Экономика • 18 Сәуір, 2024

Көлік-логистиканы дамытудың жаңа кезеңі

140 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан Еуразия кеңістігінде ең үлкен көлік-логистика хабын құрып, Қытайдан Еуропаға және Орталық Азиядан Батыс елдеріне әлемдік тауар тасымалын жеткізуді үйлестіріп, сонымен қатар құрғақ жол үстіндегі сауда ағынының бұйдасын ұстауға да ұмтылып отыр. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның Инновациялық орталығы осы істі ілгерілетуде үлесін қосып келеді.

Көлік-логистиканы дамытудың жаңа кезеңі

Аталған орталықта ха­лық­ара­лық тасымалды қамтамасыз ете­тін көлік саласына қатысты ірге­лі жобалар іске асырылып жат­қаны аян. Жуырда Иннова­ция­лық орталықта Сиань қала­сын­дағы көлік-логистика орта­лы­ғының ашылу рәсімі өтті. Қазақстан-Қы­тай қатынастары үшін көлік-логистика орталығын ашу аса маңызды. Бұған дейін екі ел арасында Қытайдың Шэньси қаласын біздің елмен, Орталық Азиямен және одан әрі Еуропамен байланыстыратын Сиань құрғақ портында логистика орталығын салу жөнінде уағдаласқан болатын.

Сиань – Қытайдың тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналас­қан қала­сы. ҚХР мен Еуропа Одағы ара­сына қатынайтын кон­тей­нерлік пойыздардың 40 пайы­зына жуығы осы жерден жөнел­тіледі. Ондағы құрғақ порт­та орналасқан Қазақстан тер­миналының жобалық қуаты – жылына 66,5 мың ЖФЭ (жиыр­ма футтық эквивалент). Тер­минал еліміздің тауар экспорттаушылары үшін жаңа өткізу нарығына жол ашады. Оған қоса жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартып, еліміздің Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік туғызады.

 

«Ақылды теміржол» жобасы

«ҚТЖ» ҰК» акционерлік қо­ғамы мен Қытайдың «Huawei» ком­па­ниясы бірлесіп құрған жаңа Инновациялық орталық тура­лы Ұлттық компанияның бас­қар­ма төрағасы Нұрлан Сау­ран­баев аталған орталық «Ақыл­ды теміржол» жобасы негізінде жүзеге асқанын айтты. Сөйтіп, теміржол көлігі жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді таныстырды. Жоба IT және телекоммуникация салаларындағы әлемнің жетекші компанияла­рын тарта отырып, іске асырылып жатыр. Ал қазір «PSA» ком­паниясымен бірлесіп, Транс­каспий бағытында тұтас цифр­лық дәліз әзірлеп, іске қосты. Бұл жүйе уақытты едәуір үнем­дейді, сондай-ақ тасымалдау үде­рі­сін барынша ашық қылады. Сонымен бірге елімізді сауда ағындары үшін тартымды етеді. «Wabtec» компаниясының локомотивтерін тиімді пайдалану жөніндегі қанатқақты жоба да жүзеге асырылып жатыр. Бұл шешіммен, «Big Data», Интернет заттар (IoT) және жасанды интел­лектіні (AI) пайдалана отырып, «Қазақстан теміржолының» ин­фра­­құрылымын, қызметін жаң­ғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Президент те Көлік-логистика және Инновация орталықтарын ашу маңызды екенін атап өткен болатын.

«Бұл – «Бір белдеу – бір жол» жаһандық бастамасы бойынша іске қосылған жоба. Қазақстан ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы біздің елде жариялаған ірі жобаны толық қолдайды. Осы бастаманың арқасында орталықтың құрылысы қысқа мерзімде аяқталды. Мұның барлығы – екі ел арасындағы табыс­ты серіктестік нәтижесі. Бұл жоба Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға жаңа серпін береді. Сондай-ақ Еура­зиядағы сау­да-экономика ынты­мақ­тастығын нығайта түседі деп санаймын. Осы орталықтың сапалы салынуына Қазақстанның және Қытайдың көптеген маманы атсалысты. Мен бүгін баршаңызға ризашылығымды білдіремін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Тасымалдың төте жолы

