Саясат • 18 Сәуір, 2024

Цифрлық құрал көп жұмысты жеңілдетеді

53 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған цифрлық құралдар әзірленді.

Цифрлық құрал көп жұмысты жеңілдетеді

Атап айтқанда, әзірленген жү­йелер әрбір өндірістік кәсіп­орын­­ның жұмысын қадаға­лауға, мем­лекеттік органдар тарапы­нан олардың мүдделеріне нұқ­сан келтіру фактілерін онлайн ре­жі­мін­де анықтауға мүмкіндік береді.

Мақсат – ел нарығындағы импорт үлесін төмендету үшін отандық өнімнің дамуына қосымша серпін беру.

Қазақстанның бірқатар өңір­леріндегі су тасқыны жағ­дайын ескере отырып, су тас­қынын моделдеу және су қой­маларының деңгейін болжау жүйесінің прототипі қаралды. Тәжірибелік үлгіні әзірлеу аясында дренажды моделдеу және есептеу алгоритмдері жасалды, бірнеше өзен учаскелерінде пи­лоттық сынақтар жүргізілді. Цифр­лық құрал реттелетін және рет­тел­мейтін дренажды есептеу­ге, сондай-ақ берілген су дең­ге­йін­­дегі су тасқыны аймағын картада көрсетуге мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов ұсынылған цифрлық шешімдерді сараптамалық тал­қылау қорытындысына сәйкес жобаларды мақұлдап, пилот­тық режімде енгізу шараларын бастау­ды тапсырды.

Премьер-министр су тас­қынынан келтірілген залалды өтеуге өтінімдер қабылдау қызметін қысқа мерзімде іске қосуды, сондай-ақ қолда бар бейнебақылау камералары арқылы онлайн режімде су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын есепке алу және бақылау жүргізуді тапсырды.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстанды IT-елге айналдыру үшін стратегиялық маңызды міндет қойды. Дұрыс басқарушылық шешімдерді қабылдау үшін сапалы жедел ақпаратқа қол жеткізіп, жаңа технологияларды қолдану керек. Ұсынылып отырған тәсілдерді экономиканың басқа салалары бойынша кеңейту қажет. Барлық құралдар мен мәліметтер қол­жетімді. Деректер алмасуды және жүйелерді интеграциялауды дұрыс жолға қою керек», деп атап өтті О.Бектенов.

Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Бағдат Мусин­ге деректердің уақтылы жаңарты­луын және цифрлық құралдарды өмір­дің барлық салаларына жедел енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.