жол Аманат, Жолнұсқау және Ақсуат елді мекендерін жалғайды. Аталған елді мекендерде ұзын саны 705 адам тұрады. Қазір олар ауылдарына айналма жолмен қатынап жүр. Жолды қалпына келтіру үшін қажетті материалдар дайындалып, опырылған жерге жеткізіліп жатыр. Ал жол су деңгейі төмен­де­геннен кейін ғана жөнделеді.

Сонымен қатар Алтай ауданына қарасты бірқатар ауылға да қарғын су қауіп төндірген. Абы­рой болғанда, үйді-үйге жайылып, тұрғындардың тынышын ала қойған жоқ. Мамандар күн-түн деместен өзен бойындағы ауылдарды жіті бақылап жүр. Облыс басшылығы да су басу қаупі бар деген ауылдарды өз көзімен көріп қайтқан.

Алтай тау сілемдерінің қары сәуірдің соңына қарай ери бас­тай­тынын ескерсек, арқаны кеңге салуға тым ерте. Таудың тентек өзендері арналарынан асып тасыса, бірқатар ауылға қауіп төндірмей қоймайды. Сол үшін дайындық жұмыстары пысықталып тұруы керек-ақ.

 

Шығыс Қазақстан облысы