Жуырда «Бір белдеу – бір жол» бастамасы шеңберінде тран­зитті ұлғайту бойынша стра­те­гия­лық уағдаластықтарға қол жет­ті. Бұл жолы Қытайдың Чун­цин қаласында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Бас­қарма төрағасының логис­ти­ка жөніндегі орынбасары Ер­­лан Қойшыбаев Чунцин қала­сы муниципалитетінің порт­тық логистикалық аймағы мен «Yuxinou (Chongqing) Logistics Co., Ltd.» логистикалық платфор­масының басшыларымен кездесті.

Кездесу барысында «KTZ Express» АҚ және «Yuxinou» Қа­зақ­стан арқылы 200 кон­тейнерлік пойызды ұйымдастыру және жөнелту туралы келісімге қол қойды. Оның ішінде Транскас­пий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) бойынша жүк көлемі 20 мың ЖФЭ-ден асады. Осы жылдың басынан бастап «Yuxinou» және ҚТЖ жеткізу мерзімі орта есеппен 14 күнге дейін Чунцин қаласынан Потиге (Грузия) ТХКБ бойынша бірлескен сервис ұйымдастырды.

Есте болса, жыл басынан бас­тап «ҚТЖ» ҰК» АҚ Сиань, Цзян­су, Бейжің, Чжэнжоу, Чунцин логистикалық платформаларымен Қазақстан аумағы бойынша 3500 транзиттік контейнерлік пойыздарды ұйымдастыру және жөнелту бойынша уағдалас­тық­тарға қол жеткізген еді. Бұл шама­мен 350 мың ЖФЭ-ні құрайды. 2023 жылдың қорытындысы бойын­ша Чунцин халқы 32 млн адам болды, ал ішкі жалпы өнім көлемі 440 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткішпен Чунцин әлемдегі ең ірі қалалардың бірі санала­ды. Мұнда қосылған құны жоға­ры тауарлардың заманауи техно­логиялық өндірістері орналасқан. Чунцин – Қытайдан автомобиль экспорты бойынша көшбас­шы. Өз кезегінде «Yuxinou» – Чунцин қаласының ең үлкен логистикалық платформасы және жылына 2500-ден аса Батыс пен Шығыс пойыздарын жөнелтеді.

 

Келешегі зор үшжақты келісім

Көлік-логистикалық компа­ния­ға айналу міндеті жүктелген «Қа­зақ­стан темір жолы» ұлттық ком­па­ниясы алыс-жақын елдердің бәрімен сала бойынша елге тиімді түрлі келісімшартқа отырып, маңызды меморандумдарды қолға алып жатыр. Таяуда тағы да «ҚТЖ» ҰК» АҚ, Сиань, «Free Trade Port Construction and Operation Co ltd» (ҚХР) және ресейлік «Славтранс-Сервис» акционерлік қоғамы ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды.

Тараптар Қытай – Қазақстан – Ресей импорттық, экспорттық экономикалық және сауда ынты­мақтастығын одан әрі ілгерілетіп, тереңдету үшін «Селятино» (РФ) КЛО-да жаңа көлік-қойма базасын құруға бірлесіп, инвестиция­лау мүмкіндігін қарастыра бас­тады. Сондай-ақ үш тарап та халық­аралық логистикалық дәлізді ны­ғай­ту үшін Сиань – Ала­шаңқай/Қорғас – Селятино желілік тасымалдарын бірлесіп дамытатын болады.

Жаңа меморандум жоғары сапалы логистикалық шешімдерді қам­тамасыз етудегі маңызды қа­дам болатынына үш тарап та се­німді. Өйткені «Славтранс Сер­вис» 2001 жылдан бастап жұ­мыс істейді және теміржол контей­нерлік және қойма логистика­сы саласының көшбасшысы болып есептеледі. Саладағы осынау ауқымды жобалардың атқа­ры­луы мен аймақтағы геосая­си жағдайларға қарап, елдің көлік-логистикалық державаға айналарына сенгіміз келеді.